- Advertisement -

Қасиет дегеніміз қасірет болмасын….

32

- Advertisement -

Бұрынғы уақыттарда қыз алып қашу деген әдеттің болғаны белгілі. Сол арқылы талай адамның бір басы екеу болып, отбасын құрып, бүгінде немере-шөберенің ата-әжесі атанды. Әрине, бұл кісілердің жеке өміріне, тағдырына еш дауымыз жоқ. Ал, сол қыз алып қашу оқиғаларының салдарынан кейбір нәзікжандылар өзінің өмірлік мақсатына жете алмай, сүйгеніне қосыла алмай бақытсыздыққа тап болғаны да жасырын емес. Өзінің бақытынан әулетінің ар-намысын биік қойып, шарасыздан сол шаңыраққа келін болып қала беретін. Дәстүр заңдылықтарында мұндай салт жоқ. Біреудің бойжетіп тұрған қызын еркінен тыс күштеп ұрлап әкетіп, танымайтын адамға қосу – оның құқығын таптаумен тең. Осындай оқиғаларға біздің ел көбіне кеңшілікпен қараған. Бұл ешкім көп мән беріп қарай қоймайтын мәселе сияқты болып көрінеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында осы мәселеге тоқталып өтті. «…Елімізде қыз алып қашуды, көп әйел алуды ұлттық дәстүрге санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік», дей келе, өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керектігін айта отырып, бұл оқиғаларға біржола тыйым салу керектігін жеткізді.

Бүгінде қыз алып қашу оқиғалары азайды. Ел ішінде бірен-саран бар шығар, алайда адам ұрлау үлкен қылмыс екенін қазіргі жастар жақсы білетіндіктен бұл қадамға бара бермейді. Бұл туралы құқық қорғау органдарының мамандарымен де тілдестік. Олардың айтуынша жасы 18-ден асқан қызды келісім бойынша алып қашып, оның ата-анасы келісім бермей жатса, шешімді сол қыздың өзі айтады екен. Яғни, қыз сол үйде қалуға келісім берсе, ата-анасы жазған арыздың күші жойылады. Бұл оқиғада қылмыстық құрам жоқ деген сөз.

Ал, Меркі ауданы, Аспара ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Ерсін Еділовтің сөзінше, қыз алып қашу қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша қаралады.

– Бұл оқиғаға байланысты заңда 126-бап бар. Бұл дегеніміз – адамды өз еркінен тыс бостандығынан айыру қылмысы. Екіншісі – Қазақстан Республикасының 125-бабы яғни «Адам ұрлау» фактісі. Үшінші – зорлық-зомбылық көрсету деген тағы да бап бар. Сол себепті сіздерге айтарым, бірінші әрекет етпестен бұрын, заңға бір қарап алыңыздар. Сізді адам кешіргенмен, заң кешірмейді – дейді Ерсін Аманұлы.

Сондай-ақ, ол ауылды жерлерде әлі де қыз алып қашу дәстүрі бар екенін жасырмады. Мұндай оқиғалардың өзі де куәсі болған екен. Көп жағдайда екі тарап құдаласып, жастар жарасым тауып кетеді екен. Осы тұста адам психологиясына ықпал ететін әрекеттер орын алатыны бар. Жоғарыда айтып өткендей сол үйдің туыстары, үлкен кісілер немесе жеңгелері зорлықпен әкелінген қызға психологиялық әрекеттер жасайтыны анық. Оны көндіру үшін ар-намысына әсер ететін, ұялтатын сөздер айтып, дәстүрден аттамауын өтініп, ашулы адамды қалайда жуасытудың жолын жасайды. Оған көнбесе, босағаға жасы үлкен әжені жатқызады. «Арың шыдаса, аттап өт» деген секілді ырымдарды алға тартады.

Алдымен ұрланған адамның қарсылық әрекетін басып, сосын оны дегендеріне көндіру, ауылдағы кейбір кісілердің кәсібі десек қателеспейміз. Бұл әңгімені психолог маман Мақпал Исмаилова айтып берді. Оның сөзінше, қазақ қыздарының психологиясында әлсіздікке жол беретін жалған ұғым бар.

– Өзі қаламайтын адамға алып қашу оқиғасы арқылы амалсыздан тұрмысқа шығады. «Қайтып келген қыз жаман» деген атқа қаламын ба деп шарасыз күйге түсіп, бақытсыздыққа ұшырайтындар да көп кездеседі. Ұлттық дәстүріміздегі кейбір ырым-тыйымдар адамның жеке құқығының тапталуына себепші болады. Осы ырым-тыйымдарды қыз алып қашқан үйдің үлкендері өз мүдделеріне пайдаланады, – дейді психолог.

«Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деген мақал бар. Сол ырым-тыйымдарымызды дұрыс жолға пайдалану керектігін ескерейік.

Қоғамдағы тағы бір күрделі мәселенің бірі – көп әйел алу. Бұрынғы бабаларымыз бұл дәстүрді қолдағаны рас. Ол кезде заман басқа болды. Жау жағадан алып тұрған аласапыран уақытта ел мен жерді қорғау ердің ісі еді. Олардың дұшпанмен алысып-тартысып жүріп, елге аман-сау келу-келмеуі көпшілік көңіліне көп күмән тудыратын. Жауға қарсы халық санын арттыру, ұрпақ көбейту басты мақсаттың бірі еді. Сол себепті, көп әйел алу да дәстүрге айналған. Тарихты қазбалай берсек бұған қатысты деректер толып жатыр. Сонымен қатар, көп әйел алу, бай-манаптардың ермегіне айналғаны да жасырын емес. Алайда, әйелді нәпсіқұмарлықпен алмау керектігі жиі айтылады.

Бүгінгі уақытта заман басқа, адам басқа. ХХ ғасырдағы әйел теңсіздігі жойылып, қазіргі таңда қатар дәрежеге қол жеткізді. Қалталы байлардың ақшасына қызығып, екінші болып тиіп жатқандар бар әрине. Дегенмен, сол екінші әйел алғандардың әрекетін ерлікке балап, соған ұқсаймын деп отбасының шырқын бұзғандар да аз емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдағы көп әйел алу туралы айтқан сөзінде бұл дәстүрдің озығы емес, тозығына жататындығын жеткізді. Қазіргі таңда мемлекетіміз гендерлік саясатты іске асыруға қолдау білдіруде. Аналарымыз, әкпе-қарындастарымыз қоғамда ерлермен қатар еңбек етіп, өздерінің тең құқылы екендіктерін дәлелдеп келеді. Олар өмірге ұрпақ әкеліп, бала тәрбиесімен де айналысып, мемлекет қызметіне де атсалысып жүр. Сол себептен өз еріктерімен күйеулеріне көп әйел алуға келісім берсе, жөн басқа. Бірақ еркінен тыс көндіріп, қосымша біреумен некелесіп жүргендерге заңмен тыйым салу керек секілді. Мұндай әрекеттерге теріс ағым өкілдері жол беретіні анық. Дәстүрлі дінімізде көп әйел алуға теріс әрекет жүрмейді. Нәзікжандыларды көп әйелдің бірі болуға күштеп көндірмейді. Немесе теріс ағым уағыздарымен олардың санасын улауға жол жоқ.

– Шариғатта көп әйел алуға рұқсат етілген. Бірақ, «Бәріне бірдей, әділ болыңдар» делінген. Алдыма осы сұрақпен көп адам келеді. Сол бір өзі бірнеше некеге тұрғандар адалдық таныта алмай қалады. Бабаларымыз алған жарларына бөле-жарып қарамаған. Бүгінгілер нәпсінің құмарлығымен жағдайы жетсе болды, ала береді. Аяғында өзінің бірінші отбасы бұзылады. Ал, бұрынғылар түрлі себептермен көп әйелмен некелескен. Қазақта «әмеңгерлік дәстүрімен бауырының баласы жетімсіремесін» деп жеңгесімен некелестірген,– дейді Жуалы ауданы, «Жуалы» мешітінің имамы Сейітқазы Медетбек.

Сондай-ақ, имам көп әйел алу еріккеннің ермегі емес екенін де жеткізді. Үлкен жауапкершілік пен асқан даналықты талап ететін дәстүр екендігін айтты.

Жалпы, айтпағымыз көп әйел алмай-ақ, сол көп әйелге татитын бір әйелдің қадірін білген абзал.

 

Нұржан ӘЛІШ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support