- Advertisement -

Тараздың тотыдайын таранатын кезі әлі алда

212

- Advertisement -

Бүгінде облыс орталығы Тараз қаласы аумағында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылып жатқаны екінің біріне жақсы мәлім. Оны бірер ауыз сөзбен айтып жеткізу де мүмкін емес. Бірер жыл ішінде-ақ Тараз түбегейлі өзгеріп, еліміздің Ұлы Жібек жолы бойындағы шын мәніндегі меруерт алқасына айналатынынан үміт бар. Қаланың бір өзіндегі мәдени-демалыс бағытындағы 10 нысанның қайта жаңғыртылатыны, 4-еуінің айнала-төңірегі абаттандырылатыны, жаңадан сағат стелласы орнатылып, Талас өзені жағалауында демалыс аймағы, аллеялар, спорттық, тарихи, мәдени кешендер салынатыны соның бір айғағындай.Ал күні кеше ғана қазақтың хас батыры Б.Момышұлының ескерткіші, өңірімізден шыққан Кеңес одағының батырлары мен соғыс ардагерлерінің обелиск-белгітастары қойылып, мәңгілік алау жағылуымен ел-жұрттың айрықша ықыласын туындатқан «Жеңіс» саябағындағы қайта жаңғырту жұмыстары әлі аяқталған жоқ. «Урбостиль ЛТД» компаниясы ұсынған жобаға сәйкес мұнда енді Даңқ залының құрылысын салу көзделуде. Қала мүсіншілері аталған аумақтан орын алатын Чернобыль атом электр стансасындағы апатты жоюшыларға, ауғандық жауынгерлерге арналған ескерткіштер мен «Тырналар» монументінің нобайларын ұсынуда. Мұнда «Үшбұлақ» каналынан «Зербұлақ» көліне дейінгі жағалауды ретке келтіру, бекіту жұмыстары жүзеге асырылуда. Дәл осы арна жүлгесінің Төле би көшесі мен «Зербұлақ» көлі аралығында жағажай ұйымдастырылатын болады. Қазыбек би көшесі бағытында үлкен көпір салынбақ.
«Ежелгі Тараз» археологиялық кешені құрамында мұнаралар мен бекіністер, киіз үй қалашығы пайда болады. Келешекте осы кешен мен Тектұрмас биігі аралығын аспалы жол байланыстыратыны да тараздықтар үшін тың жаңалық болары даусыз. Сондай-ақ ТарМУ-дың іргесіндегі Атшабар аллеясын қайта жаңғырту сызбасы бекітілгені белгілі. Осынау жасыл мүйіс жастарға, олардың түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізуіне арналып, қайта жасалатын болады. Мұндағы құлама қыр беткейлері тұтастай алуан гүлмен көмкерілмек. Түрлі түсті субұрқақтар мен жасанды сарқырамалар, өнбойы көне шырағдандармен безендірілетін колонналы баспалдақтар гүлзар алаңының реңін одан әрі аша түсетін болады. Орталық алаңды да жаңарту күтілуде. Онда «әнші» субұрқақ орналастырылып, ескірген орындықтары мен торшерлері алмастырылмақ. Мұнда қазірдің өзінде қайта жаңғырту жұмыстары қызу жүргізілуде.
Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақты қайта жаңғырту ісі басталды. Жобаның құны 270 миллион теңгені құрайды. Бұл қаржыға саябақтағы көпшілік демалатын орынның ауқымы, жасыл желегінің көлемі ұлғайтылып, жаңа субұрқақтар, жарықтандыру шамдары, орындықтар, балалардың спорт алаңдары орналастырылатын болады. Велосипед жолы салынады. Бұдан бөлек Халық Қаһарманы Қ.Рысқұлбековтің мұражайы бой көтермек.
Ал осындағы Ардагерлер үйі ғимаратының жанынан салынып жатқан қымызхананың құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Т.Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі М.Дөненбаев өздері салған нысанды осы айда пайдалануға да беруді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ «Жасыл ел-Тараз» ЖШС күшімен Ниетқалиев-Рысбек батыр көшелерінің қиылысындағы скверді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мұндағы жалпы алаңның 2700 шаршы метріне өрнектастар (брусчатка), 10,0 шаршы метріне көгал төселіп, 31 электр шамы, 69 орындық орнатылады. Сквердің ұзындығы – 600, ені 30 метр болатын аумағы түгел абаттандырылып, гүлдермен көмкерілмек. Бұл жұмыстарға бүгінде барлығы 20 адам тартылып отыр. Жалпы жұмыстар аяқталуға жақын. Бір айта кетерлігі, мұның барлығын серіктестік демеушілік көмек ретінде өз қаражатына жүргізуде. «Бұрын «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков саябақтарына төселген өрнектастарды қайта алмастыру кезінде бұзбай-жармай алып, мұқият түрде жинақтап қойған болатынбыз. Енді оларды гүлзар аумағына төсеудеміз», дейді серіктестік директорының өндірістік мәселелер жөніндегі орынбасары Нұрғалым Райымбеков.
Міне, мұның барлығы да облыс әкімі А.Мырзахметовтің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан жұмыстар.
Жалпы қала ауқымында қызу жүзеге асырылу үстіндегі қайта жаңғырту, абаттандыру, жаңа құрылыстар салу жұмыстары тұрғындарды да бір серпілтіп тастағаны анық. Мысалы, қала тұрғыны Ш.Кенжебаев «Көгеріштің көп болғаны жақсы ғой, жасыл желек жанға сая әрі қаланың ауасы да тазара түседі», – деп шаһардың күннен-күнге шырайлана түскеніне, әсіресе демалыс орындарының көптеп салынып жатқанына риза екендігін жеткізді.
Сондай-ақ ТарМПУ оқытушысы, ғалым Б.Мүсілімовтің бүгінде жаңарып, жаңғырған облыс орталығындағы ескерткіш алаңдарын ел кәдесіне жарату жөніндегі пікірі де орынды деп санаймыз. «Бүгінгі күні «Жеңіс» саябағы айрықша көрнекі мазмұнға ие болды. Оны сырт қонақтарға ұялмай аралатып көрсетіп, мақтануымызға әбден болады. Ендігі жерде осы саябақтағы «Ерлік» мемориалдық кешені мен қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы ескерткішін барлық жоғары, орта арнаулы және жалпы білім беретін оқу орындары патриоттық, ұлтжандылық және отансүйгіштік қасиеттерді жастар бойында қалыптастыру мәселесінде жүйелі түрде тиімділікпен пайдаланулары керек», – дейді ол.
Тағы бір жай, «қызыл сызық» мәселесіне қатысты. Кез келген құрылыс нысанын салу кезінде жобалық-сметалық құжаттаманың сараптамадан өткізілуі, құрылыс нормалары сәулет-жобалау және «қызыл сызық» талаптарына сай келуі қала, аудан сәулеткерлері мен жергілікті биліктің назарында болуға тиіс. Облыс аумағында жыл санап құрылыс қарқын алуда. Ал олар талапқа сай ма? Олай емес екен. Бүгінде облыс орталығында «қызыл сызықты» көзге ілмеген 103 нысан анықталған. Оның көбінің құрылысы тоқтатылыпты. Тіпті бой көтерген ғимараттарды қайта бұзу дерегі де бар. Мұндай мәселенің орын алуының басты себебі – құрылыс нысанына жер бөлуге жауапты мекеменің өз жұмысына атүсті қарауынан екені айтпаса да түсінікті. Осының салдарынан кәсіпкерлер мен қала тұрғындары қыруар шығынға батуда.
Бұған Тараз қаласында рейдтік тексеру кезінде анықталған «қызыл сызыққа» соғылған құрылыс нысандары толық айғақ бола алады. Құрамында сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары басқармаларының мамандары бар топ мүшелері Жамбыл даңғылы бойындағы 153а, 56а, 156/1, Сыпатай батыр көшесіндегі 67 нөмірлі құрылыс нысаны ғимараттарын салуда «қызыл сызық» талаптары қаперге де алынбағандығына көз жеткізген. Әлбетте, 2010 жылы бекітілген қаланың бас жоспарына сәйкес соғылатын құрылыс нысаны үлкен даңғылдың орта сызығынан 30 метр қашықтықта болуға тиіс. Ал жоғарыда аталған құрылыс нысандары көшені 10 метрге дейін қамтып, толайым қоршап та алған. Әрі құрылыс жұмыстарын ешқандай рұқсат құжатынсыз бастап кетіпті. Бұл туралы ескертіліп, мемлекеттік сәулет, құрылыс бақылау басқармасына хат та жолданған екен.
Жалпы қалада бүгінде сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары күшімен анықталған осындай 20 нысан тіркеліп отыр. Олардың барлығы дерлік ешқандай рұқсат қағазынсыз, жобадан ауытқып, «қызыл сызық» үстіне салынып кеткен. Қалалық сәулет және құрылыс бөлімінен білгеніміздей, олардың 1-еуі сауда үйі, 9-ы дүкендер мен оларға жапсарлас құрылыстар, 5-еуі дәмханалар мен оларға жапсарлас құрылыстар, 2-еуі мейрамхана екенін білдік. Бұл санатта бір-бірден шағын қонақ үй, спорттық емдеу-сауықтыру және ойын-сауық кешендері де бар. Ең бір сорақысы, аталған нысандардың 8-і пайдалануға қабылданып та кеткен! Бұлардың «қызыл сызық» нормаларын бұза отырып салынғандығын анықтайтын тиісті бақылаушы мекемелер мен жергілікті органдар ай қарап жүрген бе, сонда?
Бүгінде аталған барлық нысандар бойынша қабылданған шара – мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мекемесіне олардың ісі сотқа берілгендігі, бұзып тастау жөніндегі шешімдерімен, айыппұл салу, басқа да құжаттарымен қоса арнайы хаттар жолданған.
Қысқасы, құжатсыз, «қызыл сызық» нормаларын бұза отырып салынған құрылыс нысандары ең алдымен кәсіпкерлердің өздеріне кесірін тигізуде. Алайда заңсыз нәрсенің бәрі де жансыз ғой! Бүгінде кәсіпкер М.Зайнуллинаның Жамбыл даңғылы бойынан салған дүкені мен кеңсесінің, Б.Балашовтың дүкен-асханасының ғимараттарына қатысты іс сотқа да беріліпті. Ал кәсіпкерлер Ж.Бейсеубаевтың Ниетқалиев көшесіндегі дүкенге, Н.Абсалямованың «Әл-Жами» дәмханасына, сондай-ақ З.Рысбековтің «Салтанат» шағын ауданындағы кеңсесіне жапсарлас тұрғызған құрылыс нысандары бойынша іс сотқа жолдауға әзірлену үстінде екен.
Міне, осылай соңғы жылдары жеке тұлғалардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңдарды бұза отырып, онда белгіленген тәртіппен рұқсат алмай, өз беттерінше құрылыс-құрастыру жұмыстарын жүргізуі қосымша әбігершілік туындатып жатқан жайы бар. Қалай болғанда да қала, аудандарда бұл істі реттеудің, әсіресе тиісті бақылау, қадағалау болмауынан «қызыл сызық» үстіне салынып кеткен құрылыс нысандарын алып тастаудың қажеттігі айқын сезіліп те отыр. Мұның елді мекендер келбетін келістіріп, ажарын айшықтау мәселесінде айрықша маңызға да ие екені еш талас тудырмаса керек-ті.
Өңір басшысының хаттамалық тапсырмасымен жыл басында жасалып, бекітілген іс-шаралар жоспары бойынша заңсыз салынған құрылыс нысандарын ретке келтіру жұмыстары кестеге сәйкес жүйелі түрде жалғасын таба бермек.

Баймаханбет Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support