- Advertisement -

Чемпионның тартуы

202

- Advertisement -

Кәсіпқой боксшы Фируза Шарипова аз қамтылған отбасыға автокөлік сыйлады

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген «Туған жер» жобасы аясында өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар жеткілікті. Бір ғана Тараз қаласын алып қарасақ, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері М.Ескендіров, ТИГУ-дің ректоры Е.Саурықов, «Арайстроймаркет» ЖШС директоры А.Еділбаев және өзге азаматтар жоба аясында 543 миллион теңгенің жұмыстарын жүзеге асырып жатыр.
«Туған жер» жобасы шеңберінде кәсіпқой бокстан әйелдер арасында Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Фируза Шарипова аз қамтылған отбасыға қолұшын созып, көмек берді.

Екі салмақ дәрежесінде WIBA, WBC (silver), IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие ол Жолдыбаевтар отбасына «Renault logan» автокөлігін сыйлады.
Қалалық әкімдікте өткен қайырымдылық шарасына шаһар басшысы Ғалымжан Әбдірайымов қатысып, жүргізіп отырды. Ол Фирузаның бұл қадамы көпке үлгі болатынын атап өтті. Өз кезегінде сөз алған Фируза Шарипова қайырымдылық шарасын өзін насихаттау үшін қолға алмағанын тілге тиек етті. Жағдайы бар әрбір азаматты қолдан келгенше қамқорлық жасауға шақырды. Соңыра төрт баланың анасы Риза Сейілжановаға автокөліктің кілтін тапсырды. Өз кезегінде екі бірдей мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған Риза Есенқызы чемпионға алғысын айтты. «Нұрасыл мен Ерасыл қазір 11 жасқа келді. Бұрын көтеріп жүре беретінмін. Қазір қиын. Қолұшын беріп отырған Фирузаға алғысым шексіз. Жеңістен-жеңіске жете беруіңе тілектеспін», – деп ағынан жарылды.
Жиын барысында жүзуден Рио-де-Жанейро Паралимпиадасының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сембек Сейдәзімов сөз сөйлеп, чемпион қызға алғыстарын жаудырды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Суретті түсірген Юрий Ким.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support