- Advertisement -

Кейінгі буын есірткісіз жолды таңдасын десек

456

- Advertisement -

Елбасы «Қазақстан –2050» Стратегиясында салауатты өмір сүру, сергек ұрпақ тәрбиелеу мәселелерін атап көрсетті. Салауатты өмір салты дегеніміз – әлеуметтік тұрмысты жақсарту, бос уақытты тиімді пайдалану, ішімдікке әуестік, есірткіге елітушілік секілді зиянды әдеттерден аулақ болу.
Нашақорлық – ғасыр дерті. Ол – адам өміріне аса қауіпті. Есірткіге тәуелділік – өз өміріңе балта шапқанмен бірдей.
Есірткі – ғасыр тажалы. Онымен қазір бүкіл әлем болып күресуде. Бірақ әзірге нашақорлықтың тамырын кесу мүмкін болмай тұр. Оған берілген адамның өмірі қор болады. Тек өзі ғана емес, ата-анасын, бауырларын, жанашыр жақындарының бәрін де қоса жылатады.

Адам баласы нашақорлыққа қалай барады? Олар есірткі жеке мәселемізді шешеді деп ойлайды. Шылым шегу – есірткіні татып көруге жасалған қадам. Ол – нашақорлыққа тәуелді ететін жол. Бұл жолға түспеу үшін не істеу керек? Басқаға назар аудармай, сүйікті нәрсемен айналысу. Қашанда қоғамға пайда келтіру. Денсаулыққа мән беріп, өмір сүру. Ешқашан заңды бұзбау. Спортпен шұғылдану да салауатты өмір салтын ұстануға жақындатады.
Бейресми соңғы мәліметтер 13-15 жас аралығындағы жасөспірімдер айықпас удың тұтқынына айнала бастағанын айғақтап отыр. Нашақорлықтың орташа жасы 30-дан да төмендеп кеткен. Соның салдарынан қылмыс көбейе түскен. Біз жеткіншектерімізді жаман әдеттен арашалап қалу үшін бүкіл халық болып күресуіміз қажет.Бірігіп жұмыс істеу керек.
Нашақорлықпен күресуге жалғыз адамның шамасы келмейді. Бұл істен заң сақшылары нарколог мамандар, ата-аналар және сіздер мен біздер, әрбір Қазақстан азаматы шет қалмауы керек. Ғасыр дертімен қоғам болып күресу қажет. Дүниедегі ең қымбат нәрсе – сенің өмірің. Ал өз өміріңді жақсы бағытқа бұру өз қолыңда.
Біздің өңірде 350 мыңға жуық жас тұрады. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы тарапынан өңір жастарымен жүргізілетін жұмысты үйлестіріп отырады. Оларға мемлекет тарапынан да барлық қолдаулар көрсетіледі.
Жастарға дұрыс, өнегелі жол көрсету – үлкендердің міндеті. Өмірге келген сәби жаман ниетпен тумайды. Бүлдіршіндердің жаны ақ қардай таза, мөлдір болады. Бұл жерде ата-ананың көрсетер өнегесі, тәлімі басым рөл атқарады. Көптеген әкелер темекіге тәуелді. Өзі темекіге тұтқын боған адамның, баласына саламатты өмір салтын ұстан деп ақыл айтуы қаншалықты қисынды?
Өмір – ұзақ жол. Ол жолда қоғамға пайда келтіру, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосу – әрбір саналы азаматтың парызы. Әрбір адам – қоғамның маңызды бөлшегі. Өмірге немқұрайды қарауға болмайды. Керісінше, маңайыңа шуағыңды шашып, өмірді гүлдендіру – әр адамның міндеті.
Есірткісіз қоғам дамуға жетелейді. Ізгілік жолы – нұрлы жол. Ізгілік, адалдық жолын әрбір жасөспірімнің санасына сіңіру керек. Өркендеуге бастар қадам осы. Бұған барлық ата-ана, ауыл ақсақалдары, зиялы қауым өз үлестерін қосқаны жөн. Әр ата-ана баласының ізгі жолда жүргенін, қатарының алды болғанын қалайды. «Ұлым ұяға, қызым қияға қонса екен» деп ізгі мақсат, үмітпен ғұмыр кешеді. Сөйтіп үмітпен өсірген баласы жаман жолға түсіп кетіп жатса, әкеге одан үлкен қасірет жоқ. Бұл жағдай анаға да ауыр. «Итің ұры» десе намыстанған қазақпыз. Жамандыққа ұрпағы түгіл, есігінің алдын күзеткен итін қимайтын елміз. Ал қазір темекіге тәуелді жастарымызға «тәк» деп айта алмай жүрміз.
Оны көп қолдану қандай жолға алып баратынын жоғарыда айттық.
Әр адамға өмір бір мәрте ғана беріледі. Өмірге келгенде әр сәби он екі мүшесі бүтін, жаны таза, жаманшылықтан аулақ болып туады. Әр нәресте – жас шыбық. Шыбықты алғашқы күннен күтіп баптасаң, уақтылы суарсаң жақсы қалыптасып, сұлу әрі тік болып өседі. Ал көшет кезінен күтімі жөнді болмаса, тал қисық әрі ұсқынсыз болып өседі. Адамға берілген тәрбие де көшеттің жағдайы сияқты.
Бүлдіршін күнінен жақсы тәрбие алған адам жақсы жолмен жүреді. Сол жақсы үлгі балабақшада мектепте әрі қарай қалыптасып, ұстаздардың ұлағатымен дами түседі. Алдына биік мақсат қояды. Мұндай жасөспірімнен қай кезде де жаманшылық, атап айтқанда нашақор шығады деп айта алмаймыз. Қазақта «Қосылған қойың жаман» деген сөз бар. Адасушыларға ортасы ықпал етеді. Ал көргені жақсы дос-жолдастарын да дұрыс таңдай алады.
Сәби шағынан жайсыз отбасында, тәрбие көрмей өскен бала мектепке барғанда да сол қасиетінен алыстай қоймайды. Ондай жетесіз бала ұстаздың да қадірін белмейді, өнегелі сөзін тыңдамай қор қылады. Міне, осындай азамат өсе келе ата-ананы, жасы үлкенді тыңдаудан қалады. Жамандығынан тыйыла қоймайды. Бұзық топтарға қосылады. Ол бұзық топтан жақсы нәрсе, пайдалы іс үйренбейтіні белгілі. Міне, осындай ортада өскен жастардан жақсылық шықпайды.
«Адамның мінезі өзгермейді дегеннің тілін кесер едім», дейді хакім Абай. Сондықтан жақсы ортаға түссе, тәрбиеге көнбейтін бала болмайды.
Денсаулығы мықты әр азамат – қоғамның байлығы. Біз осыны ерте түсінгеніміз абзал. Қоршаған ортаны қадірлеу, табиғатты аялау ұғымдарын санаға сіңірсек, біреудің бойындағы жамандыққа арашашы боламыз. Сонда есірткісіз қоғамға қадам баса аламыз.

Серікбол Берікқожа,
қалалық мәслихаттың депутаты.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support