- Advertisement -

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар

98

- Advertisement -

Қазақ – салт-дәстүрге бай халық. Жалпы, дәстүр деген сөз қарым-қатынаста қалыптасқан тәртіп, салт дегенді білдіреді екен. Ал, салт-дәстүр дегеніміз – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптар жиынтығы.

Қазақ халқымен бірге жасап, сонау ықылым заманнан бері қанға сіңіп кеткен салт-дәстүрлер көп-ақ. Алайда, заманына қарай салт-дәстүріміз де түрліше бағытта сипат алып келеді.

Кеңес өкіметі кезінде салт-дәстүрімізде қалыптасқан кей ұғымдардың кейбірін ұмыттырып жібергендей. Мәселен, қалың мал, әмеңгерлік секілді әдет-ғұрыптарды ескілік сарқыншағы ретінде қарайды. Алайда, шын мәнінде қалың мал, қызға төсек-орын жабдықтауға отау көтерген жастардың қалыптасып кетуі үшін жасалған қамқорлық болса, әмеңгерлік – дүниеден өткен туысқанның балалары жат болмасын, өз бауырлары арасында өссін әрі жесір қалған әйелді қамқорлыққа алуды мақсат еткеннен туған дәстүрлер екен.

Бүгінгі күні салт-дәстүрлеріміз қалай сақталуда? Ұлтымыздың дәстүр сабақтастығы сақталып жатыр ма? Күнделікті өмірде балалы болып, оларды аяқтандырып, мерейтойларды атап өтіп, о дүниелік болғандарды ақтық сапарға аттандырып жатамыз. Осылардың әрқайсысының өзіндік жоралғылары бар, солар ата-баба дәстүрлерімен қабысып жатса ғой дейміз.

Жақын ағайынымыз дүниеден озды. Біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік еткен адам еді, садақасына екі қара сойылды. Балалары базардан су жаңа киім, бума-бума маталар, кілемдер тасып әлек болды. «Ертеңгі иісте осылар келгендерге таратылуы керек» дегенді естідік. Бақиға аттанған адамның киімдері, ұстаған дүниелері таратылатыны бар. Бірақ, жап-жаңа киімдердің, кілемдердің таратылуы қайдан шыққан? Жанашырлар азаға келіп, ағайынға қамқорлық танытса, марқұмның үй ішіне жәрдемдескені болар. Әкелген көмегінің жартысын қайта алып кетуге келмеген шығар. Біздегі бір түсінік «пәленше әкесін солай жөнелтті, мен содан қаламын ба?» дегенге саяды. Ал адам о дүниелік болып жатқанда, осылай жарысқанымыз, аста төк дастарқан жасап, ысырапшылдыққа жол бергеніміз қаншалықты дұрыс?!

Оңтүстік өңірлерде жаназаға барғандарды мәйіт шығатын үйде емес, көршілерінде жайлайды екен. Онда көкпен таласқан биік бейіттерді көп көрдік. Бұл арада дін өкілдерінің, имамдардың уағыз-насихаты керек-ақ. Имамдар адам санасына жететіндей түсіндіре білсе, бірі болмаса, бірі ойланар еді.

Түркістан облысының аймақтарында моланы әшекейлеп, күмбездеп салу кең етек алған. Өткен жолы қорым ортасында зәулім сарайдай етіп салдырған бейітті көріп, таңданғаным бар. Ауқатты адамның зираты екен. Төбесі көк тіреп, аумағы бірнеше шаршы метрді алып жатыр.

Тағы бір айта кететін мәселе, қазір үлкен болсын, кіші болсын туған күнді атап өту қалыптасқан жай. Сол салтанатта туған күн иесі көбіне тәттіге шаншылған шырақты үрлеп, сөндіріп жатады. Әлеуметтік желіде осының дұрыс еместігі біраз талқыланды. Шырақты өшіру жақсы ырым емес. Үлкендер «көкті жұлма, шырақты өшірме!» деуші еді ғой. Осыдан кейін мұны қаперге алсақ қой. Әй, қайдам, қалыптасқан жағдай әлі де қайталана беретін түрі бар.

Сондай-ақ, «Түнде тырнақ алуға болмайды» деген де сөз бар. Бабаларымыздың заманында электр жарығы болмағанын бәріміз де білеміз. Оның үстіне, қолайлы тырнақ алатын құралдар да жоқ, көбінесе асханасы да, тамақ ішетін, жататын жері де бір болғандықтан, мұндай ортада қараңғыда не қолыңызды кесіп аласыз немесе ыршыған тырнағыңыз ыдыс-аяқ, тамаққа араласып кетуі әбден мүмкін. Міне, сондықтан түнде тырнақ алу шектелген. Ал, қазір барлық мүмкіндік бар.

Түнде жалаңбас жүруге болмайды, жын жабысады деп те айтылады. Ал, қазір бұл тәмсілге қарап жатқан бір жанды көрмейсің. Одан қала берді, белді таянба, есікті керме, табалдырыққа отырма, сыпырғыны тұрғызып қойма, суды отырып іш, күн батқанда тысқа шықпа, көршінің үйінен тұз сұрама деген секілді түрлі ырым-тыйымдар да біртіндеп жоғалып бара жатқандай.

Мақаламыздың басында айтқанымыздай, өлік шыққан үйдің табалдырығына шеге қағу, жерлегенде кілті мен құлпын қоса көму не сұмдық?! Сонда Алланың ажалын осылай тоқтатып тұруға бола ма? Артында қалған туыстары, балалары аман болсын деп ырымдайды екен. Бұл ақылға сыймайтын әрекет. Жап-жаңа құлыпты жерге көмуі, табытты көтергенде теңге шашу, бұл – ысырапшылдық. Одан да мұны кедей-кембағалдың қолына берсе, қандай сауап болады. Құранда Алла Тағала: «Шынында ысырапқорлар шайтанның туысы» деген (Исра сүресі, 27-аят).

Сөз соңында айтарымыз, «Түнде әтеш шақырса, сиыр мөңіресе, ит ұлыса, мысық алдыңыздан кесіп өтсе жамандықты ырымдап, кеселі тиеді», – деп оларды өлтіру дұрыс емес.

Имамдар сапар айында өлім-жітім көп болады, бұл ай сұм ай деу, дүйсенбі ауыр күн, сейсенбі сергелдең күн, сапарға шықса болмайды, шаш тараса, тырнақ алса болмайды деу, кір жууға болмайды деу – Ислам дінінде жоқ екенін айтады.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support