- Advertisement -

Жамбылда инвесторларға жайлы жағдай жасалған

32

- Advertisement -

Жамбыл ауданының 17 ауылдық округіне қарасты 42 елді мекенде 88 мыңнан астам халық тұрады. Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар округте су құбырын жүргізу жұмыстары қолға алынған. Бүгінгі таңда 42 елді мекеннің 34-іне орталықтандырылған ауыз су жүргізілген. Бұл жалпы тұрғындардың 83,7 пайызы немесе 74 мыңға жуық адам тіршілік нәріне қол жеткізіп отыр деген сөз. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз брифингінде аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы мәлімдеді.

Таза су тұтынатын тұрғындар қатарын арттыру мақсатында өткен жылы облыс басшысының қолдауымен Құмсуат, Сеңгірбай, Әулиекөл және Көлқайнар елді мекендеріне жеке модульдік қондырғылар орнатылған. Биыл сапалы су тартылғандар қатарына Қаракемер ауылы да қосылды. Ал, жыл аяғына дейін тағы 3 елді мекен ауыз сумен қамтылмақ.

Атап айтқанда, Бесағаш пен Түрксіб ауылдарына су жеткізуге қаражат қарастырылса, Кемел ауылына су тарту жұмыстарына 11,8 миллион теңге бөлінбек. Нәтижесінде аудандағы ауыз сумен қамтылған елді мекен саны 38-ге, қамтылу деңгейі 90,4 пайызға жетеді.

– Бұдан бөлек, Бектөбе, Қызылшарық және Жаңаөткел ауылдарына су жүргізу үшін қажетті құжаттар әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. Жұма ауылын ауыз сумен қамту үшін жобалық құжаттары әзірленуд. Ерназар ауылындағы су жүйесін қайта жаңғырту үшін де құжаттар дайындалып, қаржыландыруға жіберілді. Сол секілді Өрнек ауылындағы су құбырларын жаңарту да жоспарланып отыр.

Аудан тұрғындарын табиғи газбен қамтуда да жұмыстар қарқынды жүруде. Қазіргі таңда 38 елді мекен табиғи газ жүйесімен қамтылған. Тоғызтарау, Жаңаөткел және Құмсуат елді мекендеріне ауылішілік газбен қамту жүйесін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. Бұл мақсатқа 446,6 миллион теңге қажет. Сондай-ақ, осы 3 ауылға магистральды газ құбырын тарту үшін жасалған құжаттар қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бұдан бөлек, Сеңгірбай ауылына газ құбырын және ауылішілік газ құбырын салу жобасының жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр. Аталған 4 елді мекен табиғи газға қосылған жағдайда аудан тұрғындарының табиғи отынмен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетеді, – деді Ерлан Қыдыралыұлы.

Бүгінде ауданда 15 өнеркәсіп нысаны жұмыс істейді, биылғы жартыжылдықта 12 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. 2025 жылға дейін аяқталуы тиіс 115 жобаға жұмсалатын жалпы қаржының көлемі 30,8 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде ауданда жаңа 793 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ауыл шаруашылығы бағытында 2,2 миллиард теңгеге 58 жоба іске асырылып, 267 жұмыс орны ашылмақшы. Оның 15-і биыл іске асады. Ал, өнеркәсіп саласында жалпы құны 28,6 миллиард теңге болатын 57 жоба жүзеге асып, 526 жұмыс орны құрылады. Оның 60 жобасы биыл іске қосылмақ.

Сондай-ақ, 2027 жылға дейін шартты құны 34 миллиард теңге болатын 148 бюджеттік инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 624 жұмыс орнын ашу көзделуде. Оның ішінде биыл 7,3 миллиард теңгеге 75 жоба іске асырылып, 495 жаңа жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында 251,1 миллион теңгеге 15 жоба іске асады. Соның ішінде «Алель Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қосымша құс сою алаңы құрылысын жүргізуге ниетті. Сол секілді «Аса Агро» серіктестігі де тауық еті бағытындағы құс фабрикасын салуды жоспарлап отыр. «АТБ» шаруа қожалығы сүт фермасын салса, «Кеңесбай» шаруа қожалығы көкөніс өңдеу цехы мен жылыжай кешенін дамытуға ден қоймақшы. Ал «Жамбыл өнім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дорпер асыл тұқымды қойын өсіріп, көбейтуге бел байлап отыр.

Өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында жүзеге асатын 60 жобаның құны 7,1 миллиард теңгені құрап, 461 жамбылдық жұмыспен қамтылмақ. Оның ішінде «Аян холдинг» ЖШС асфальт шығару зауытын ашса, «КазФос» ЖШС натрид гексаметофосфатын өндіретін желісін кеңейтуді көздеп отыр. «Азия Ботлерс» серіктестігі алкогольді және алкогольсіз өнімдер шығаратын цех салуды қолға алмақ, ал «АЕК АСА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 50 МВт энергия өндіретін күн электр стансасын кеңейтуді мақсат етуде.

Инвесторлар аудандағы туризм саласын дамытуға да мүдделі болып отыр. Жуырда ғана «Фортис Констракшен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» магистралының бойынан 780 миллион теңгеге демалыс орнын ашты. Сондай-ақ, «Атамекен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «РН-Транспорт» жеке кәсіпкерлігі балық өсіретін ферма жұмысын жүргізгелі отыр.

Кәсіпкерлерге жасалған жайлы жағдай өз ісін бастауға талпынған тұрғындардың қатарын арттырған. Биыл 6 айда ауданда 8668 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бұл салада 7915 адам жұмыс атқаруда. Өндірілген өнім көлемі 8,4 миллиард теңгені құрап отыр. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 220,7 миллион теңгеге 7 жобаға несие беріліп, 25 жұмыс орны ашылған.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support