- Advertisement -

Алма, бүлдірген және құлпынай…

652

- Advertisement -

Меркі – тау баурайында орналасқан, өзендері мен ағын сулары мол, бау-бақша өнімдерін өсіруге қолайлы өңір. Құнарлы әрі экологиялық таза жеміс пен көкөніске сұраныс та жоғары. Жыл сайын күзде осында алма сатып алу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен ағылатын тұтынушыларда есеп болмайды. Әлбетте, күзде ол арзан бағаға өткеріледі.
Сондықтан да қаржысы бар бірқатар бағбандар қоймалар салуды қолға алуда. Олардың арасында сақтаған жемісін көктемде сатып, қыруар қаржыға кенелгендер де бар. Жеміс-көкөніс өсірушілерге мемлекет те үлкен қолдау, көмек көрсетуде. Ауданда 2014 жылға дейін 209 гектар алма бағы болса, биыл оның көлемі 586 гектарға жеткен.
– Бағбандар соңғы 5 жылдан бері өсімтал бауларды өсіруде жаңа технологияларды қолдануда. Алманың жоғары өнім беретін сұрыптарын, резинка түтіктерді Түркия, Польша және басқа да мемлекеттерден әкелуде. Олар тамшылатып суарылады. Мұның өзі бізге жеміс-көкөністі ойлы-қырлы жерде де өсіруге мүмкіндік беруде. Табиғи ресурстар, қаржы үнемделіп, қол жұмыстары азайтылуда, – дейді аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжаппаров.
Жамбыл ауылдық округінің аумағындағы Мұрат Рахымбаев жетекшілік ететін «Береке» шаруа қожалығының қарамағында 32 гектар жер бар. Оның жартысына жуығы ойлы-қырлы. Мұрат осындай алқаптағы 16 гектар жерде түрік технологиясымен алманың «Золотой превосход», «Редделишес», «Голденделишес», «Старкрымсон» және «Айдаред» сұрыптарын өсіріп отыр.

Оның 10 гектары тамшылатып, қалғаны ағын сумен ылғалдандырылады. Польшадан әкелінген бүлдірген мен құлпынайдың жоғары өнімді сұрыптары да жаңа әдіспен өсіріледі. Тұқым егуге әзірленген егістік толық пленкамен жабылады. Оның тұқым сіңірілетін тұсы ғана тесіледі. Мұның өзі алқапта арамшөп шығуына мүмкіндік бермейді. Тамшы тек өсімдіктің түбіне ғана тамады. Қол жұмыстары үш есеге дейін азайтылады. Тағы бір артықшылығы: құлпынай мен бүлдіргеннің пленканың үстінде жатқан жемісі шірімейді. Ал жерде жатқан өнім жылдам бүлінетіні белгілі.
– Алма ағаштарының бойы аласа болады. Олар екі жылдан кейін жеміс береді. Әр түптен 20 килограмға дейін өнім жинауды жоспарлап отырмыз. Бүлдірген мен құлпынайдан келесі жылы өнім аламыз. Ол әуелі аудандағы жергілікті тұрғындарға өткеріледі. Қалғаны сыртқа сатылады, – дейді Мұрат Рахымбаев.
Шаруа қожалығында жеміс-көкөністі күтіп-баптаумен 12 адам шұғылданады. Мұрат қарамағындағы жерді қоршау, бір трактор, пленка, резина түтік, сусорғы, басқа да қажеттіліктерді сатып алу үшін 38 миллион теңге жұмсаған екен. Жұмсаған қаржының 3 жылдан кейін еселеп қайтатынына нық сенімді. Ол, сондай-ақ алқап басында келесі жылы сыйымдылығы 400 тонналық қойма салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба толық жүзеге асса, келешекте агроқұрылымда 28 адам жұмыс істеп, облысымызда жеміс-көкөніс молшылы­ғын жасауға тағы бір қадам жасалады.

Ақылжан Мамыт

Меркі ауданы.

Суреттерде: аудан әкімінің орынбасары Б.Әбжаппаров және М.Рахымбаев.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support