- Advertisement -

Беймаза түн

207

- Advertisement -

(Элегия)

Іңір үйірілген шақ. Кеңістікті аңсаған жан дүниеме ауланың өзі тар секілді. Қақпадан шығып, көше бойлап жүріп келем. Бірден көкжиек кеңіп сала бергендей. Баяу ескен салқын самал тәніңді аймалай түседі. Ауа тұп-тұнық. Айналама барлап қарап алдым да, сыртта өзімнен өзге ешкім көрінбейтінін ұқтым. Қауіп жоқ екеніне көзім жеткен соң, құшағымды кең жазып, көкке қарадым. Сол кішкене құшағыма күллі әлем сыйып кететін тәрізді көрінеді. Осы сезіммен өкпемді толтыра кең тыныстап алдым да, биіктеп көтеріле бастадым. Жоғары көтерілген сайын ауа да кеңи түсті. Тынысым ашылды. Жүрегіме тыныштық ұялады. Тұла бойыммен еркіндікті сезіндім. Сондай бақыттымын. Десе де, «адасып қалмайын» дегендей, аса ұзамай ауылдың үстінде ғана қалықтап ұшамын. Кешқұрым болса да өз үйімнің ауласын жоғарыдан анық көремін.
Дәл осы сәтте тоғай арасынан әлдебіреудің шошынған үні естілді.
– Ананы қараңдар! Аспанда құбыжық ұшып жүр, – деді ол.
Сол-ақ екен жан-жақтан жүгіріп жеткен адамдар қаптап кетті. Қолға түсті деген осы, зәрем ұшты. Бір сәтке ойымды жинақтай алмай есеңгіреп, сол тұрған жерімде қалықтап тұрып қалсам керек, жақындап келген адамдар қараңғы болса да менің құбыжық еместігімді анық көрді.
– Адам екен. Адам. Ұстаңдар! Ұшып кетпесін, – деді бірі.
Өз қателігімді сол сәтте ұқтым. Бірден бой тасалауды жөн көрдім. Жоғарылай бердім. Барынша биіктеу ұштым, жердегі тоғай тасалайды деп ойладым. Олар да қалыспады. Тоғай бойымен бір елі қалмай, қуып келеді. Қорыққан сайын жүрегім тарсылдап, ұшуым қиындай түсті. Бір кезде төменнен тастар қарша борады. Кешегі өзім көріп өскен жұрт, мені тас атып, жерге қағып түсірмек болды. Не себепті олай істейтіндерін өздері де анық білмейтін тәрізді. Не үшін қашатынымды мен де ұқпаймын. Бірақ қашып барамын.
Біраз жер ұзап қашып барып, ақыры құтылдым. Соңыма түскен жан жоқ екенін байқап, асығыс жерге оралдым. Жүрегім атқақтай береді. Аяқтарым да дір-дір етеді. Бірден үйге жүгірдім. Ойлағанымдай-ақ, анам мені аулада тосып тұр екен. Өзімді көрген бойда, айналасына алақ-жұлақ қарап:
– Ақымағым-ау, неге өйттің?! Менің айтқан сөздерімді қалай ғана ұмыттың?! Енді қайттік? – деп даусын барынша бәсең шығарып, тұншығып жылады. Анамның осыншалық қорқуының себебін ұқпай:
– Мама, қойшы. Жыламашы! Еш жамандық істегенім жоқ. Солай емес пе?! Менің жай ғана ұшқым келеді, – деймін жалынышты үнмен. Анам мені тыңдап жатпады. Білегімнен мықтап ұстап, сүйрей үйге кіргізді. Есіктің ілгегін де ілді. Сөйтті де бірден:
– Жинал! Ең қажеттіні ғана ал. Біз енді бұл жерде қала алмаймыз. Тез арада кетуіміз қажет, – деді.
– Мама, өйтпеші. Жалынайын, тек олай демеші. Енді олай істемеймін. Барынша абай боламын. Көзге түспеуге тырысамын. Күндіз мүлдем ұшпаймын, – деп жалындым.
– Жоқ! Енді тым кеш. Олар сені қолға түсірмейінше тоқтамайды. Саған өзіңнің мұндай қасиетің барын мүлдем ұмыт деген болатынмын. Ел ішінде өмір сүремін десең, осы бір қарғыс болып жабысқан қасиетіңді қоюың керек еді.
– Неге? Айтшы, неге өйтуім керек? Менің өзгешелігімнің несі жаман? Өзгеге пайдасы болмаса, не зияны бар? Менің кеткім келмейді. Мен оларға бәрін түсіндіремін. Маған уақыт берші. Сөзіме сенші.
Соңғы сөздерді бөлме ішінде зыр жүгіріп, киім-кешегін жинастырып жүрген анамның соңынан бір елі қалмай жүріп айттым. Кенет кілт тоқтап, маған бұрылған анам:
– Олар мұны еш уақытта қабылдай алмайды. Кешірмейді де. Қысқарт! – деді.
Осы сәтте ауыл ішін гуіл шарлады. Адамнан да, иттен де маза кетті. Иығымнан тас қып қысқан анам:
– Аз қалды. Әне-міне дегенше келіп қалады, – деді.
Оның сөзінің рас екенін ұқтым. Амалсыз жинала бастадым. Бөлмеме қараймын. Бәрі қажет. Бәрі қымбат. Бір шыт матаны жазып, ішіне көзіме көрінген қымбат заттарымды сала бастадым. Көйлек, кітап тағы басқа. Бәрін жинап болған соң, ішке жүгіріп кірген анам арқама тас қып байлаған түйіншегімді көріп:
– Өмірде құндылықтар көп. Мына жинаған бағалы дүниең өзіңе жүк болады. Көтере алмайсың. Әкете де алмайсың. Таста. Ең қажеттіні ғана ал. Үстіңе бір киер киім алсаң жетіп жатыр, – деді де арқамдағы түйіншекті шешті.
Жиналып болған соң қол ұстасып, есікке қарай беттедік. Бірақ есікті ашып үлгермедік. Дабырласқан топ осы кезде үйдің алдына келіп қалған еді. Бірден кері шегінген анам:
– Кеп қалды, – деді де, қолымнан тас қып қысып ұстап, түкпір бөлмедегі терезеге қарай жүгірді. Үй артындағы баққа сол терезе арқылы шықтық. Сөйттік те, қол ұстасқан қалпы бірден жерден көтеріліп, құстай ұштық. Біраз жерге дейін олар бізді тас атып шығарып салды.
Сол күннен бері анам екеуміз адам аяғы аттап баспайтын тауда бір жылдай өмір сүріп келеміз. Қалаған кезімізде ұшамыз. Еркінбіз. Болмысымызды өзгеден еш жасырмаймыз. Бақыттымыз. Бірақ… Бақытым бүтін емес секілді. Көңілім құлазиды.
Шың басына шығып сонау көз жетпейтін алысқа көп қараймын. Ұмыта алар емеспін. Ақыры бір шешімге келдім де, асығыс анама келдім. Анам әдеттегідей ошақ қасында отыр екен. Әңгімені ұзақ созбай бірден:
– Мама, менің кері қайтқым келеді! – дедім.
Маған біраз үнсіз сынай қараған анам:
– Сенімдімісің? – деді ақырын ғана.
– Сенімдімін!
– Неден бас тартуың қажет екенін түсінесің ғой өзі? Көне аламысың? Қиямысың?
– Иә!!!
Шешім осы болды. Қол ұстасқан екеуміз таудан жаяу түстік. Көңіл түкпіріндегі қиял осымен шектелгендей. Еркіндікті еркіне қойып, ел арасына оралу керек-ақ.
Бұл шешіміме өкінбесіме сенгім келеді…

Торғын
КАЛЕЛОВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support