Ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды

Ынтымақтастық  меморандумдарына қол қойылды
ашық дереккөз
Ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды
Астана қаласының облысымыздағы күндеріне орай Елордадан арнайы делегация келді Астананың 20 жылдығы еліміздің әр өңірінде жоғары деңгейде тойланып, аталып өтілуде. Кеше басталған облысымыздағы Астана күндері де соның бір айғағы. Аталмыш мерекеге орай Елордадан өңірімізге арнайы делегация келіп, жамбылдықтармен жүздесіп, мерекелік көңіл-күй тарту етуде. Сондай-ақ делегация құрамының бір бөлігін экономикалық-әлеуметтік сала өкілдері құрайды десек, олар да өз кезегінде өңіріміздегі өндіріс орындарын, әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыстарымен танысты. Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бастаған топ «КазУпакТрейд» ЖШС-ның және «Казфосфат» ЖШС-ның «Минералды тыңайтқыштар зауытында» болып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Кейбір жайттарға байланысты өздерінің ойларын жеткізіп, ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ қонақтар «Астана – Жамбыл облысы аймақаралық ынтымақтастық бизнес-кездесуіне» қатысып, өз салалары бойынша тәжірибе алмасты. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде өткен басқосуды облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов ашып, жүргізіп отырды. – Жақында ғана Астана қаласының 20 жылдығын кең көлемде тойлап өттік. Енді міне, осыған орай Астана қаласының Жамбыл облысындағы күндерін өткізудеміз. Әлбетте, Астана – барлық өңірдің, әрбір қазақстандықтың мақтанышы, соған қарап бет түзейтін айнасы десек те болады. Ендеше, бұл айтулы шараның өтуі қос тарап үшін де, әсіресе жамбылдықтар үшін тарихи күн болмақ. Ал Елорда күндері аясындаға ұйымдастырылған бизнес-кездесу өзара ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға таптырмас мүмкіндік, – деген Ерқанат Нұрбапаұлы жиынның маңыздылығына тоқталып, қонақтардың қадамына құт тіледі. Өз кезегінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев тарихы терең Тараз, киелі Әулиеата жерінің қонақжайлығына алғысын білдіріп, Астананың гүлденіп-өркендеуі жолында аймақтардың оның ішінде Жамбыл облысының да үлесі зор екенін жеткізді. Сонымен қатар Елорданың әлем қалалары арасындағы абыройы мен беделін, оның қалыптасуындағы Елбасының ерен еңбегін ерекше атап өтті. Ермек Әмірханұлы бұл кездесу аймақтардың арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың одан әрі дамуына серпін беретініне сенім білдірді. Жиын барысында Астана қаласы әкімдігінің инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бекмұрзаев, «Астана» ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары Досбол Күшербаев, «Астана Innovations» АҚ басқару төрағасының орынбасары Серік Құсайынов, «Смартнет» жеке кәсіпкерліктің директоры Таир Қожахметов, «Лед Солюшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қаныбек Айтақов және өзгелер сөз алып Елордадағы атқарылып жатқан жарқын істерді мысалға келтіре отырып, бүгінде түрленіп, жаңару үстіндегі Тараз қаласында да сондай игі істерді бірлесе атқаруға болатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ басқосуда екі тараптың өкілдері арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды. Бұдан соң қонақтар шаһардағы шырайлы орындар мен тарихи кешендерді, руханият және спорттық нысандарды аралады.

Жанғазы АХМЕТ

Ұқсас жаңалықтар