- Advertisement -

Қолыңыздан қаламыңыз түспесін!

121

- Advertisement -

Уақыт шіркінде тоқтау жоқ. Зымырап бара жатқан өмір өзенінің ағысында талай жақсы мен жайсаңды кездестірдік, ағалардың айтқан ақыл-кеңесін тыңдап, берген бағыт-бағдарын басшылыққа алдық. Сондай ініге қамқор, ел ішіндегі қабілетті жастарға жол сілтеуші ағаның бірі – Амангелді Әбіл.

Амангелді Абылашұлының 35 жылы журналистика саласымен байланысты болды. Талай сын, сараптамалық мақалалар жазып, қоғамның ортақ мәселелерін газет бетінде көтеріп қана қоймай, ел ішінде қабілетті жастарды газетке шақырып, ағалық қамқорлығын көрсетіп те отырды.

Сол жігіттердің біразы бүгінде Алматы мен Астанадағы ақпарат саласының сан саласында еңбек етуде. Ал ағамыз міне, Пайғамбар жасына келіп, 63-ке толып отыр. Бұл аз да, көп те емес. Ұзақ жылғы еңбектің зейнетін көріп, жастарға тәлім- тәрбие беріп, қоғам өміріне белсене араласатын жас.

Амангелді Әбіл 1960 жылы 25 маусымда Сарысу ауданы, Өндіріс ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Байқадам орта мектебін бітіріп, еңбек жолын «Коммунар» кеңшарында құрылысшы болып бастайды. Өз тұстастары сияқты әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын 1978-1980 жылдары Камчатка түбегінде атқарады. Ал 1982 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық бөліміне түсіп, келесі жылында журналистика факультетінің бірінші курсына қабылданады.

Әбекең бұл мамандықты жайдан-жай таңдаған жоқ. Өйткені, мектеп қабырғасында жүріп мектеп өмірінен қысқаша хабарлар жазып, аудандық газетке жолдап тұратын. Оның 4-сыныптан бастап Сарысу аудандық «Октябрь таңы» газетіне мектеп өмірінен жазған алғашқы мақалалары шыға бастаған екен. Жоғары сыныптарда облыстық «Еңбек туы», республикалық «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде журналистиканың әр жанрында жазған дүниелері жарияланып, сол кездің өзінде елге танылып үлгерді.

Алайда, жастайынан қолына қалам алған Амангелді Абылашұлы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне төрт жыл абитуриент болып, жолы болмағанын бүгінде езу тарта еске алады. Оқудан «құлап» келсе де тауы шағылмаған ол өзі туып-өскен «Коммунар» совхозында құрылысшы болып еңбек етеді.

Алға қойған мақсатынан танбаған Әбекең сөйтіп 1983 жылы бірінші курс студенті атанды. Иә, елімізде журналистерді дайындайтын жалғыз оқу орны – Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне қайта-қайта келіп жүріп оқуға түсу – біле-білгенге осы кәсіпті жан- тәнімен сүйгенін білдіреді. Әбекең де еліміздің түкпір-түкпірінен келген, бүгінде елге танылған талай сақа азаматтармен қатар оқып, қазақ журналистикасының бір буынының өз толқынына айналып үлгерді.

Әбекең оқырманына Желтоқсаншы ретінде де танымал. Ол сонау 1986 жылғы Алматы қаласындағы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, қазақ жастарының өр қайраты мен жалынды жігерін де көрсете білген азамат. Желтоқсан көтерілісі Амангелді Абылашұлының өміріне де қатты әсер етті. 4-курс студенті мыңдаған қазақ жастарымен бірге алаңда атой салған соң көп ұзамай қуғынға ұшырады. Курсындағы тоғыз коммунистпен бірге қатаң партиялық жауапкершілікке тартылды. Әріптесімен оқудан қуылып, сотталып кетпеуіне партбилетінің пайдасы тиді. Бірақ, тәніне де, жанына да жара түсті. Бет- жүзіндегі солдаттардың шоқпарынан қалған із сол бір қасіретті әрі қасиетті күннің белгісіндей…

Азамат алаңда арпалысып жүріп, әйгілі «Қара машина» өлеңінің авторы талантты ақын досы Бауыржан Үсеновтен көз жазбай, жанында болды. Қан-жоса болып, түн ішінде жатақханаға да бірге келді. Екі дос жазалаушы биліктің назарына сол түні-ақ іліккен еді…

Кейде Әбекеңді Алматыдан алыстатып жіберген де сол Желтоқсан ызғары ма деймін. Оның үстіне, желтоқсанның аязды күні өрт сөндіргіш машиналар шашқан мұздай судан бүйрегі ауырған Бауыржан досының жанында болуды да мақсат етті. Сөйтіп ол 1988 жылы аталған жоғары оқу орнын тәмамдап, Жуалы аудандық «Жаңа өмір» – «Новая жизнь» газетіне жолдамамен тілші болып келіп, досының қасында болды, журналистік еңбек жолын бастады.

Әбекең 1989 жылдың күзінде Жаңатас қалалық радиохабарлар редакциясына жауапты редактор болып тағайындалды. «Қаратау» өндірістік бірлестігінің телевидениесінде редактор да болып еңбек етті. Сарысу аудандық «Сарысу» газетінде тілші, бөлім меңгеруші болып, ауданның қоғамдық- саяси өміріне белсене араласады. Тоқсаныншы жылдардағы Жаңатастың жанайқайы мен кеншілер дүмпуі туралы облыстық «Ақ жол» газетіне үздіксіз мақалалар жазды.

Әрине, ол жанайқайы биліктің құлағына жетіп жатты. 2005 жылдың наурызында «Ақ жолдың» Сарысу және Талас аудандарындағы меншікті тілшісі болып еңбек еткен Амангелді Абылашұлы 2006 жылдың қаңтарында редакцияға шақырылып, ауыл шаруашылығы бөлімінде тілші, кейін жарнама бөлімінің меңгерушісі болды.

Сөйтіп, «Ауыл шаруашылығы» бөлімінде тілші болып қызметін бастаған Әбекең редакциядағы «Ауыл», «Жарнама», «Хаттар және оқырманмен байланыс», «Индустрия және инновация», «Экономика және ауыл шаруашылығы» бөлімдерін табысты басқарды.

Амангелді Абылашұлының еңбегі ескерусіз қалған емес. Әбекең журналистика саласындағы жемісті еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Ақпарат саласының үздігі», «Жамбыл облысына еңбегі сіңгені үшін» төсбелгілерімен марапатталған. Сондай-ақ, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен марапатталған. Бұдан бөлек, салалық министрліктердің, облыстық басқармалардың, аудан әкімдерінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары да баршылық. Бірнеше рет облыстық шығармашылық байқаулардың жүлдегері де болды.

Амангелді Абылашұлының қаламынан туған кітаптар да аз емес. Талай елімізге белгілі айтулы тұлғалардың өмірінен құралған өмірбаяндық кітаптарды құрастырып, жарыққа шығарып жүр. Сонымен бірге, өз әкесіне арнаған «Әкені аңсау» кітабы 2010 жылы Тараз қаласындағы «Қанатты қалам әлемі» баспаханасынан басылып шыққан еді. Жақында қоғам қайраткері, елге белгілі азамат Батырбек Құлекеев туралы дайындаған «Парасат пен ғибрат» атты кітабы Алматы қаласындағы «Классика» баспаханасынан басылып, оқырманының ыстық ықыласына бөленген болатын.

Бетпақдаланың кіндігі – Шошақтың шөліндегі алтынды аймақ Ақбақай кентіндегі жергілікті тұрғындар мен күзетшілер арасындағы қақтығыс туралы, алтынды мекеннің өзекті мәселелерін көтерген «Алтынның буы», Қордай ауданындағы бактериялық зертхананың жұмысы туралы «Құпия құлпын ашты», тағы да басқа өзекті мәселелері, имандылық тақырыбындағы дүниелері оқырмандар тарапынан жоғары бағаланды. Кейінгі жылдары облыс орталығы маңындағы тұрғын алқаптардың жай-күйін көтерген сын мақалалары да оқырмандарды елең еткізіп, қала билігі тарапынан шешімін тапты.

«Егемен Қазақстан», басқа да республикалық басылымдарда дүниелері жарияланып тұратын әріптесіміз бүгінде есімдері елге белгілі азаматтармен бірер курс кейін оқығанымен, әлі күнге араларындағы достық қатынастары үзілген емес. Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, филология ғылымының докторы, академик, көсемсөзші Бауыржан Омаров, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, көрнекті ақын Бауыржан Жақып, маңғыстаулық атақты ақын Светқали Нұржанов әріптесіміздің жақын достары. Иә, кең-байтақ қазақ елінің әр қиырында Әбекеңнің досы көп. Журфакқа төрт рет абитуриент болып, дайындық бөлімін қосқанда алты жылға жуық оқығаннан шығар, елдегі қалам ұстаған әріптестерінің бәрімен аралас-құралас жүреді.

Түркіст ан облысындағы елге белгілі журналистер Аманғали Әбуов, Әбдез Рахманұлы, Бақтияр Тайжан, Ғани Қалмаханов және Ғалымжан Елшібаймен арадағы достықтары отбасылық сыйластыққа ұласқан. Әбекеңнің Таразда да талай досы бар. Әріптес-достарының қатарында белгілі жазушы-публицист Көсемәлі Сәттібайұлы, «Ақ жол» газеті бас редакторының орынбасары болған, бүгінде зейнеткер Ақылжан Мамыт, «Тараз таймс» газетінің редакторы Жарылқасын Нұралиев және «Салық тәртібі» газеті директор-бас редакторы Ғалым Қасабай, Қуаныш Иембердиев сынды белгілі әріптестерімен де журфакта ілгері-кейінді оқыды. Әлі күнге аралас-құралас жүрген достары. Ал Астанадағы немесе Алматыдағы журфактың кейінгі жылғы түлектеріне дейін Әбекеңді әлі күнге дейін «Әужекелеп» құрақ ұшып жүргені. Расында қонақжай Әбекеңнің дастарқанынан қонақ үзілген емес.

Иә, біздерді әріптес ағамыздың журналистік талантымен қатар, еңбекқорлығы, достыққа адалдығы тәнті етеді. Талантты ақын досы, өмірден ерте өткен Бауыржан Үсенов туралы 1991 жылдан бері республикалық, облыстық басылымдарға үздіксіз жазып келді.

Әбекеңнің әкесі Абылаш Әбілов – Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Екі «Даңқ» орденінің, басқа да жауынгерлік орден, медальдардың иегері. Бейбіт өмірде де алған марапаттары аз емес. «Коммунар» совхозында ферма меңгерушісі, зоотехник болып еңбек еткен. 1986 жылы қайтыс болды. Анасы Әдиша Ермаханова балабақшада тәрбиеші болды. Ол 1985 жылы өмірден озды. Амангелді 9 ағайынды. 7 ұл мен 2 қыз да жоғары білім алып, мамандықтары бойынша басшылық қызметте еңбек етеді. Өкініштісі, екі ағасы өмірден өтіп кетті. Бір ағасы Сүндетулла Әбілов те ҚазМУ-дың журналистика факультетінің түлегі. Мойынқұм аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің директор-бас редакторы қызметінде ұзақ жыл басқарып, зейнетке шықты. Зейнеткерлікте жүрсе де бүгінде Байзақ аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінің шақыртуымен редактордың орынбасары болып қызметін жалғастыруда. Әбекеңнің өзі де бүгінде бір әулеттің иесі. Аяулы жар, ардақты әке, ақылгөй ата.

Амангелді ағамыз облыстың он ауданында талай рет іссапарда болып, шалғай ауылдарды шарлады. Мұны біз – әріптестің бойындағы қайсарлық, мамандыққа адалдық деп түсінеміз. Пайғамбар жасыңыз құтты болсын, әріптес дос-аға, қолыңыздан қаламыңыз түспесін!

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support