Бизнесті қолдау мен оған бөлінетін қаржы арт ты

166

Мәріпбек ШӘКЕРБЕК,
облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жуырдағы Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері мен қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру жөніндегі міндеттерді айқындай келіп, экономиканың күре тамыры – бизнес екенін атап көрсетті және осы саланы жақсарту, елімізде салауатты бизнестік ахуал қалыптастыру, бизнестің қаржыға қолжетімділігін арттыру қажеттігіне ерекше назар аударды.
Жолдауда бизнес үшін салықтық рақымшылық жасау ұсынылған. Яғни кәсіпкерлік субъектілерінің бүгінгі күнге дейін төленбеген айыппұлдары болса, олардың барлығы да кешіріледі. Сондай-ақ Үкіметке алдағы үш жылда экономикадағы көлеңкелі айналымды кемінде 40 пайызға қысқарту бойынша пәрменді шаралар қабылдау тапсырылды. Бизнес үшін бұлар – үлкен жеңілдіктер. Осы арқылы кәсіпкер өз жұмысын «таза парақтан» бастап, жаңашылдықпен ілгерілетуге мүмкіндік алады. Кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын басты талап – салық төлемдерін уақытында төлеп, ел экономикасының дамуына үлес қосу.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысы «Бизнестің жол картасы–2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзартуды тапсырды. Жүзеге асырылуы барысында тиімділігін көрсеткен бағдарламаға ендігі жерде жыл сайын 30 миллиард теңге қосымша қаржы бөлінетін болады.
Бизнесті қолдау бағдарламасы облысымызда да мыңдаған қосымша жұмыс орнын ашуға септеседі деген сенімдеміз. Өңіріміздің барлық аудандарында, Шу және Жаңатас, Қаратау моноқалаларында кәсіпкерлерді ақпараттық қамтамасыз ету үшін «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін кәсіпкерлікті қолдау орталықтары дәл осы бағдарлама шеңберінде іске қосылған болатын. Орталықтар тарапынан 2015 жылдан бері кәсіпкерлерге бухгалтерлік, маркетингтік, IT, мемлекеттік сатып алу, құқықтық және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік салаларында 72 943 тегін кеңес берілді. Сонымен қатар биыл палатаның сүйемелдеуінде болған 303 жобаның 77-сі қаржылай қолдау тауып, бағдарламаның шапағатын көрді. Олардың қатарында «Рола Ян» кәсіпорны, «Дәмді себет» дүкендер желісі, «Бай-Алғабас» ӘКК-нің ірі жобалары бар.
Жолдаудағы «Тауарлардың импорты аз мемлекет – тәуелсіз мемлекет» деген тұжырыммен де толық келісеміз. Елбасы бұл тұрғыда импортты алмастыру жөніндегі жұмысты күшейтуге және экспорттаушыларды қолдауға, «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға баса назар аудару қажет екенін ерекше атап көрсетті. Негізгі мақсат – импортты азайтып, экспортты ұлғайту.
Бүгінде өңдеуші өнеркәсіп пен өндіріс салалары жеңілдетілген қолжетімді қаржыға мұқтаж. Осыған орай, Ұлттық Банкке 600 миллиард теңгеден кем емес сомаға мерзімінен бұрын теңгелік өтімділік беру ісі жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте Мемлекет басшысы ұзақ мерзімге жеңілдетілген несие беруге болатын өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының тізімін жасауды да тапсырды. Оған өнімін экспортқа шығаратын компаниялар, өңдеу өнеркәсібі, өндірістік кәсіпорындар енгізілмек. Бұл тізімді «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы мен Үкімет бірлесе жасайды. Осы тұрғыда айта кету керек, биыл «Атамекен» ҚР ҰКП өңдеу өнеркәсібінің 8 саласы бойынша 2 мыңнан астам кәсіпорынға паспорттау жүргізген болатын. Зерттеу-зерделеу жұмыстарының нәтижесі айналымдағы қор қаражатының жетіспеушілігі кəсіпорындар үшін өнім өткізу, шикізат тапшылығы басты мәселе болып отырғанын көрсетіп берді.
Естеріңізде болса, Астана қаласында, Ұлттық палата алаңында облысымызда тұңғыш рет кәсіпорындарға жүргізілген паспорттау ісінің қорытындысы таныстырылуы кезінде өңіріміздің әлеуетіне «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры», «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі», «Бәйтерек Ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамдары және «АЛМЭКС» холдингтік тобы сынды мемлекеттік қаржылай қолдау институттары тарапынан қызығушылық танытылған болатын. Нәтижесінде 2018 жылы 16 мамырда Жамбыл облысы әкімдігі, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Атамекен» ҚР ҰКП арасында «Жамбыл облысының өнеркәсіптік кәсіпорындарын қолдау бойынша өзара ынтымақтастық туралы» келісім жасалды.
Жалпы облысымыз өнеркәсібін бүгінгі таңда нақты жұмыс істеп тұрған 596 кәсіпорын құрайды. Оның ішінде 422-сі – өңдеу секторы бойынша тіркелген. Олардың 288-і Тараз қаласында, 134-і аудандарда орналасқан. Зерделеу нәтижесінде 88 кәсіпорынға айналым және негізгі қорларын толықтыруға қаржылай қолдау, сондай-ақ жер учаскелерін алуға, өнімдерін өткізуге жәрдемдесу, шикізат пен білікті кадрлармен қамтамасыз ету, тұрақты жұмыс істеуі үшін мемлекеттік қолдаудың өзге де шараларына бағытталған қаржылай емес қолдау қажеттігі анықталды. Осыған байланысты кәсіпорындарды қолдаудың «Жол картасы» әзірленді.
Елбасының «Сауда саясатында селқостық болмауы тиіс. Оған тауарларымызды өңірлік және әлемдік нарықта ілгерілететін белсенді сипат беру керек» деп атап көрсеткеніндей, облыста жаһандық нарықта бәсекелестікке төтеп бере алатын тауарлар түрі көбейіп келеді. Бұл тауар өндірушілердің сапа үздігін анықтайтын жыл сайынғы дәстүрлі байқаулары кезінде айқын байқалуда. Мәселен, «Novаcom Technology» ЖШС ірі ұйымдардың келушілермен жұмысын жеңілдету мақсатында электрондық кезек жүйесін енгізуде. Сондай-ақ ол төлем терминалдары мен ақпараттық дүңгіршектер шығарумен де айналысады. Яғни бұған дейін жұмыс істеу тетігі мен құрылысы бізге беймәлім болып келген терминалдар енді Тараз қаласының өзінде жасалып жатыр. Сабын, шоколад сияқты күнделікті тұтыну заттары да жамбылдық брендпен шығуда.
Жолдауда «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарды қолдау керектігі баса айтылғаны белгілі. Бұл орайда аймағымыздың жеңіл өнеркәсіп саласында едәуір сілкініс бар. Жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне деген сұраныс азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орында тұр.
«Жалпы, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Қазір еңбек күшін «ақылды технологиялар» алмастырып жатқан заман. Елбасы да агробизнесте тың әдістерді пайдаланып, агротехникалық базаны нығайтудың маңыздылығын ұдайы еске салумен келеді. Елімізде бұл ретте де айтарлықтай ізденістер мен ілгерілеулер бар. Соңғы жылдары Қазақстанда қант қызылшасы қайта қолға алынып, мемлекет келісіне 12 теңгеден субсидия төлеуде. Мемлекет басшысы қыс ерте түсіп, жаз кеш шығатын еліміздің солтүстік өңірлерінің өзінде істің көзін тауып, рекордтық өнім алып отырған шаруаларды мысалға келтіре отырып, қырық сылтау іздегенше, мәселені түбегейлі шешу жолдарын табу керектігін қадап айтты. Аграрлы өлке әрі қос бірдей қант зауыты бар Жамбыл облысы үшін қант қызылшасын егуді қолға алу қиындық туғызбайды деп ойлаймын. Оның жарқын дәлелі – Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» шаруа қожалығында озық технология мен тыңайтқыштар тиімді қолданылуының арқасында биыл тәтті түбірдің әр гектарынан 1000 центнерден өнім жиналды.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына кезекті Жолдауы ел өмірінің барлық саласын, соның ішінде кәсіпкерлік саласын да одан әрі дамытудың жаңа бағдарламасы деуге болады. Ел Президенті алға қойған осынау асқаралы міндеттерді орындау – Үкімет пен бизнес үшін де ортақ іс деп санаймыз.

Comments are closed.