- Advertisement -

Біткен іс көп, бітіретін шаруамыз одан да көп

131

- Advertisement -

Өткен жұмада облыстық «Jambyl» телеарнасындағы тікелей эфирде өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің қатысуымен «Әкім сағаты» өтті. Бір жарым сағаттан астам уақыт барысында телеарна журналистері мен тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға облыс әкімі жан-жақты жауап берді. Жалпы, облыс тұрғындары тарапынан тікелей эфир кезінде 33 сұрақ қойылса, экраннан тыс әртүрлі байланыс құралдарынан түскен сұрақтардың саны 500-ден асты.
Тікелей эфир өңір басшысы Асқар Исабекұлына облысқа әкім болып тағайындалған кезде мемлекеттік қызметін қандай міндеттер мен мақсаттардан бастағанын сұраумен ашылды.

Асқар Мырзахметов: – Қандай өңір болмасын оның атқаратын міндеттері мен өзіне белгілі жұмыс көлемі бар. Біз ең алдымен Елбасы Жолдауларынан бастау алатын тапсырмаларды, жобалар мен бағдарламаларды басшылыққа алып жұмыс істейміз және нақты индикаторларды орындауға күш салудамыз. Жалпы бүгінде облыс қызметкерлері атқаратын екі жүзден аса индикаторлар мен міндеттер бар. Ол міндеттердің өз деңгейінде орындалуына барынша күш саламыз.
Биыл аудан және ауыл әкімдерінің жұмысын қадағалау үшін бірқатар индикаторлар енгізілді. Соның ішінде ауыл әкімдеріне жерді түгендеу жұмыстары да тапсырылып отыр. Жер бөлімдерінде мамандар жетіспейді. Ал біздің ауылдық округтердегі әкімдіктерде мыңнан астам бірлік бар. Осы арада соны неге пайдаланбасқа деген сұрақ туындады. Сөйтіп жергілікті жер инспекциялары жер ресурстарын қаншалықты тиімді пайдаланылып отырғанын зерделеуге тырыстық. Сонымен қатар ол жерлердің өңір экономикасына қосып отырған мүмкіншілігін білумен қатар, ауылдық округ әкімдеріне бірқатар міндеттерді қоса жүктеп отырмыз.

Бірінші кезекке ауданның экономикасының көрсеткішін көтеру мәселесін қойдық. Әр аудан әкімі өзі басқарып отырған ауданның экономикасын білуге міндетті. Онда қандай проблема бар, оны қалай көтеруге болады, сондай-ақ, оны өз деңгейінде орындау үшін қандай шешім қабылдау керектігін білуге тиіс.
Осыларды зерделей келе облыс әкімдерінің орынбасарларына өздері қадағалайтын салалар бойынша айына бір мәрте аудандарға шығу туралы тапсырма берілді. Олар аудандарға шығу арқылы ондағы мәселелермен жақынырақ танысып, қадағалайтын болады. Сондай-ақ, облыс әкімінің аппаратына қатысты инспекторлар айына екі рет аудандарға барып халықпен кездесулер өткізеді. Ол кездесулердің кестесі алдын ала бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, уақыты мен өтетін күні көрсетіледі. Міне, біз өз тарапымыздан осындай шешімдерді қабылдап отырмыз.

Жүргізуші: – Әдетте облысқа жаңа басшы келгенде «Аудан әкімдері ауысады екен» деген қаңқу сөздер шығып жататыны белгілі. Бірақ Сіз ол сөздердің барлығын теріске шығардыңыз. Қайта аудан әкімдеріне жұмыс істеуді үйреттіңіз. Жалпы, кадр мәселесіне қалай қарайсыз?

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Ел ішінде қалыптасқан сондай пікірдің бары белгілі. Ауыстыру – мақсат емес. Ең бастысы – жұмыс істеп жатқан кадрлардың әлеуетіне, біліктілігіне қарау керек. Өткен жарты жылдың қорытындысы кезінде бұдан былай жұмыстың осылай болатындығын айтып, ескерттік. Біріншіден, «Судың да сұрауы болады» демекші, біз сұрақ беріп, оны соңынан бақыламайтын болсақ, не болады? Екіншіден, 6 айдың қорытындысы бойынша бірқатар мәселелер талқыланып, қорытындысында жұмысын дұрыс жүргізе алмаған 20-дан астам лауазымды тұлға жұмыстан босатылды. Олардың басым бөлігі – 13-14-і ауыл әкімдері. Жалпы 6 айдың қорытындысында аудан әкімдеріне де жұмыс жүрмейтін болса, кадр мәселесін қайта қарайтынымызды айтқан болатынбыз.

Қордай ауданының тұрғыны: – Аудан аумағындағы Күнбатыс негізгі мектебі апатты жағдайда тұр. Білім ошағын қайта салуға мүмкіндік бар ма?

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Облыста 7 апатты жағдайда деп табылған мектеп бар. Жалпы, апатты мектептерді біз өткен жиындарда қарадық. Алдағы жылы 3 мектептің құрылысын жүргіземіз деп отырмыз. Соның бірі – Қордай ауданындағы Күнбатыс мектебі. Ондағы жағдайды мен жақсы білемін. Бұрнағы жылы ондағы 150 орындық мектеп құрылысы басталып кетер еді. Ол кезде құрылыстың жобалық-сметалық құны қымбат болды. Қателеспесем, 1 млрд. теңгенің көлемінде. Ал оған 300 млн. теңге де жетеді. Алда бюджетті қараған кезде қажет қаржыны шешуге тырысатын боламыз. Бүгінде 2 мектептің жобалық-сметалық құжаты дайындалу үстінде. Елбасы Жолдауында айтқандай, 3 ауысымда оқитын апатты мектептердің мәселесі күн тәртібінен түспейді. Оны біз алдағы уақыттарда шешетін боламыз.

Жүргізуші: Үкімет қаржысын үнемдеу, бөлінген қаражатты тиімді пайдалану бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Бұл бойынша арнайы құжат қабылдадық. Ол құжатта қаржыны қалай тиімді пайдалану туралы барлық жағдайлар қамтылған. Жуалыда 80 орындық мектеп немесе Меркідегі құрылыс, сол сияқты басқа да құрылыс нысандарында артық жоспарланған шаршы метрлердің есебінен облыста 10 миллиард теңге қаражат үнемделді. Бұл істе Елбасының білім нысандарын салуда айтқан ұсыныстары да ескерілуде. Артық жоспарланған шаршы метрлерді қайта қарау нәтижесінде құрылысқа жоспарланған қымбат заттарды құрылыс сапасына зиян келтірмейтіндей басқа құрылыс заттарына ауыстыру сияқты жұмыстарды қолға алу арқылы қол жеткізіп отырмыз. Сол сияқты алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша да бөлінген қаржы 95 миллион теңге болатын болса, дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік пункттердің құрылысын 30-35 миллион теңге көлемінде салуға болады. Осының есебінен де бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысын көбейтуге қол жеткіздік.

Әлеуметтік желі қолданушы: Қаратау, Жаңатас сияқты шағын қалаларда бос, қаңырап тұрған үйлер көп. Сол нысандарды қайта жаңғырту, ел игілігіне беру жоспарда бар ма?

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Мен облысқа әкім болып келгенде бос, қаңырап тұрған үйлердің жағдайына назар аударған едім. Қазір облыста 47 бос тұрған көп қабатты үй бар. Басым көпшілігі Жаңатас пен Қаратау қалаларында. Одан кейін мұндай үйлер Шу мен Қордайда да кездеседі. Бүгінгі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспана мәселесін шешу жолға қойылып келеді. 1 шаршы метрдің құны – 140 мың теңге. Егер біз бос тұрған үйлерді жаңғырту есебінен жөндейтін болсақ, 1 шаршы метрге 65-80 мың теңге жұмсар едік. Яғни ол 70 пайызға арзан. Сол үшін ол үйлерді тезірек жөндеп, мәселені шешуге болады. Бірақ нысандардың барлығы коммуналдық меншікте емес. Олардың қазір иесі жоқ болса да, иесіз деп заң талаптарына сәйкес рәсімдеу керек. Оған уақыт кетеді. Десе де биыл 47 үйдің 9-ын қайта жаңғырттық. 700 пәтер кезекте тұрғандарға берілді. Енді құжаты дайын болған 10 үйді жөндегелі отырмыз. 2020 жылы 15 үй қайта жаңғыртылады. Бүгінгі таңда қалған 38 үйдің жоспарын жасап, жұмыстарды атқарудамыз.

Жүргізуші: – Елбасы Жолдауында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын одан ары қарай ұзартып, оған 30 миллиард теңге қаржы бөлу жөнінде тапсырма берген болатын. Енді, біздің өңірде шағын және орта бизнесті дамыту бағытында қандай шаралар қолға алынады?

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Бұл да облысымыздағы маңызды мәселенің бірі. Бизнесті дамыту бойынша біршама жағдай жасалды деп айтуға болады. Ал шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша несие беруде біздің облысымыз алдыңғы орында. Яғни биыл 6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген болса, алдағы жылы оның көлемін 7 миллиард теңгеге көтеру жоспарлануда. Бүгінде барлық өңірде «Атамекен» және «Даму» кәсіпкерлік ұйымдарының филиалдары жұмыс істейді. Олар азаматтарға бағдарламаның аясында ғана түсінік беріп, қызмет етуде. Біз оның ауқымын кеңейтіп, барлық басқармаларды бір жерге шоғырландырып, қаржы саласының мамандарын қосып, аудан тұрғындарына бір терезе қағидасымен көмек көрсетпекпіз. Барлық аудандарда Ашық есік күндерін өткізіп, кәсіпкерлеге қандай көмек керек екенін анықтап, қаржылық кеңес беріп, кімнің немен айналысқысы келетінін анықтап, дерек қорын құрып, облысқа қажетті кәсіпті ашуға көмек көрсетуді жоспарлаудамыз. Жалпы алғанда, бүгінде облыста шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында жасап жатқан жұмыстар оны дамытуға бағытталуда.

Жүргізуші: – Ауыл-аймақтарды ауызсумен, газбен қамту және медициналық пункттер салу да маңызды. Осы жұмыстарды жедел және төмен бағамен атқару жөнінде мәселе қойғаныңыз есімізде. Олардың бүгінгі таңдағы орындалу барысын атап өтсеңіз.

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Халықтың тұрмыс-тіршілігіне және әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелер қатарына ауызсу, елді мекендерді газдандыру жататындығы белгілі. Біз бұл бойынша талдау жүргіздік. Айталық, ауызсу облыста 377 елді мекенде болса, бұл жалпы 50 пайызды ғана құрап отыр. Бұл мәселе облысымызға Парламент Мәжілісі депутаттарының сапары кезінде де көтерілді. Қалған 50 пайызы су құбыры бола тұра, таза ауызсу іше алмауда. Оның әртүрлі себебі бар. Соның бірі – тариф мәселесі. Кейбір ауылдарда ауызсу 8-12 сағат қана беріліп келеді. Сол 182 елді мекеннің бүгінгі таңда толық талдауы бар. Қай елді мекенге суды 24 сағат бойы жеткізудің кестесі жасалды.
Бүгінде 50 мың тұрғынның суы бола тұра, суға қосыла алмай отырғаны анық. Оны таза ауызсуға қосу үшін не істеу керек? Оның да мәселесін біз айтып отырмыз. Әрбір ауданда өзінің коммуналдық мекемесі бар, оның техникалық базасы әртүрлі. Осыны шешу үшін облыста «Тараз-су» мекемесінен бірыңғай оператор құру мәселесі көтерілді. Сол арқылы кейбір елді мекендегі түйінді тарқатуға мүмкіндік туды. Бұл су құбыры бар елді мекендерге қатысты. Су құбыры жоқ елді мекендерді де талдадық. Олардың саны – 50, халықтың саны – 7 мың. Әр елді мекенде 20-30 үй. Экономикалық тұрғыдан алғанда ол ауылдарға су құбырын тарту тиімсіз. Сондықтан проблеманы шешудің басқа жолдарын қарастырудамыз. Қалған 130 елді мекеннің ауызсу құбырының жобалық құжаттамасын халықтың санына қарай дайындап жатырмыз.
Газдандыруға келетін болсақ, «көгілдір отынмен» қамтылған ауылдар 48 пайызды құрады. Газ құбыры бар елді мекендердің саны 50 пайыздың төңірегінде. Ал газ құбыры бола тұра, көшедегі газды ауласына қымбат болғандықтан кіргізе алмай отырған отбасылар да бар. Ондай халықтың саны – 88 мың. Ал аулаға кіргізу құны – кемінде 150 мың теңге. Бұл мәселені шешу үшін біз арнайы коммуналдық мекемеге лицензия беріп, оның бағасын екі есе арзандаттық. Бүгінде коммуналдық мекеменің ұсынып отырған бағасы – 80 мың теңге. 88 мың тұрғынның 50 мыңын жылдың аяғына дейін газдандырамыз деген жоспар қойған едік. Бүгінгі таңда біз сол уәдеде тұрдық. Енді қалғаны – 38 мың үй. Ол үшін газ стансалары, ШРП-лары керек. 86 елді мекенге жобалық-сметалық құжат жасадық. Тиісті министрліктерге сұраныстар жолданды. Бірден қаржы бөліне қоймас. Келешекте республикадан қажет қаржыны осы газдандыру бойынша алғалы отырмыз. Сол сияқты жергілікті бюджет есебінен де бұл мәселенің түйіні тарқатылады. Әсіресе қалаға жақын, халқы тығыз орналасқан елді мекендерді газдандыру үшін біршама қаржы қарастырылуда. Жоспарға сәйкес бұл жұмыстар атқарылатын болады.

Әлеуметтік желі қолданушы: – Жеке тұрғын үй құрлысын жүргізу үшін жерге кезекке тұрғаныма 13 жыл болды. Тізімде 45 мың адам бар. Ұзын-сонар кезек қашан жылжиды? Біз қашан жер аламыз?

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Бұл да жиі көтерілтін сұрақтардың бірі. Жаңағы кезекте тұрғандар саны 45 мың емес, одан әлде қайда көп. Бірінші, тізімде тұрғандарға қатысты айтқым келетіні, біз тізімде тұрғандарды саралаған кезде біраз сәйкессіздіктер анықталды. Кейбірі арызын берген соң көшіп кеткен. 25 мың адамның мәліметтері және құжаттары толық емес. Бұл Тараз қаласына байланысты көтеріліп отырған сұрақ деп ойлаймын. Бүгінгі таңда қаладағы Асқаров көшесінің соңы, Құмшағал, Қарасу, Қарасай алқаптарында жалпы көлемі 900 гектардан асатын жер телімдері бар. Сол жер телімдеріне инфрақұрылым жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Екіншіден, 1400-дей гектар жер тағы бар. Енді ол жерлерге де инфрақұрлым жүргізу үшін қаржы қарастырылуда. Үшіншіден, 300-ден астам жер телімі заң талаптарына сәйкес емес. Оларды мемлекетке қайтару керек. Осы және өзге де жер телімдерін тұрғын үй салу үшін қарастыруға болады. Біз алдымен инфрақұрылым мәселесін шешуіміз керек. Бұл бағытта жоспар бар, жұмыстар атқарылуда.
Меркі ауданының тұрғыны: – Меркі ауданындағы Ойтал, Ақтоған ауыл тұрғындарын көптен бері толғандырып жүрген мәселе – тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын орындардың ретсіздігі. Біз осы мәселенің қалай шешілетіндігін білгіміз келеді.

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – 6 айдың қорытындысымен аудандарды аралаған кезде біз осы мәселені көтердік. Бұл ауыл әкімдерінің жұмысына қатысты. Басқа-басқа, сол ауылдағы күл-қоқысты тазалатуға болады, әкімдерге. Тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын орындарды салу үшн де облыстағы әр елді мекенге 25-45 миллион теңгенің көлемінде қаралған. Оны әлдеқайда арзан бағамен жасауға болады деп ойлаймын. Ауыл әкімдері комуналдық мекемедегі бір трактормен-ақ осы мәселені шешуге мүмкіндіктері бар.

Жамбыл ауданының тұрғыны: – Президент Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп атауды тапсырды. Өңірде бұл бағытта қандай шаруалар қолға алынбақ?

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: Ең алдымен жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту мақсатында бизнесті көтеруге көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, әкімдіктің Жастар саясаты басқармасының келесі жылы атқаратын жұмысын қайта қарадық. Өткізілетін шараларға қаржыны мақсатты жұмсау жағын сөз еттік. Мақсат – басқармадан тиесілі қаражатты алып қою емес, тиімді жұмсау. Шын мәнінде, жастар сезінетіндей жағдайды жасаумыз керек. Біздің қарауымызға 6 миллион теңгеге еріктілерді ұстау жөнінде ұсыныс түскен болатын. Біз оған мынадай талап қойдық. Волонтерлық қозғалыс Тараз қаласындағы әл-ауқаты, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға барынша көмек көрсетсін. Қыс кезінде көмір жеткізуді, әртүрлі қайырымдылық акцияларын өткізсін, Құрбан айт кезінде осал топтағы азаматтарға ет жеткізуді ұйымдастырсын. Сауда орындарында бір бұрыш ашып, артық киім, тауар болса, сол жерге әкеліп тапсырсын, оны тұрмысы төмен отбасыларға таратсын. Біздің білуімізше, Тараз қаласында 12 мыңдай әл-ауқаты төмен отбасы бар. Солардың бәрін волонтерлар арқылы қамтып көмек көрсете алсақ, үлкен іс атқарған болар едік.

Тараз қаласының тұрғыны: – Қаладағы қоғамдық көліктерді және аялдамаларды жақсартуға, сондай-ақ жол белгілерін орнату бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы айтып өтсеңіз.

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: Тараз қаласының келбетін жаңартуға қатысты жылдың басында біршама жоспарлар айтылды. Бүгінгі таңда олардың біразы орындалып жатқанын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Саябақтар, гүлзарлар, халық демалатын орындар үлкейіп, жаңғыртылуда. Сондай-ақ, қала көшелерін заман талабына сай өзгерту жөнінде де жоспар құрылды. Соған сәйкес 28 көше, 2 даңғылдың жарық шамдарын, бағдаршамдарды, жол белгілерін ауыстыру жұмыстары басталып кетті. Келесі жылы да бұл жұмыстар жалғасатын болады.
Қоғамдық көлікке қатысты мәселе бірнеше рет әкімдікте қаралды. Бұл мәселенің екі жағы бар. Тасымалдаушыларды айыптай беруге де болмайды. Олар бізбен кездескен кезде тариф мәселесін көтеріп отыр. Бүгінгі тарифтің автобустарды толық жаңартуға мүмкіндік бермейтіндігін олар жасырған жоқ. Біз де оларға өз тарапымыздан жолаушылар көп жүретін көшелерге сыйымдылығы жоғары көліктерді қоюды талап еттік. Сондай-ақ, кейбір маршруттарды біріктіру, қала шетіндегі елді мекендерді қоғамдық көлікпен қамту, осының барлығын енді қадағалайтын арнайы басқарма ашылды. Осы басқарма қала әкімдігімен бірге жұмыс істеп, жолаушылар тасымалындағы түйінді тарқатады деп ойлаймын.

Тараз қаласының тұрғыны: – Асқар Исабекұлы, қаланың экологиялық жағдайына байланысты сауалым бар, көліктерден шығатын зиянды қалдықтарды қалай азайтамыз?

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Оны шешуге міндеттіміз. Жақында ғана Үкімет отырысында экология мәселесі қаралды. Мәліметтерді зерделеу кезінде ауаның ластануының 70 пайызы көліктерден шығатын зиянды қалдықтардың есебінен екені анықталды. Енді қоғамдық көлік пен жеке көліктің үлесінің қанша екендігін анықтау үшін облыстық ішкі істер департаментіне сауал жолданды. Газ анализатор қондырғылар алуға қаржы бөлуге біз дайынбыз.

Байзақ ауданының тұрғыны: – Сіз облысымызға әкім болып келгелі көп игі істер атқардыңыз. Халық бағасын берді. Алайда Тараз қаласының іргесінде тұрған Байзақ ауданының тұрғындары әлі күнге дейін көмір жағып, «көгілдір отынның» қызығын көре алмай отыр. Осы мәселені шешуге бола ма?

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Қаланың төңірегін, соның ішінде сіз айтқан Байзақ ауданын газдандыру жұмыстарын бастау үшін келесі жылға жергілікті бюджеттен 1,3 миллиард теңге қаржы қарастырып отырмыз. Яғни келесі жылы 11 елді мекенге «көгілдір отын» жеткізу жұмыстарын бастайтын боламыз.

Жүргізуші: – Барлық нәрсе облыс орталығынан басталады. Жалпы облыс орталығына қарап халықтың әл-ауқатын көруге болады. Халық Сізден әлі де көптеген жағымды жаңалықтарды күтеді. Алдағы жобаларыңызбен бөліссеңіз.

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Шын мәнінде облыс орталығы көркінің маңызды екені түсінікті. Тараз қаласына қатысты көші-қон демографиясында теріс динамикалық көрсеткіш байқалып отырғаны алаңдатады. Тұрғындардың көшуі тіркелуде. Басқа қалаларға тараздықтардың көшуін тоқтату үшін облыс орталығын көркейтуге аса мән бергелі отырмыз. Кім де болса жайлы жерде тұрғысы келеді. Осыған байланысты облыста біраз жобаларды қолға ала бастадық. Бұл жобалар атқарылатын жұмыстың бастамасы ғана. Келесі жылы облыстың 80 жылдығы. Оны атап өтерміз, өтпеспіз, бірақ бірқатар бастаған ірі жобаларды аяқтауға күш саламыз. Бірінші кезекте қаланың орталығын реттеу. Тарихы терең Таразды жүйелі түрде көркейту және жан-жақты көрсете білу үшін жақсы нысандарды көптеп салу қажет. «Шахристан» базары орнына аты айтып тұрғандай, көне Таразды көрсететін шаһристанды салуды, онда бірнеше нысан тұрғызуды қарастырып отырмыз. Облыстық өлкетану мұражайы, көркемсурет, сурет галереясы, қолөнер шеберлері мен руханият орталықтарын салу, жаяу жүргіншілер аллеясын ашу жоспарлануда. Көне Тараз музейі, Қарахан кесенесі осылардың барлығын қоса отырып қаланың ескі тарихи орталығын қалыптастырсақ дейміз. Оған үлкен дайындық жасалып жатыр. Құрылысшыларды Бұхара, Самарханд пен Өзбекстанның басқа қалаларына жіберіп, ортағасырлық сәулет өнерімен танысуына мүмкіндік жасадық. Әрі сол ғимараттарды тұрғызуға пайдаланылған кірпіштерді өзімізде жасасақ деген ниетпен зауыт салғалы отырмыз.

Әлеуметтік желі қолданушысы: – Тараз қаласында ағынды суларды сүзуге арналған тазарту құрылғылары жоқ. Бұған дейін облыс орталығында ағын суды сүзіп-тазалайтын кешен салу туралы мәселе бірнеше рет көтерілген, алайда нәтиже болар емес. Бұл кешен өңірде қашан іске қосылады?

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Иә, рас, осы мәселе біздің өңірде өзекті. Дегенмен бұл жоба өте ауқымды. Соған қарай бюджеттік заңнамаға сүйеніп жүргізуді талап етеді. Сондықтан бізге алдымен техникалық негіздемесін жасап алу қажет. Содан кейін ғана жобалық-сметалық құжатын дайындаймыз. Осыны ескеріп, біз облыстық бюджеттен 35 миллион теңге бөліп отырмыз. Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысына сәйкес осы жоба бойынша «Водоканал-консалтинг, инжиниринг» ЖШС-мен 17,5 миллион теңгеге шарт жасалды. Белгіленген мерзім аяқталып келеді. Келісімге сәйкес аталған серіктестік осы жоба бойынша бізге жақында техникалық негіздемені әзірлеп ұсынады. Осыдан кейін кешеннің құрылысын 2020 жылғы бюджеттік жобаға енгізетін боламыз. Ал бюджетті қайта нақтылау кезінде осы жобаны енгізуге мүмкіндік туса, алдағы уақытта құрылысты бастай береміз.

Әлеуметтік желі қолданушысы: – Шынын айту керек, қазіргі кезде облыс аумағындағы елді мекендерде орналасқан Мәдениет үйлері мен клубтардың қаншалықты тиімді жұмыс істеп отырғаны белгісіз. Ондағы атқарылып жатқан шаруалар ауыз толтырып айтарлықтай емес. Оларды тиімді мақсатқа пайдалану үшін қандай жұмыстарды қолға алу керек?

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Иә, заман өзгеріп жатыр. Кеңестік кезеңде салынған мәдениет ошақтары қазіргі уақыт талабына жауап бере алмай отыр. Ол кездегі көзқарас, жұмысты жүргізу үшін қойылатын міндеттер басқаша болатын. Мәдениет қызметкерлері елді мекендерді аралап, гастрольдік бағдарламаларын көпшілік назарына ұсынатын. Бүгін біз мәдениет үйін салудың талабын өзгертіп отырмыз. Мысалы, ауылға бұрынғыдай үлкен концерттік залы бар зәулім ғимараттың қажеті жоқ. Жылына бір-ақ рет ауқымды шара өткізіп, қалған уақытта жабық тұрса, оның не қажеті бар? Бізге мобильді түрде әртүрлі мақсатта пайдалануға болатын бір қабатты нысан болса жеткілікті. Оның үлкен залын ұйымдастырылатын іс-шараның мәні мен мазмұнына сай жабдықтаса, бір ғана емес, түрлі жиын өткізуге мүмкіндік туады. Ал қалған бөлігіне тұрғындарға кедергісіз қызмет көрсететін ақпараттық орталық орналастыру жағын да қарастырып отырмыз. Бұл – қазір ауылға мәдениет үйі керек емес деген сөз емес, мәселе оны қаңыратып, бос қоймай, тиімді пайдалануда. Клубтармен қатар, ауылдағы кітапхана жұмысын да жандандыру – басты назарда. Яғни кітапханашыларды оқытып, білімін жетілдіру жоспарда бар. Олар тұрғындардың талабына қарай қызмет көрсетуге бейім болуы тиіс. Қазіргі кезде облыста жұмыс істеп тұрған мәдениет нысандарының 32-сі жаңа форматта жұмыс істеуге көшірілді.
Мектеп бітіруші қолына аттестат алғаннан кейін қандай оқу орнына бара алады, қай мамандықтарға сұраныс бар, қайсысы жатақханамен қамтылған. Жас түлек мәдениет үйіндегі ақпараттық орталықтан осы мәліметтерді ала алатындай болуы тиіс. Сондай-ақ ауылдағы шаруа баққан жұрт та шаруашылыққа керекті техниканы қайдан алуға болатынын, жанар-жағармайдың бағасы қанша екенін де бір орталықтан біліп, хабардар болып отырса дейміз.

Жүргізуші: – Әулиеатаның агросаладағы әлеуеті жоғары. Асқар Исабекұлы, бұл саланың қыры мен сыры өзіңізге жақсы таныс. Ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселенің бірі – ағын су екені белгілі. Ал бүгінде Қырғыз Алатауынан бастау алатын трансшекаралық өзендер өңір шаруалары үшін бірде көл, бірде шөл болып тұрғаны шындық. Мұны тез арада түбегейлі шешу оңай соқпас, дегенмен екі ел арасында біздің шаруалар үшін орайы келген қолайлы келісім бола ма?

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Трансшекаралық суларды пайдаланудың өзіндік ережесі, заңнамалары бар. Бұл мәселеде келіссөздер әртүрлі халықаралық конвенцияларға сай жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитетінде де осы түйткілдің шешімін табу үшін тұрақты түрде жиындар өтіп тұрады. Су бөлу мәселесін шешу – негізі тікелей министрліктің құзыретінде. Бірақ біз бәрін министрлікке ысырып қарап отырған жоқпыз. Облыс деңгейінде де түрлі жолдарды қарастырып, комитетте өтетін отырыстарға біздің өңірден арнайы өкілдер қатысуда. Жалпы, екі ел арасындағы келісім өз деңгейінде орындалып та келеді.
Ауыл шаруашылығында ағын су мәселесі өзекті екені белгілі. Сондықтан Қырғыз елінен алатын суға сеніп отыра беруге болмайды. Сол үшін біз өңірдегі басқа да су көздерін қарастырып, сырттан келетін суды тиімді пайдалану жолдарын қайта сараладық. Кезінде қолданылған шағын су қоймалары мен тоғандарды, каналдарды қалпына келтіру туралы арнайы жоспар түзілді. Бұл жұмыстардың барлығы Президенттің еліміздегі суармалы жер көлемін 600 мың гектарға жеткізу туралы тапсырмасына сай атқарылуда. Біздің өңірімізде келесі жылы айналымнан шығып қалған 88,0 мың гектар суармалы алқапты қайта айналымға қосу шаралары жүргізілетін болады. Ол екіжақты займ талаптарына сай жүрсе, облыста бұл міндетті тиімді орындау үшін арнайы мехотряд құрдық.

Талас ауданының тұрғыны: – Сіздің бастамаңызбен өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанынан хабардармыз. Кәсіпкерлік те қанатын кеңге жайып келеді. Алайда осы кәсіпкерлікке кедергі келтіріп отырған бір мәселе бар. Ол – мал ұрлығы. Соңғы жылдарда Сарысу, Талас, Мойынқұм аудандарында мал ұрлығы тыйылмай отыр. Осыған бір тоқтам бола ма?

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Бұл жайт көптеген тұрғындарды алаңдатып отырғаны бізге мәлім. Облыстық қоғамдық кеңес Байзақ ауданына барып, тұрғындармен кездесіп, осы мал ұрлығына қатысты мәселені көшпелі кеңес отырысында талқыға салды. Жалпы, ұрлық-қарлыққа тосқауыл қоятын облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция қызметкерлері екені мәлім. Бірақ біз олардан жұмыс нәтижесін сұрау үшін алдымен тиісті жағдай жасауымыз керек. Өткенде полиция департаментінің келесі жылғы бюджетін қарадық, учаскелік полицейлерді тиісті патрульдік көлікпен қамтамасыз ету үшін 830 миллион теңгедей қаржы қажет екен. Осы қаражат бөлінсе, біз департаменттің көлікке деген сұранысын өтеген болар едік. Бірақ өкінішке қарай бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. Алайда біз соған қарамастан келесі жылға 500 миллион теңге бөліп, әсіресе ауылдық жердегі учаскелік полицейлерді көлікпен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Қажетті 800 миллион теңгенің 500 миллионы бөлініп отырғаны, бұл мәселе біршама шешімін табады деген сөз.
Елді мекендердегі учаскелік полицейлердің 40 пайызы қатынап жұмыс істейтіні айтылған. Ұсақ қылмыстардың орын алып, ұрлықтың дер кезінде ашылмауының бір себебі – полиция қызметкерінің сол ауылда тұрмайтындығынан. Сондықтан, біз нақты тапсырма беріп, талап қойдық. Департамент бастығы маған қазір сол 40 пайыз учаскелік полицейдің қызмет ететін елді мекенге көшіп барып, тұрып жатыр деген мәлімет беріп отыр. Бұл да жұмысты тиімді үйлестіру үшін қажет қадам.
Сонымен қатар мал ұрлығына тосқауыл қою үшін қылмыс жиі орын алатын Байзақ, Сарысу, Талас, Мойынқұм аудандарындағы жолдарға жылжымалы бекеттер құрып, бригада жасақтау туралы тапсырма берілді. Ұрлықты тыюдың жолы – малға арнайы чип орнату. Бірақ арнайы чиптар өте қымбат. Тұрғындардың қалтасы көтере бермейді. Дегенмен министрлікпен бірлесіп, бұл мәселені де қарастырудамыз.

Жүргізуші: – Әңгіме ауаны ауыл шаруашылығы саласына ойысқанда, тағы бір өзекті мәселе – қант қызылшасы шаруашылығын дамыту жайына да тоқтала кетсеңіз. Өңірде қант қызылшасы алқабын ұлғайту жоспарланып отыр ма? Облыста 2 қант зауыты бар, олар толық қуатпен жұмыс істемейді. Мұның себебі неде? Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту бойынша қандай шаралар қабылдануда?

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Қант қызылшасы шаруашылығын дамыту мәселесі біздің өңірде ғана емес, жалпы елде өте өзекті. Өйткені Қазақстанға жылына 450 мың тонна қант өнімдері импортталады. Ал отандық өнім ішкі сұранысты өтей алмайды. Негізі қант қызылшасы Алматы және Жамбыл облыстарында өсіріледі. Ал сұранысты толық қанағаттандыру үшін алқаптарды ұлғайту керек. Биыл жамбылдық шаруалар қант қызылшасы алқабын 2000 гектарға жеткізді. Келесі жылы да осы қарқынды төмендетпеуді жоспарлап отырмыз. Жалпы қант қызылшасы алқабын 10 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарда бар. Ал алдағы 3 жылдың ішіндегі, яғни 2021 жылғы меже – 20 мың гектар. Бұған қол жеткізсек, қант өнімдерін шығаратын зауыттар толық қуатында жұмыс істейтін болады. Қазір біз өндіріс орнын 50 пайыз ғана шикізатпен қамтамасыз етіп отырмыз. Сонымен қатар Шу ауданында жаңа қант қызылшасын өңдейтін зауыт салуға шетелден инвесторлар тартуға күш салып жатырмыз. Егер мұндай өндіріс орны салынса, өнім өндіру көлемі 8 есеге артады. Ондай жағдайда, әрине, біз егістік алқабын 20 мың гектардан ұлғайтатын боламыз. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үшін даму картасы әзірленген. Алдағы уақытта сол карта бойынша жұмыс жүргіземіз.

Қордай ауданы Қалғұтты ауылының тұрғыны: – Ауылымызда медициналық пункт жоқ. Ауыл тұрғындары осы уақытқа дейін Жамбыл ауылдық дәрігерлік амбулаториясына барып қаралуда. Екі ауыл арасында қатынау – ақсақалдар, аяғы ауыр әйелдер, мүгедектер үшін қиын. Біздің ауылға медициналық ғимарат салына ма?

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Біз бастапқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды – медициналық мекемесі жоқ ауылдарды түгендеу жұмысынан бастадық. Қазіргі кезде облыста ондай елді мекендердің саны – 95. Бұл мәселенің шешімі қандай? Бюджет есебінен жылына 9 нысан ғана салынады. Осы қарқынмен жүрсек, әлі бізге 9-10 жыл керек. Ал ауыртпалық тұрғындарға түсіп тұр. Осыны ескере отырып әрі Елбасы Жолдауынан туындаған міндетті орындау үшін биыл бюджет қаражатына салынған тоғызынан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен 30-ға жуық емдеу мекемесінің мәселесін шештік. Оның құны екі есе арзанға түсті. Сондықтан осы механизмді пайдаланып, келесі жылы 40 нысан салуды жоспарлап отырмыз. Осындай жолмен 95 ауылдағы мәселені 2 жылда шешу көзделуде. Соның ішінде Қалғұтты да қамтылатын болады.

Жүргізуші: – Жамбыл – спортшылар мекені. Өңірімізден Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің жеңісті жолын жалғастырған талай-талай топжарған саңлақтар шықты. Елбасы Жолдауда халықты жаппай бұқаралық спортқа тартуды тапсырып, саламатты өмір салтын дамытуға шақырып отыр. Бұл бағытта бізде қандай жұмыстар жүргізіледі?

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Облыстан қазірдің өзінде жас таланттар көптеп шығуда. Олардың есімдері тек елімізге ғана емес, басқа шет мемлекеттерге де белгілі. Бірақ соның көпшілігі тек дәстүрлі екі-үш спорт түрінен жетістікке жетуде. Өңірде басқа спорт түрлері кенжелеп қалған. Сондықтан біз Тараз қаласында екі манеж салғалы отырмыз. Жеңіл атлетика, көркем гимнастикамен шұғылданамын деушілерге осылайша жағдай жасалады. Сонымен қатар Жуалы ауданында Қаралма тау шаңғысы базасы салынуда. Бұл – бір.
Екіншіден, біз білім, денсаулық сақтау салалары сияқты, спорт нысандарына да қатысты саралау жұмыстарын жүргіздік. Соның нәтижесінде қай аудан, ауылға қандай спорт түрінен зал, кешен қажеті анықталды. Соған сәйкес жоспар жасалды. Алдағы уақытта осы бойынша жұмыс жүргізетін боламыз.

Жүргізуші: – Асқар Исабекұлы, Сіз облысқа әкім болып қызметке келгенге дейін көптеген жауапты қызметтер атқардыңыз. Көршілес бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысындағы басшылық қызметіңіз жемісті болды. Сіз үшін ауылы аралас, қойы қоралас екі өңірдің өзіндік айырмашылықтары бар ма? Ұқсастықтары қандай?

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Ұқсастығы бар. Мінез-құлқы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінде айырмашылық жоқ. Ал кәсіпкерлікке икемі жағынан алсақ, жамбылдықтардың көңіліне келмесін, көрші облыстағыдай емес, белсенділік төмендеу. Дегенмен Әулиеата өңірінің азаматтары – берекелі. Қиындыққа шыдамды. Барды бар деп бағалай біледі. Жоққа кінә артпайтын, төзімді. Оңтүстіктің жұртына айтылатын жақсы теңеулердің бәрі жамбылдықтарға айтылған ба, дерсің. Осындай азаматы бар өңірде барлық ойға алған жоспарларды жүзеге асыру жеңіл болады деп ойлаймын.

Қордай ауданының тұрғыны: – Сіз облысқа басшылыққа келгелі көптеген игілікті істер атқарылуда. Облыс бойынша 200-ден аса нысанның іске қосылуы – айтарлықтай жұмыс қой. Соның ішінде біздің Қордай ауданында да бірқатар әлеуметтік нысан ашылды. Алдағы жоспарларыңызды сәтті жүзеге асыру үшін толайым табыс, зор денсаулық тілеймін!

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Бұл – қолға алынған нақты шаралардың нәтижесі. Ал шынтуайтында, атқарылған істен гөрі, атқарылатыны әлі көп.

Әлеуметтік желі арқылы жолданған сауал: – Сіз Шымкент қаласын 5 жылдың ішінде адам танымастай құлпыртып жіберген едіңіз, Тараз қаласын қанша уақытта түбегейлі түрлендіргелі отырсыз?

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Бір мәселенің шешімін табу үшін, уәде бергеннен бұрын, ойға алған істі атқарып, оған тұрғындардың өзі бағасын бергенін қалаймын. Таразды түрлендіруге пәлен жыл немесе ай керек деп алдын ала айтпаймын. Жоспарлы жұмыстарды барынша қысқа мерзімде, тиімді атқаруға өз әріптестеріммен бірге атсалысатыныма күмән жоқ. Орындалған соң, қанша уақыт кеткенін өздеріңіз бағалай жатарсыздар.

Жүргізуші: – Эфирге берілген уақыт мәресіне жетті. Сізбен жылдар тоғысында жүздесіп отырғанымызға қуаныштымыз. Асқар Исабекұлы, өңірді көркейту жолындағы бастамаларыңыздың сәтті жүзеге асуын тілейміз.

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: – Рахмет, Сіздерге де табыс тілеймін! Келе жатқан Жаңа жыл баршамызға құтты, берекелі болсын!

«jambyl» телеарнасындағы
«Әкім сағаты»
бағдарламасынан әзірлеген
Ардақ Үсейінова,
Марат Құлибаев.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support