Жат ағым зардабымен бірлесе күрескен жөн

Жат  ағым  зардабымен бірлесе  күрескен  жөн
ашық дереккөз
Жат ағым зардабымен бірлесе күрескен жөн

Дамыған немесе дамушы елді тоқырауға жіберудің бір әдісі – діни ағымдар арқылы қоғамға іріткі салу. Қазір жер бетінде 2 миллиардқа жуық мұсылман бар. Бұлардың бәрі өздерін «Мұхаммед пайғамбардың үмбетіміз» деп түсінеді. Мұхаммед пайғамбардың өсиеті мен аманатын «Ислам өркениеті», «Ислам мәдениеті» деген ұғымдармен тығыз байланыстырады. Өзге өркениетке, өзге мәдениетке сыйластықпен, түсіністікпен қарау да үлкен мәдениеттілік. Бүгінгі тілмен айтқанда, толеранттылық. Толеранттылық деген терминді алғаш енгізген және жиі айтатын Батыс әлемі екені аян.

Бұл ретте халықтың діни сауатын арттыру – негізгі мәселе. Сауаттылық дегенде, «Бізге не жетпейді? Білім жетпейді. Оның ішінде, діни сауаттылығымыз өте төмен десек, артық болмас. Діни білімнің жетілуі дегеніміз – ауызбіршілікті күшейту деген сөз. Дін бірлікке шақырады. Діні күшті халықтың ынтымағы да мықты болады, жүз-жүзге, жік-жікке бөлінбейді. Бізге зайырлы да, зиялы діни кадрлар, дінтанушы ғалымдар қажет», деп айтқан филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлының сөзін тілге тиек ете кеткен жөн. Қарапайым халықты лаң салушы, жат діни ағым өкілдеріне қарсы діни сауаттандырудан кейінгі мәселе – олардың діни идеологияларына қарсы ЖОО-да, мектептерде, мемлекеттік мекемелерде лекция, семинар, кездесулермен қатар, насихат жұмыстарын жүргізу керек. Әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарын пайдалану да дұрыс ақпарат көздерін іріктей білуге үйрету қажет. Дәстүрлі емес діни ағым өкілдері интернет ресурстарын өте тиімді пайдаланатындығын ескермеуге болмайды. Олардың діни сайттар мен әлеуметтік желілерде көптеген топтары бар. Осыған байланысты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Рашид Мұхитдиновтің «Жастардың дәстүрлі емес ағымдарға кіру себептері» атты мақаласының мына бір тұсына назар аударғым келеді. Дін мәселесі көтерілген кез келген мақалаға ресми мекемелердің ұстанымын білдіретін арнайы топ құру. Олар Қазақстан сайттарымен қатар, Қазақстан азаматтары жиі қолданатын шетелдік сайттарға бақылау орнатып, сараптама жүргізіп отыру керек. Себебі мемлекеттік мекемелер көп жағдайда ақпарат тарату жағынан басқаларға қарағанда кеш қалып жататыны байқалады. Дәстүрлі емес діни ағым өкілдері ресми тараптан ақпарат алуға құлықсыз. Олар дереккөз ретінде интернет ресурстарын басшылыққа алады. Осы интернет ресурстарында мемлекеттің ресми ұстанымын баяндайтын мәліметтердің санын арттыру жұмысы қолға алынуы тиіс. Себебі интернеттегі іздеу сайттары арқылы мәлімет іздегенде бірінші болып сол ағым сайттары шығады. Іздеуші адам көп жағдайда уақыт үнемдеу үшін іздеу сайттарының бірінші парақшасындағы мәліметтерді көрумен шектеледі. Дәстүрлі емес діни ағым мүшелерінің басым көпшілігі жастар. Олар ондай ағымдарға рухани азық іздеп кіріп жатқаны да қаперден шықпауы керек. Ұлттық құндылықтарды насихаттау, ата-баба дәстүрін ұлықтау арқылы да, елдің рухани байлығын мемлекеттік брендтерге айналдыру арқылы да жастарды дұрыс жолдан жырақ кеткен ағымдардан құтқарып қалуға болады». Осыған байланысты дінтану пәнін оқыту процесінде дұрыс ақпарат көздерін іріктей білу және психологиялық тұрғыдан әлеуметтік желідегі жат ағым өкілдерінен қорғану тәсілі ретінде Қазақстан аумағындағы діни сайттардың ақпараттарының мазмұнына мән беріп, мешіттердегі атқарылған іс-шараларды ғана насихаттаумен шектелмей, нақты өмірлік тәжірибеде кездесетін мәселелерге жауап беруге талаптанған жөн. Қазіргі таңда ғаламтор және жастар қауіпсіздігі мәселесі өзекті. Елбасымыз «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында интернет пен әлеуметтік желіде діни экстремизмнің жолын кесуді, діни радикалды көзқарасқа мүлдем төзбеушілікті тапсырған. Экстремистер өздерінің теріс пиғылдарын психологиялық тұрғыдан сауатты түрде ғаламтор арқылы насихаттауды жетік меңгерген. Жат діни ағым өкілдерінің жазба дыбыс арқылы келетін жолдауларын, түрлі бейнедегі суреттерін, түсірген бейнероликтерін көрген жастар түрлі ойларға бой алдырады. Психологиялық тұрғыдан сауатты жасақталған материалдардың қауіптілігі де сонда. Жат діни ағым өкілдері жастардың психикасындағы солқылдақтық – еліктеу, сөзге еру, сенгіштіктігін пайдаланады. Олардың мінездеріне сай түрлі тәсілді қолданады. Біз осылардан сақ болуымыз керек. Өзіңді және жақындарыңды қорғау үшін алдымен психологиялық қорғаныстың әдістерін дұрыстап меңгеруіміз керек. Адамның өмірінде қауіп төндіретін ситуациялар болғанда, ол күйзелісті, қорқынышты, мазасыздықты басынан өткереді. Кез келген нәрсені көңіліне алғыш, көңілі жараланғыш болып қалады. Абыржуды азайту үшін психологиялық қорғаныстың әдістері қосыла бастайды. Психологиялық қорғаныс тәсілдері: қорғаныстың негізгі және бірінші түрі – теріске шығару. Өзіңді жағымсыз ситуациялардан қорғау үшін адам шын мәнінде болған нәрсені теріске шығара бастайды. «Бұл қате», «Бұлай болуы мүмкін емес», «Бұл мен емеспін» деген секілді сөз тіркестері адамның теріске шығару арқылы қорғаныс әдісінде тұрғанын көрсетеді. Бұндай сәттерде өзіңді және жақындарыңды қорғау үшін дауласып, әртүрлі дәлелдер келтіру керек емес. Одан да адамның жанында болып, оның ойлануына мұрсат берген жөн. Қорғаныстың келесі тәсілі – регрессия. Мысалы, егер отбасында екінші бала пайда болатын болса, үлкен баласы мінез көрсете бастайды. Егер жақын адамыңыз осындай қорғаныс тәсілін таңдаса, оған қолдау көрсету керек. Дін – мемлекетті қалыптастыратын негізгі институттардың бірі. Мемлекеттің негізін қалыптастыратын ұлт бірнеше жікке бөлінсе, мемлекет зиян шегеді. Әр адамның азаматтық қоғамды құрайтын жеке тұлға ретінде құқықтары толықтай сақталып, заңды, құқықтық қоғамда өмір сүргені абзал.

Ләззат МЫРЗАШОВА, облыстық оңалту орталығының инспекторы.

Ұқсас жаңалықтар