- Advertisement -

«Өмір бойы білім алу» кредосы

267

- Advertisement -

ХХІ ғасыр – техниканың қарыштап дамыған кезеңі. Тіпті робот және ақпараттық технологиялар барлық салаға дендеп ене бастады. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттырғанымен, өндіріс орындарында біраз жұмысшы күшін қысқартуға түрткі болуда. Жалпы, бұл үдеріс әлемде еңбек нарығына біршама өзгеріс әкелуде. Ғалымдар қазірдің өзінде бұрынғы ескі мамандықтар жойылып жатқанын айтуда. Есесіне жұмыс берушілер тарапынан олардың орнына өзін-өзі дамытып, қайта даярлау курстарында оқыған әмбебап кадрға деген сұраныс артуда. Осыған қарап Елбасы Н.Назарбаевтың 2011 жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауындағы: «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс», – деген сөзінің мәнін түсінесіз.
Гарвард университетінің ғалымдары болашақта ұзақ жылдар бойы бір мамандықты игеру тиімсіз болатынын айтады. Оның орнына кез келген адам қысқа мерзімде сұранысқа ие кәсіптерді меңгеріп, өзін-өзі жетілдіріп отыру қажет дейді. Ал еліміздегі стратегиялық бастамалар агенттігі еңбек нарығын сараптай келе, алдағы онжылдықта жоғалып кететін мамандықтардың тізімін жасаған. Бұл тізімге алдымен кітапханашы, копирайтер, турагенттер, стенографшы, лектор мен пошташы, лифтер, Call- орталықтарының операторлары, билет сатушы және тігіншілер енген. Себебі осы мамандар атқаратын жұмыс келешекте автоматты түрде компьютерлік технологияның көмегімен басқарылатын болады. Мәселен, 3D-басу аппараттарының арзан түрлерінің өзі бүгінде адамдарға өз киімін өздері тігіп алуға мүмкіндік беруде. Аяқ киімді де дәл осылай тігіп алуға болады. Сондықтан алдағы он жылда жаңа технология тігін фабрикаларының жаппай жабылуына әсер етуі мүмкін. Дегенмен тігінші мамандығының мүлдем жойылып кетпейтіні анық. Өйткені ең қымбат киімдерді дайындауға бәрібір білікті кадрдың ой еңбегі қажет.
Алдағы онжылдықты былай қойғанда, шетелдік ғалымдар енді екі жылдан кейін әлемде 25 салада 186 жаңа мамандық пайда болатынын айтуда. Ал бұл – 2020 жылға қарай осынша кадр орнын жаңасына босатуы тиіс деген сөз. Яки жұмыссыз қалғысы келмесе, орта жасты орталап қалғанына қарамастан, білім-білігін арттырып, басқа мамандықты игеруге дайын жүруі қажет. Мұндай қадамға Еуропа елдерінің тұрғындары қазірдің өзінде дайын көрінеді. Дерекке сүйенсек, Швецияда егде жастағылардың 62 пайызы қайта білім алып, түрлі кәсіпті игеруге ұмтылады екен. Ал Германия халқының 42 пайызы кез келген өзгеріске әзір. Ресейде «өмір бойы білім алу» кредосын ұстанатын тұрғындар саны – 15 пайыз.

 

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support