- Advertisement -

Ақынын ардақтаған ел азбайды

161

- Advertisement -

Адамзат үшін рухани құндылықтар, оның ішінде көркем шығарманың алатын орны ерекше. Жан дүниеміздің рухани бай болуына жазушы мен ақын еңбегінің берері мол. Қасиетті Әулиеата топырағы әдебиеттің талантты өкілдеріне кенде болған емес. Солардың бірі – ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының иегері Рафаэль Ниязбек. Бір кездері Талас ауданынан 62 Социалистік Еңбек Ері шықса, Таластың Амангелді деп аталатын, 60 үйден тұратын бір ғана шағын ауылынан 40 ақын-жазушы шыққаны аңыз боп айтылады. Сол жұлдызды шоғырдың басында Рафаэль ақын тұр.
Ақынның 75 жылдық мерейтойына арналған «Жүрегімде ғасырлардың салмағы» атты шығармашылық кеш облыстық қазақ драма театрында өтті. Рухани шара елімізге есімі белгілі айтыскер ақын Шорабек Айдаровтың арнауымен ашылды. Рафаэльдің қазақтың біртуар перзенті Қонаевқа, батыр Махамбет Өтемісұлына, Елбасының ел дамуы жолындағы өлшеусіз еңбектеріне жеке-жеке кітап арнағаны айтыскер ақын жырының арқауы болды. Мұнан соң ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып мінберге көтеріліп, Рафаэль Ниязбек шығармашылығы жөнінде баяндама жасады. Ол мерейтой иесінің «Қазақ» радиосында, «Жұлдыз» журналында жемісті еңбек еткенін айта келіп, «Келер күндер», «Махамбет майданы», «Айбозым менің» және Шешенстан халқының ерлік рухы жайлы жазған поэзиялық, «Отағасы», «Қаңтар», «Қызыл үй», «Тасқұдай» атты прозалық кітаптарының мәні мен мазмұнына терең тоқталды. Баяндамада аталып өткендей, Рафаэльдің: «Қазақ деген сексеуіл емес пе, айтшы, өзіне-өзін ұрып сындыратын» немесе «Бес жыл жазған кітабың – қысқа қоныш бір етік», «Тірісінде у ішкен жатыр Абай, өлген соң да атомның уын жұтып» деген жолдарынан-ақ оның ақындық қуаты айқын көрінетінін жеткізді. Баяндамашы Б.Жақып ақынның «Қара базар», «Жетім бұрыш» атты өлеңдеріне терең тоқталып, талдады.
Кейіннен Бауыржан Жақып ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет­тің құттықтау хаттарын оқып берді.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің құттықтауы мен сәлемін облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жеткізді. Бекболат Серікбекұлы өз сөзінде Рафаэль ақынның рухани кемелдігіне, ақиқатты ашып айтқан батырлығына тоқталып, ұзақ ғұмыр тілеп, облыс әкімінің атынан мерейтой иесіне автокөлік сыйлап, иығына зерлі шапан жапты.
Кейіннен ғалым Жанғара Дәдебаев, республикалық «Аталар сөзі» газетінің бас редакторы Ерназар Пернеев, Халықаралық «Қонаев қорының» Алматы қаласындағы өкілі Нұрлан Балғынбаев, облыстық шешен-ингуш мәдени бірлестігінің төрағасы Рамазан Могомедов ақынның ұлағатты өмірі мен өміршең шығармашылығы жөнінде толғана сыр шертті. Мерейтой иесіне Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың да құттықтау хаты табыс етілді. Шара барысында ақын Шырын Мамасерікова, жас ақын Елдар Боранбек кеш иесіне әсерлі жыр жолдарын арнады. Сондай-ақ Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілері, мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Маралбек Бабақұлов, Ғани Мәтебаев әуелете ән салды.
Өз кезегінде ақын Рафаэль Ниязбек қашанда шабыттандырып жүретін жерлес­теріне, облыс әкімі Асқар Исабекұлына, барша зиялы қауымға алғысын білдірді. Сахнаға облыс әкімі А.Мырзахметовтің атынан ықылас гүлі әкелінді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support