- Advertisement -

Әртараптандыруға басымдық берілуде

94

- Advertisement -

Қазақстан – жері ұлан-байтақ, аграрлық әлеуеті орасан мемлекет. Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйвері болу керек деген міндет қойып келеді. Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек» деп ерекше атап көрсетті. Бүгінгі таңда бұған қол жеткізудің бірегей жолы – саланы әртараптандыру болып табылады. Бұл бағытта облысымызда, оның ішінде Меркі ауданында ауыз толтырып айтарлықтай шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Аудандағы агроқұрылымдар өндіріске озық технологияларды кеңінен енгізіп, нарықта өтімтал әрі көп табыс түсіретін дақылдарды өсіруге басымдық беруде. Алма, қызылша және майлы дақыл өсірушілер қыруар пайдаға кенелуде. Осындай іргелі ізденістердің нәтижесінде ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру жыл сайын тұрақты артып келеді.

Мәселен, ауданда 2016 жылы жалпы 21 миллиард 241 миллион, 2017 жылы 24 миллиард 123 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 25,5 миллиард теңгені құрайды деп күтілуде. Меркіліктер негізінен егін және мал өсірумен шұғылданады. Кейінгі кезде бау-бақша дақылдарын өсіруге ерекше көңіл бөлінуде.
«Бар байлықтың басы – нан» демекші, астыққа деген сұраныс та ежелден ешуақытта бәсеңдеген емес. Еліміздің, оның ішінде облысымыздың ақ егіс өсіруде мол тәжірибесі бар. Әйтсе де біз осыған дейін қол жеткен түсімді ғана қанағат тұтып келдік. Нарық заңы – қатал. Ол аз шығын жұмсап, мол өнім алуды талап етеді. Қазір ауданда 6 агроқұрылым Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтымен тығыз байланыста жұмыс істеп, репродукциялы тұқым өсіруді қолға алуда. Біраз жыл бұрын «Сыпатай батыр» ЖШС-ында элиталы тұқым шаруашылығы құрылған болатын.
Серіктестік Алматыдағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтымен тығыз байланыста жұмыс істеп, өнімділігі жоғары сұрыптарды өсіруде. Өндірілген өнім тұқымдыққа аудан мен облыс аумағындағы агроқұрылымдарға өткерілуде. Мұның өзі агротехникалық шаралар қатаң сақталған жағдайда өнімділікті бірнеше есе арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Ал «Сыпатай батыр» биыл жаңа сұрыптар себілген бірқатар алқаптардың әр гектарынан 70 центнерден дән жинады. Қазір серіктестік егістіктің әр гектарының өнімділігін 90 центнерге жеткізу үшін іргелі ізденістер жасауда.
Табысты дақылдың бірі – қант қызылшасы. Ауданда ол осыдан 22 жыл бұрын 3600 гектар алқапқа орналастырылған екен. Меркілік диқандар оны қазір де көп өсіруге құлшынып отыр. Су тапшылығына қарамастан техникалық дақыл биыл 2006 гектар алқапқа орналастырылған. Егіншілер агротехникалық шараларды қатаң сақтайды. Күзде сүдігер көтереді, көктемде тұқымды ерте себеді. Өсімдікті минералдық тыңайтқышпен қоректендіру, суару жұмыстары мүлтіксіз орындалады. Соның нәтижесінде «Меркі» қант зауытына биыл облыс агроқұрылымдарынан өткізілген 97 мың тонна қызылшаның 47 мың тоннасы меркіліктердің үлесінде. Оны өсіруде озық технологияларды кеңінен енгізетін «Транспер» шаруа қожалығы мен «Сыпатай батыр» ЖШС бірқатар алқаптардан 1000 центнерден өнім жинаған. Бір гектардан осындай өнім алынса, диқан оны өткеруден 1,5 миллион теңге табыс табады.
– Елімізде өсірілетін алма қазақстандықтардың оған деген қажеттілігін 60 пайызға ғана қанағаттандырады екен. Сондықтан да Елбасы оңтүстік өңірлерде жеміс-көкөніс кластерін құруды міндеттеп отырғаны белгілі. Меркі – алма бақ өсіруге аса қолайлы өңір. Оны өсіріп, күте білсең, табысы көл-көсір. Жеміс-көкөніс өсірушілерге мемлекет те үлкен қолдау, көмек көрсетуде. Ауданда 2014 жылға дейін 209 гектар алма бағы болса, биыл оның көлемі 586 гектарға жеткен. Кейінгі кезде жеміс көшеттері жыл сайын жаңа технологиямен 50-100 гектар алқапқа дейін орналастырылуда, – дейді аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков.
Ауданда алма көшеттерін өсіретін төрт көшетбақ бар. Бүгінде олардың өнімдері республика аумағына өткерілуде. «Жасыл белес» шаруа қожалығы өткен жылы қарамағындағы 2 гектар баудың әр гектарынан 75 тоннадан алма жинаған. Демек, осындай өнім өсірген бағбан әр гектардан мемлекеттен берілетін субсидияны қосқанда өткерген өнімінен 50-60 миллион теңге табысқа қол жеткізеді. Ал жүздеген, мыңдаған гектар алқапқа дәнді дақыл еккендер оның әр гектарынан 50-60 мың теңге ғана табады. Біздің өңірде жеміс өсірудің аса тиімді екенін осы деректер-ақ айқын айғақтап тұрған жоқ па? Әлбетте, ол үшін өнім сақтайтын қоймалар керек. Алма қыста және көктемде қымбат бағаға өткеріледі. Меркідегі бағбандар қазір жаппай шағын және ірі қоймалар салуды қолға алуда.
Меркі – тау бөктеріне орналасқан, ауасы таза, суы тұнық курортты өңір. Экологиялық жағынан таза, дәмі тіл үйіретін осы жердің жемісіне сұраныс қашанда жоғары. Аудан басшысы М.Өмірбеков «келешекте алма бақтың аумағын 3-4 мың гектарға жеткізсек» деген арман-мақсаттары бар екенін айтады. Игі істің басы ниеттен басталады. Сонда олардың алмасына облыс, республика ғана емес, шетелдерден де тапсырыс түсер еді. Мұның өзі ірі нарықты жаулап, экспорттық әлеуетті арттыруға кең жол ашады. Осынау ғаламат жоба жүзеге асырылса, бағбандардың қаржылық жағдайы жақсарады әрі мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылады. Меркі – нағыз құнарға бай жемістің отанына айналады. Республикада Елбасы тапсырмасын орындауда ең ірі қадам жасалады.
Ауданда егін шаруашылығын қарқынды дамытуға кедергі келтіретін жайлар да аз емес. Солардың бірі – ағын су тапшылығы. Осыдан 20 жыл бұрын аудан аумағына өсімдіктердің өсіп-өну кезінде секундына 28 текше метр су келген екен. Оның 8 текше метрі Қырғызстанның үлесінде болатын. Қазір түрлі себептерге байланысты ол жақтан жазда бір-ақ текше метр су берілуде. Бұрын 80 ұңғы жұмыс істеп, секундына 4,5 текше метр су шығарған. Қазір олар жұмысын тоқтатыпты. Меркі және Аспара өзендерінен осыған дейін ағатын 5-6 текше метр су қазір бірнеше есеге азайып кеткен. Соның салдарынан жазда қант қызылшасы алқаптарына секундына 3-ақ текше метр су берілген. Басқа дақылдарды өсіру үшін мол су керек. Тығырықтан шығудың бір жолы – су қоймаларын салу.
Қазір ауданда 20 мың гектар суармалы егістік бар. Оларды қажетті ылғалмен қамту үшін Андас және Жаңатоған елді мекендерінің, Ойранды мен Тескентоған өзендерінің аралығында төрт су бөгендері салынады. Құрылысы жүргізілетін нысандардың құжаттары тиісті мекемелерге жіберілген. Олар бөгендер орналасатын жердің топырағын зерттеген соң қорытындысын беретін болады. Жобаларды жүзеге асыруға содан кейін ғана қаржы бөлінбек. Кейінгі кезде тапшылыққа байланысты ағын су негізінен оны үнемдеу технологияларымен жұмыс істейтіндерге берілуде. Ауданда 2017 жылы 800 гектар алқапқа жаңбырлату және тамшылатып суару әдісі қолданылса, биыл бұл көрсеткіш 2000 гектарды құрады.
Елбасы барлық саланы цифрландыру жүйесіне көшіруді міндеттеп отыр. осыған байланысты елімізде егістіктің электронды картасы жасалуда. Бұл жүйе енгізілген кезде шаруаның барлық жұмысы ғарыштан жерсерігі арқылы қадағаланып отырады. Енді егінші иелігіндегі жерге «сүдігер көтердім, тұқым септім, шықпай қалды» деп ешкімді алдай алмайды. Егістіктің электронды картасын жасамағандарға енді мемлекет тарапынан субсидия да берілмейді. Әлбетте, бұл – мемлекет үшін де, егінші үшін де тиімді. Меркіліктер бұл істе де белсенділік танытуда. Қазір ауданда егістіктің электронды картасын жасау аяқталып келеді.
Әртараптандыру дегеніміз – өңдеу өнеркәсібін өркендету. Меркіде бұл мәселе де дұрыс жолға қойылып келеді. Қазір мұнда ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейтін 11 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Меркі қант зауыты қыруар қаржыға өндірістік желілерін жаңартты. Меркі ірімшік зауыты қайта жарақтандырудан өткізіледі. Спирт шығаратын «Алкопищепром» кәсіпорны қайта іске қосылмақ. Балық өңдейтін зауыт жұмыс істеп тұр. Сүт өңдейтін бірнеше шағын цех ашылды. Ауданда 6 кірпіш зауыты бар, оның екеуі жаңа технологиямен жұмыс істейді. Бірқатар кәсіпкерлер мақсары және пісте майларын шығаратын зауыттар салуға әрекет жасауда. Балықтың «Форель» деген түрін өсіруге ниет етіп жүрген азаматтар да бар. Шағын мұнай өңдеу зауыты іске қосылатын күн алыс емес.
Мал шаруашылығында жүзеге асырылып жатқан игілікті шаруалар көп. Меркі ет комбинаты өткен жылы Иран мемлекетіне 213 тонна ет экспорттаған. Биыл оның көлемін 1000 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Комбинат өнімі келешекте басқа мемлекеттерге де экспортталады. Әрқайсысында үш мың басқа арналған екі ірі қара малын бордақылау алаңы бар. Ақермен ауылдық округі аумағында «Агростан» ЖШС 10 мың ірі қараға арналған ірі кешеннің құрылысын жүргізуде. Ол келесі жылы іске қосылады. Мал басын көбейту және өнімділігін арттырудың бірден-бір жолы оның тұқымын асылдандыру болып табылады. Бұл бағытта да ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Ауданда ет бағытындағы қазақтың «Ақбас» тұқымды мүйізді ірі қара малын өсіретін 6 агроқұрылым бар. Кейінгі кезде ірі қара өсірушілер малды қолдан ұрықтандыруды қолға алуда.
«Талдыбұлақ», «Бахор» және «Нарт» шаруа қожалықтары аналық малды толықтай қолмен ұрықтандырады. «Бахор» ШҚ-ның Ресейден әкелген асыл тұқымды сиырлары жергіліктілердегіден сүтті 2-3 есе көп береді. «Талдыбұлақ» және «Бахордың» базаларында семинарлар өткізіліп, олардың тәжірибелері өзгелерге таратылған. Осындай іргелі ізденістердің нәтижесінде ауданда мал басымен қатар өнімділігі де тұрақты өсіп келеді.
Кез келген жобаны жүзеге асыру, жұмысты жүргізу үшін әлбетте, әуелі қаржы керек. Ауданға өткен жылы түрлі қаржы көздерінен 8 миллиард теңге инвестиция тартылған. Үстіміздегі жылы оны 9 миллиард теңгеге жеткізу көзделуде. Мұның өзі өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға зор септігін тигізері сөзсіз.

 

Ақылжан МАМЫТ

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support