ТарМПУ студенттері Қытайда білім алады

328

Жақында «Тарих және әлеуметтік педагогика» факультеті және «Қазақстан тарихы» кафедрасы, білім берудегі инновация және халықаралық ынтымақтастық орталығының басшылары бастаған делегация Ланьчжоудағы Солтүстiк-Батыс педагогикалық университетінде өткен «Бір белдеу – бір жол» атты ІІ халықаралық ынтымақтастық форумына қатысып келген болатын. Осы шарада маған «Бір белдеу – бір жол» бастамасы және оның жүзеге асырылуындағы жоғары білімнің рөлі» тақырыбында баяндама жасауға мүмкіндік туды. Ал әріптесім, кафедра меңгерушісі Сейілхан Тоқболат «Ұлы Жібек жолының інжу-маржаны», яғни Тараз қаласының тарихы, орталық қызметкері Альвира Аширова «Қазақстандағы дүнгендердің тіл мәдениеті» туралы зерттеулерін көпшілік назарына ұсынды. Бұл форумда, сондай-ақ Ресейдің, Қырғызстанның, Грекияның ғалымдары мен Орталық Азия саласын зерттеп жүрген Қытайдың жетекші ғалымдары бас қосты. Келесі ІІІ халықаралық форум Қазақстанда, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің базасында өтеді деп жоспарланып отыр.
Қытайға барған сапарымызда Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті мен Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс педагогикалық университетімен ортақ ғылыми жобалар жасау үшін келіссөз жүргізіліп, қос дипломды білім беру бойынша өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Негізі екі елдің үкіметаралық келісімдері негізінде жыл сайын екі елдің студенттеріне Қазақстан мен Қытайда қысқа мерзімде білімін шыңдауға мүмкіндік жасалатын. Енді, міне, Қытайға «Болашақ» президенттік бағдарламасы арқылы біздің студенттер де білім алуға жіберілетін болды.
Жалпы, жартығасырлық тарихы бар, оңтүстік өңірдегі «ұстаздар ұстаханасы» саналатын Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде халықаралық байланыс жақсы жолға қойылған. Ондағы мақсат – ынтымақтастықты дамыту, академиялық ұтқырлық арқылы университетті әлемдік ғылыми білім беру кеңістігіне біріктіру, алыс және жақын шетел жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ұйымдарымен стратегиялық әріптестікті дамытып, халықаралық нарықта университеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Осы жоспарлы шараларды жүзеге асырудың арқасында ТарМПУ ұжымы Қазақстандағы білім беру жүйесін интернационалдандыру саясатын сәтті жүргізіп, халықаралық академиялық ұтқырлық аясында студенттерді еуропалық жоғары оқу орындарына білім алуға жіберуге мүмкіндік жасауда. Қазіргі таңда біздің студенттер академиялық ұтқырлық бойынша Германия, Чехия, Польша, Латвия, Ресей, Түркия және Болгария университеттерінде оқиды. Оқу орны жақын және алыс шетелдердің 20-дан астам елінің 62 университеті мен ғылыми-зерттеу орталықтарының жоғары білікті серіктестерімен, шетелдік мамандарымен тығыз байланыс орнатқан.
Сондай-ақ университетте ерекше жаңа дәстүр – «қонақ» дәрістерін оқу үшін шетелдің жетекші ғалымдарын шақыру тәжірибесі жолға қойылған. Соңғы екі жылдың ішінде ТарМПУ өз қаражаты есебінен Валенсия политехникалық университеті (Испания), Лодз университеті (Польша), Злин университеті (Чехия), Сегед университеті (Венгрия), Еркін Берлин университеті (Германия), Әулие Климент Охридски атындағы София университеті (Болгария), Ресей Федерациясының, Белоруссияның, Канаданың ең ірі жоғары оқу орындарының ғалымдарын циклдық дәрістер оқу үшін шақырды.

Зағира Тоқбергенова,
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Тарих және әлеуметтік педагогика» факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Comments are closed.