Өңір өркендеу жолында

Өңір өркендеу жолында
ашық дереккөз
Өңір өркендеу жолында

Тәуелсіз мемлекетіміздің экономикасы өсіп, дамудың көшіне қадам басқалы әр аймақтардағы ауылдардың әлеуеті артып келеді. Егемен елмен бірге жаңарып, жыл өткен сайын жаңаша сипатқа ие болып келе жатқан ауылдың бірегейі Тұрар Рысқұлов ауданы Тереңөзек ауылдық округі дер едім. Бүгінде округке қарасты Тереңөзек, Көкарық, Шолаққайыңды елді мекендерінде 600-ге жуық отбасы тұрады. Барлығы дерлік бақуатты демесек те көбінің әлеуметтік тұрмыс деңгейі жақсы деуге толық негіз бар. Кез келген ауылдағы өзекті мәселелердің ішіндегі ең маңыздысы – әуелі ауызсу, газ жүйесі мен электр жарығы. Осы үш негізгі мәселе толығымен шешілген жағдайда ғана ауыл халқының көңілі жайдары болатыны белгілі. Тереңөзек пен Көкарық ауылдарына «көгілдір отын» әлдеқашан тартылған. Қазір қос ауылдың тұрғындары көмірді емес «көгілдір отынды» тұтынады, тек Шолаққайыңдыға газ әлі кіре қойған жоқ. Дегенмен алдағы жылдары бұл мәселе өз шешімін табатынына сенімдіміз. Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша үш ауылға ауызсу жүйесі жүргізіліп, пайдалануға берілген. 2015 жылы Тереңөзек ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды. Үстіміздегі жылы 70 отбасын құрайтын Шолаққайыңды елді мекенінде фельдшерлік пункт бой көтеріп, жыл соңында пайдалануға берілу жоспарланып отыр. Орталықта «Асқар тау» тойханасы, техникалық қызмет көрсету орталығы, дәріхана, Қазпошта, монша, сауда дүкендері, сол сияқты мәдениет үйі, екі ауылдық клуб ауыл тұрғындарына тұрақты түрде қызмет етіп келеді. Ауыл қариясы Елдос Омаров ағамыз бастап, өзге тұрғындар қостап, тереңөзектіктер қор құрған болатын. Ондағы басты мақсаты – қол қусырып қарап отырмай, туған жеріміздің гүлденуіне өз үлесімізді қоссақ деген ниет. Көздеген мақсатымыздың алғашқы жемісін көріп те үлгерген жағдайымыз бар. Қорға жиналған қаржыға Ұлы Отан соғысы, тыл және еңбек ардагерлеріне, аудан, облыс, республика көлемінде жауапты қызмет атқарған лауазымды тұлғалар құрметіне аллея ашылып, мәрмәр тасқа олардың аты-жөндері жазылды. Осылайша тұғырлы тұлғалар алдында жергілікті тұрғындар азаматтық парызын өтеп, игі іс тындырды. Мәселен, облыстық ішкі істер басқармасын бірнеше жыл басқарған генерал Базыл Қыпшақбаев, Шу, Т.Рысқұлов аудандарының Құрметті азаматы Халел Бейсеев, полковник Талғат Жүнісқадыров, Қазақ темір жол транспорты және коммуникациялар академиясының профессоры Еркін Жайлаубеков, белгілі композитор Нұрлан Байгөзов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижановты тереңөзектіктер әркез құрметтеп, олардың жүріп өткен еңбек жолын өскелең ұрпаққа насихаттап, мақтан тұтып отырады. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының түлегі Мұхтарбек Мұсаев он жылдан бері ауыл әкімі қызметін мінсіз атқарып, тұрғындардың әлеуметтік тұрмыс жағдайларына, аз қамтылған отбасы мүшелеріне барынша көмек жәрдемін беруді басты назарда ұстайды. Дана қазақта «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген ұлағатты сөз бар. Дәл осы бабалар өсиетін Тереңөзек ауылдық округінің әкімі өзінің өмірлік ұстанымына балайды.

Бейбіт БАЙСАРИЕВ.

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар