Ала жіптен аттама

69

Облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЖД-158/2 түзеу мекемесінде тыйым салынған заттарды тәркілеу жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Жалпы, мұндай мекемелерге тыйым салынған заттарды тәркілеуге, ішке енуіне тосқауыл қоюға, заңсыз әрекеттерді жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 367-бабы бойынша жауапкершілікке тартуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп келген. Алайда, адамнан айла артылған ба? Сотталғандарға келетін жақын туыстары түрлі тәсілдерді қолданып, ішке тыйым салынған заттарды алып өтпекке тырысады. Мысалы, тетрапакет ыдыстарының ішіне ішімдік құйып алып келу, есірткі заттарын аяқ киімнің өкшесіне, кейде әйел адамдардың шаштарының арасына жасыру, кәмпиттің қағаздарына ақша тығу сияқты оқиғалар орын алады. 

Дегенмен, мекемеміздің бақылап-өткізу пунктіндегі қызметкерлердің өз жұмыстарына қырағылық танытуының арқасында ондай күдікті тудырған адамдардың жолы кесіліп, тергеу жұмыстары жалғасады. Мұндағы бақылап өткізу пунктіне Ішкі істер министрлігінің бұйрығына сәйкес, «BAGVISION-100100» жүктер мен қол жүктерін тексеруге арналған рентгентелевизиондық қондырғысы орнатылды. Аталған қондырғыны алғаш іске қосқан күннен бастап, жұмыс қыза түсті. Ол арқылы сотталғандарға әкелінген қол сөмкелер мен жүктердегі сәлем-сауқаттар тексеріледі. Мәселен, түзеу мекемесінің арнайы тексеру бекетінде 1933 жылы туылған Б.М. есімді күдікті ұсталды. Ол Н.Қ. атты жазасын өтеушіге корей салатының тұздығының ішіне целлофанға оралған 35000 теңгені алып өтпек болды. Сонымен қатар, 1982 жылы туылған К.И. 4 пластмасса бөтелкеге құйылған 2 литр спирттік ішімдікті алып өтпек болғанда қолға түсті. Осылайша, жаңа қондырғының арқасында көптеген заң бұзушылықтар әшкереленуде.

Жанболат Жұмалиев,
ЖД-158/2 түзеу мекемесі 
режим бөлімінің басшысы, әділет майоры.

Comments are closed.