Әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді

Әлем чемпионаты  Қазақстанда өтеді
ашық дереккөз
Әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді
Күрес десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер үшін ақжолтай жаңалық бар. Иә, келесі жылдың күз маусымында грек-рим, еркін және әйелдер күресі арасындағы әлем чемпионаты Қазақстанның елордасы Астана қаласында өтетін болып бекітілді. 2019 жылдың 14-22 қыркүйек аралығында елорда төріне әлемнің кіл сен тұр, мен атайын балуандары жиналатын болады. Дүбірлі дода кезінде 2020 жылы Жапонияның астанасы Токио қаласында жалауы желбірейтін Олимпиада ойындарының жолдамасы сарапқа салынады деп күтілуде. Жалпы, бұл жаңалықты қазақстандық жанкүйерлердің ұзақ уақыттан бері күткені жасырын емес. Бұрынырақта күрес түрлерінен ұйымдастырылатын әлем біріншілігі Алматы қаласында өтеді деген хабар тараған болатын. Алайда соңғы жаңалықтар жаһандық жарыстың елордамыз Астана қаласында ұйымдастырылатынын нақтылап отыр. Бұл – қазақстандық балуан қыз-жігіттер үшін тамаша мүмкіндік екені сөзсіз. Азия ойындарында көңіл көншітерліктей нәтиже көрсете алмаған еліміздің маңдайалды балуандары Астанадағы аламанда атой салып, мемлекет мерейін тасытуға күш салып көретіні сөзсіз. Байрақты бәсекеге дейін әлі бір жыл уақыт бар. Демек, ел сенім артқан серкелер тыңғылықты дайындалатын мүмкіндік мол. Түйіп айтқанда өз жанкүйерлерінің алдында қазақ балуандары бар әлеуетін көрсетулері керек-ақ.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар