- Advertisement -

Өзен-көлдердегі қайғылы жағдайдың көбеюіне не себеп?!.

165

- Advertisement -

Жаз мезгілі басталы­сымен-ақ ажалы судан болғандардың саны көбеймесе, азаймай тұр. Басқасын айтпағанда, біздің өңірдің өзінде жыл басынан бері 11 оқиға тіркеліп, 12 адам көз жұмған. Қаза тапқандардың ішінде – 6-уы кәмелет жасқа толмаған балалар екен.
Ал өткен аптада «Зербұлақ» көлінде 12 жастағы және Талас өзенінде 8 жасар бала ажалдың тырнағына ілікті. Міне, облысымызда жаздың орта шеніне жетер-жетпес, су ішінде сұм ажалмен бетпе-бет келгендердің қатары көбейіп жатыр. Өкінішті-ақ.
Осыдан кейін санамызда жамбылдағы демалыс аймақтарында қауіпсіздік ережелері қаншалықты сақталады деген заңды сауал туатыны белгілі. Әрине, біз төтенше жағдайлар саласының мамандарын немесе ата-аналарды айыптаудан аулақпыз. Тек суға шомыларда өзіңнің жəне жақындарыңның, əсіресе балалардың өміріне жауапкершілікпен қарай білу керектігін тағы бір еске саламыз.
Соңғы күндері осы оқиғаларға байланысты жағажайлардағы қауіпсіздік жұмысы күшейтілді. Біз де жауапты сала мамандарымен бірге демалыс аймақтарына арнайы барып, «Зербұлақ» көлі мен Талас өзенінің маңында өткен рейдке атсалыстық. Рейд барысында байқағанымыз, демалушылардың бойында әлі күнге дейін немқұрайлылық бар. Рұқсат етілмеген жерлерде шомылудың соңы неге соғатынын тəптіштеп түсіндіріп жүрген төтенше жағдайлар департаментінің арнайы мамандарының сөзіне көпшілігі мән бермейді. Тіпті елемейді де. Сол себепті мұндай қайғылы оқиғалардың дені азаматтардың басым бөлігінің мамандардың ескертпесіне құлақ аспайтын­дығынан туатынын айтады. Ал құтқару­шылардың демалу­шыларға ескерту жасаудан басқа амалы жоқ екен.

– Жыл басынан бері өкінішке орай11 оқиға тіркелді. Оның ішінде, Тараз қаласында – 2, Жамбылда – 4, Шу — 3, Жуалы, Мойынқұм және Меркі аудандарында бір адамнан қаза тауып отыр. Ағымдағы жылы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп адамдар көп шомылатын орындарда және рұқсат етілмеген су айдындарында рейдтік үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Өткен жылдың дәл осы кезеңінде облыс аумағында 17 оқиға тіркеліп, 18 адам қайтыс болған. Оның ішінде – 14-і балалар еді. Сондықтан департамент қызметкерлері облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков және білім басқармасымен бірлесіп іс-шаралар жоспарын бекітті. Аталған жоспарға сәйкес, облыс орталығында және барлық аудандарда тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұдан бөлек, биылғы жылдың сәуір-мамыр айларында балаларға су айдын­дарында шомылу тәсілін үйрету мақсатында орта мектептерде дәріс сабақтары және ата-аналармен 300-ге жуық жиналыстар өткізілді.
Білім басқармасымен бірлесіп балаларға су айдындарында шомылу тәртібін үйрету мақсатында жоспар бекітілген болатын. Дәл сол жоспарға сәйкес, «Зербұлақ» көлінде іс-шара өтіп жатқанда өкінішке орай оқыс оқиға тіркелді. Құтқарушылар дер кезінде байқағанымен, бір баланы ажалдан арашалап қала алмады. Жалпы әр ата-ана өз баласына жауапты. Біз ата-аналарға ескертуден басқа амал қолдана алмаймыз. Ал олар біздің ескертпелерімізге құлақ аспаған жағдайда осындай қайғылы жағдайлар орын алуда, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Омар Тәкеев.
Әрине жаздың шіліңгір шілдесі шыжғырғанда өзен-көлдің маңайын торуылдайтынымыз шындық. Салқын суға түсіп, сергек ойлауды қалаймыз мұндайда. Алайда дана халқымызда «Сақтансаң, сақтайды» деген тәмсіл бар екенін ұмытпаған абзал. Шомылу тəртібі мен қауіпсіздік ережесіне бағынғаныңыз, өзіңіз үшін ғана емес, өзгелер үшін де маңызды.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support