- Advertisement -

Тапсырмалар тиянақты орындалуы тиіс

175

- Advertisement -

облыс әкімі Асқар Мырзахметов Талас, Сарысу аудандарының актив жиынына қатыстыАғымдағы жылдың алғашқы алты айында аудандарда атқарылған жұмыстармен және облыстық әкімдік пен оған қарасты басқармалар арасындағы индикаторлық көрсеткіштердің барысымен танысу мақсатында облыс әкімі Асқар Мырзахметов Талас, Сарысу аудандарында жұмыс сапарымен болды. Аудан активтерімен өткізілген жиындарда өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруде туындаған мәселе­лер жан-жақты талқыланып, жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді.

Таластағы
тірлікте тұралау көп

Өңір басшысы алдымен Талас ауданы әкімдігінде жиын өткізді. Басқосу барысында ауданның агросекторда 3 негізгі индикаторға қол жеткізе алмағаны белгілі болды. Сондай-ақ егін шаруашылығына бағытталған 20 мың гектар алқаптың тең жартысы кәдеге аспай тұр. Оның 5000 гектары суармалы егістік алқабына жатады. Таластық шаруалар мал басы мен техникаға мемлекеттен бөлінетін қыруар қаржыны да пайдаланып, табысын еселеуге құлықсыздық танытқан. Бұл – аудан әкімдігі тарапынан ақпараттандырудың тиісті дәрежеде жүргізілмегендігін аңғартады.
Мұнан бөлек, кәсіпкерлік саласында да оң нәтиже байқалмайды. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны аз, әрі өндірістік әлеуеті төмен. Күні кеше қолданысқа берілген ірі жобалардың өзі өнім өндіруде қабілетсіздік танытуда. Екі жыл бұрын іске қосылған «Жамбыл Недр» цемент зауыты солардың қатарында. Жаңадан ашылған кәсіптік нысандар саусақпен санауға да келмейді. Аудан орталығында кәсіпкерлік мақсатта пайдаға асыруға лайықты 12 ғимарат қаңырап бос тұр. Өйткені жергілікті кәсіпкерлік саласында ауқымды инвестициялық жобалар тартылмаған. Өңір басшысы экономи­каның өзегі болған қос саладағы жүйесіздікке жол берген аудан әкімдігінің жұмысын сын тезіне алды.

Ауданда ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікпен бірге әлеуметтік саладағы жұмыстың да аяқ алысы көңіл сүйсінте алмайды. Аймақтағы ауызсу мәселесінің шешімі табылмаған. 55 мың таластық орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылғанымен 22 мың тұрғын суды арнайы кестеге сай тұтынып келеді.
Қылмыс деңгейінің төмендемеуіне де аудан тұрғындары алаңдаушылық білдіруде. Мәселен, жыл басынан бергі алты айда бұрын істі болғандардың қатысуымен 26 құқық бұзу фактісі тіркелген. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын қылмыс пен пәтер ұрлығы да өрши түскен.
Жиында өңір басшысы аудан әкімдігіне осынау мәселелерді шешу жолдарын уақыт оздырмай қарастыруды тапсырды. Өз қызметіне атүсті қараған қызметкерлер сөгіс алды. Ендігі кезекте таластық шенділерге түйткілді мәселелердің түйінін тарқатып, тоғыз айлық жұмыстың көрсеткіштерін түзету жолында аянбай тер төгуге тура келеді.

Сарысудағы
жұмыстарға серпін керек

Өңір экономикасының сан саласындағы шетін мәселелер мен оларды шешу жолдары облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Сарысу ауданы активімен кездесуінде де жан-жақты талқыланды.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне жүргізілген талдау нәтижелері мұнда да негізгі салаларда бірқатар мәселелердің бар екендігін көрсетті. Атап айтар болсақ, өңір экономикасының өзегі саналатын кәсіпкерлік саласы жаңа жобаларға зәру. Ауданда индустриалды-инновациялық жобаларды тарту жұмыстары әлі де ақсап тұр. Тіпті жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік нысандардың өзінде мәселе шаш етектен. Мәселен, жұмысын жақында ғана бастаған «Асылтұз» кәсіпорнын шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі өз шешімін таппаған. Өңірде қызметін тоқтатқан, алайда кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға болатын мүмкіндігі бар кәсіпорындардың да ортақ базасы жасалмаған.
Ауыл шаруашылығы саласындағы межелі міндеттердің дені орындалғанымен аудандағы агросектор саласында ілгерілеушілік байқалмайды. Себебі, 7000 гектарға мақсары дақылын еккен шаруалар күні ертең дайын өнімді өткеру мәселесіне тап болғалы тұр. Сол секілді, өңірде сүт өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ.
Актив жиынында басқарма басшылары Сарысу ауданындағы айналымнан шығып қалған жер телімдері мен жайылымдық жерлерді игеру мәселесіне де ерекше назар аударды. Басқосуда бұл салада білікті маман тапшылығы да айтылды.
Жыл санап халқының саны арта түскен Жаңатас қаласында құрылысқа қарқын қосатын кез жетті. Себебі аудан орталығындағы 16 тұрғын үй жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ кей ауылдарда ауызсу әлі күнге дейін сағаттап қана беріледі. Осынау қолайсыздыққа қарамастан судың бағасы өзге аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда қымбат.
Дәл осы мәселелерді басты назарға алған өңір басшысы аудан әкіміне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеп, облыс әкімдігімен, салалық басқармалармен түзілген индикаторлық көрсеткіштерді орындау қажет екендігін ескертті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support