«Ellin shoes» өнімдері елге танымал

«Ellin shoes»  өнімдері елге танымал
ашық дереккөз
«Ellin shoes» өнімдері елге танымал

еуропалық стандартқа сай грекиялық аяқ киімдер енді Таразда тігіледі

Біздегі былғары аяқ-киім өндірістерінің өнімдері қаншалықты сұранысқа ие? Тұтынушылардың талғамына сай ма? Осы және өзге де сауалдарға «Қазақстанның үздік тауары – 2018» өңірлік байқауы бәсекелік алаңының жеңімпазы «Ellin Shoes» ЖШС өзінің жетістігімен нақтылы жауап та берді деген ойдамыз. Қазақстандық нарық кеңістігіне тәй-тәй қадам басқан компания дайын өнімдерінің сапасы мен қолдану технологиясы тұрғысынан озық екендігін ұдайы дәлелдеумен келеді. Үш жыл бойы қазақстандық нарықты зерттеп, заманға сай, сұранысқа ие аяқ-киім өнімдері өндірісінің жұмысын бақылаған грекиялық азамат Скумприс Переклис 2016 жылы облыс орталығынан өзінің кәсіпкерлік нысанын да ашқан. Құрылымның негізгі құрылтайшысы өндіріске қажетті шикізаттың барлығын Грекиядан алдыртады. Компанияның өндіріс орны толықтай грекиялық және италиялық құрылғылармен жарақтандырылған. Шетелдік азамат бүгінде өңіріміздегі 15-20 жылдық бай тәжірибесі бар кәсіби мамандарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Айта кету керек, «Ellin Shoes» ЖШС Тараз қаласындағы Саңырақ батыр көшесінде орналасқан. Екі қабатты ғимараттың үстінде аяқ-киім тігу цехы, ал бірінші қабатында дайын өнімді саудалайтын дүкен орналасқан. Серіктестіктің тағы бір дүкені Абай даңғылы бойына орналасқан. Серіктестіктің технологі әрі директоры Юлия Починок бұған дейін «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС-да жұмыс істеп, тәжірибеден өткен. Оның айтуынша, аталған мекемеде шикізаттан бастап, дайын өнімге дейін өздерінде әзірлейді. «Жеке кәсіпкерлік ісімен айналысушылар үшін аяқ-киім тігуде «шикізаттың» тапшылығы сезілетінін біз сол кезде-ақ білгенбіз», – дейді ол. Өңірімізге туын тіккен «Ellin» компаниясы ендігі жерде жергілікті жеңіл өнеркәсіпшілер жүгін едәуір жеңілдететін болады. Өйткені компания басшысы бұл салада озық тәжірибе де жинақтаған. Аяқ-киім өндірісі ол үшін таңсық іс емес, ата кәсібі де екен. Скумприс Переклис Грекияда да аяқ-киім өндірісімен айналысады. Әкесі Димитриос Скумприсқа тиесілі, жарты ғасырлық тарихы бар «PYRGOS Shoes» компаниясында қазір де еуропалық стандартқа сай аяқ киім өндірісін жолға қойып отыр. Оған кез келген тұрғын талғамына қарай тапсырыс беріп, екі күнде ойындағыдай аяқ киімге ие болуда. Енді Тараз тұрғындары үшін де осындай мүмкіндік туып отыр. «Ellin Shoes» ЖШС тұтынушылардың аяқ мүсініне, табан ерекшеліктеріне қарай тапсырыстар қабылдайды. Жаңа құрылымның алғашқы аяқ алысы жаман емес. Өткен жылы айына 2 мың дана аяқ-киім шығаруға қол жеткізсе, биыл бұл көрсеткішті 3 мыңға жеткізбек. Шикізаттың басым бөлігі мұнда тікелей Грекия елінен жеткізіледі. Компанияның дайын өнімі бүгінде «Қазақстанда жасалған» бренд-атауымен еліміздің 70-ке жуық сауда үйлері сөрелерінен орын алып та үлгерген. Компания басшысының айтуынша, өкінішке қарай, бізде «өзгенікін таңсық, өзінікін қаңсық» көру ұғымы әлі де сақталуда. – Шетелдің азаматы болсам да, қазақстандық өнім шығарып, Жамбыл облысының жеңіл өнеркәсібін дамытуға өз үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын. Ел өңірлерін аралап, нарық айналымын бақылаған кезімде, шын мәнінде компания өніміне сенімсіздікпен қарағандар да болды. Алайда уақыт өте келе тұтынушылар сенімінен шыға да бастадық, – дейді ол. Серіктестік қазірдің өзінде ерлер аяқ киімінің 100-ден астам түрін шығаруда. Енді әйелдер мен балалар аяқ-киімдерін тігу ойластырылуда. Аяқ киімдер үлгісін грек елінің айтулы нобайшысы жасап шығады. Ал бағасына келсек, таза былғарыдан тігілетін ерлер аяқ киімі 14-20 мың теңге аралығында, ал бұғы мен құндыз терілерінен жасалынатын етіктер 13-25 мың теңге шамасында өткерілуде. Кәсіпорын ұлтарақты Италия мен Германиядан, ал аяқ киімнің бауын Түркиядан арнайы тапсырыспен алдыртады екен. Еуропалық сапада жұмыс істейтін кәсіпорын өнімдеріне бүгінде еліміздің солтүстік өңірлерінен тапсырыс көптеп түсуде. Серіктестік өткен жылы «Қазақстанның үздік тауары» байқауына алғаш рет қонақ ретінде қатысып, бақ сынап көрген еді. Ал биыл өңірлік құрылымдар қатарында айтулы сынға білек сыбана дайындалып, нәтижесінде жеңімпаздар қатарынан табыла білді. «Сапалы, дұрыс аяқ-киім таңдау – денсаулықтың да кепілі. Әлемде 98 пайыздан астам бала сау табанмен туады, ал ересектердің тек 40 пайызы ғана табандарын сау күйінде сақтау мүмкіндігіне ие. Бұл жағдай көбінесе аяқ-киімді дұрыс таңдамау мәселесіне байланысты орын алуда», – деген компания басшысы таяу жылдарда өңір тұрғындарының қай-қайсысы да Жамбылда жасалған «Ellin Shoes» өнімін тұтынатынына нық сенімде.

Ақбота БАТЫРБЕКОВА, журналист.

Ұқсас жаңалықтар