- Advertisement -

Қауын-қарбыздың саудасы қызып тұр

252

- Advertisement -

Бала біткеннің арманы, үлкендердің таңдауы болған жайдары жаз мезгілі де жартысынан асып барады. Жүйрік уақыт тоқтайтын емес. Оған мән беріп жатқан ешкім жоқ, жұрттың назары жаздың қызығында. Жаздың қызығы неде? Аталған мезгілдің рахаты – ыстық күнде шомылатын салқын су, балаларға балмұздақ, таза ауа, жақсы серуен, табиғаттың аясы… Мұнан бөлек бір қызығы – жеміс-жидек, қауын-қарбыз. Біз бүгін осы төңіректе ой қозғамақпыз.

Жеміс-жидек – қай кезде де көздің құрты, әуес ас. Оның немен пісетіні, қалай әкелінетіні де көп адамды қызықтырмайтын секілді. Ең дұрысы мезгілімен сатылған, уақытында піскен жемістер. Дәл қазіргі таңда жеміс-жидектің, қауын-қарбыздың саудасы жүріп тұр. Қай ауданға шықсаң да, жолдың бойы самсаған қауын мен қарбыз. Облыс орталығы Тараз қаласында да солай. Қауын-қарбыз сататын дүңгіршектерден аяқ алып жүре алмайсыз. Олардың көбісі сатып алушылардың қарасы көп деп жолдың бойын таңдайды. Жолдың бойынан сауда жақсы жүреді. Бірақ көліктер ағылып өтіп жатқан жерде тазалық бар екені күмәнді, сатылып жатқан өнімдер талапқа сай деп айту қиын.
Жеміс-жидектің сатылу жағдайын тереңірек білу үшін «Ауыл-береке» базарына атбасын бұрғанбыз. Алма, өрік, қауын-қарбыз дегеніңіз кіреберісте де толып тұр. Алымсақтар да аз емес. Бірақ дәл қасынан базардың ішіне қарай көліктер зымырап өтіп жатыр. Бұл – базардағы жағдай. Қазір судай жаңасы болмаса, көк түтіні будақтамаған көлік аз. Машина өткен жерден топырақ суырып, шаң шықпайды дегенге де сену қиын. Әйткенмен кіреберістегі дүңгіршектегі сатушы қауындардың Жетісайдан жеткізілгенін айтты. Бағалары қолжетімді. Бір данасы – 150-200 теңге. Бірақ тазалығы мен сапасы жайлы сөз басқа.
«Одан да әрі өткенде…» дегендей, әрі жылжыдық. Жағалай қауын-қарбыз. Бәрінің маңы үлкен-кішілі көліктерден бос емес. Күмәнданатынымыз тазалығы ғой. Тіпті базардың шеткі шығаберіс жағында жеміс-жидек, көкөністер сатылады. Ол жерде картоп, қырыққабат, сәбіз дегеніңіз жерде шашылып жатыр. Бұл жерде де тазалық жоғы анық. Көзге көрініп тұр. «Онда сіздің шаруаңыз қанша? Күнге күйіп сауда жасап тұрған біз ғой. Біз сатып жатқан 5-10 қауынға қарап қалдыңдар ма?» – деп саудагер қыз-келіншектер «тулай» жөнелді.
Бұл – бір базардың ахуалы. Шаһардың кез келген үлкен көшелерінен уақытша «бүркеншіктер» жасап, жеміс-жидек, қауын-қарбыз көкөніс сатып тұрған саудагерлерді кездестіреміз. Өзіңізге қажетті өнімді қай жерден аламын десеңіз де өзіңіз біліңіз. Еркіңізде.
Біз осы орайда облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тағам нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы Махпуза Дазиловаға жолығып, мәселенің мәнісін сұраған едік.
– Ол рас, көшелерде бейберекет сатылып жатқан өнімдерді көзіміз көріп жүр. Бірақ кәсіпкерлік туралы кодекске өзгертулер енуіне байланысты ол жағдайды біз нақты тексере алмаймыз. Эпидемиологиялық маңызы төмен нысандарды тексеруге құқымыз жоқ. Біз кондитерлік өнімдерді, сүт асханаларын, ұйымдасқан асханаларды тексереміз. Бұлар эпидемиологиялық маңызы жоғары нысандарға жатады. Ал ақиқатына келгенде, оларда жеміс-жидек, көкөніс өнімінің сапасын анықтайтын құжат болуы қажет. Базардағы өнімдер арнайы зертханадан өтуі тиіс. Біз облыстық кәсіпкерлік палатасы арқылы өнімнің сапалы болуы туралы парақшалар береміз. Тек арыз түскен жағдайда ғана тексереміз. Адамның денсаулығына нұқсан келген жағдайда мән-жайды анықтаймыз, – дейді Махпуза Әріпбайқызы. Сала маманының сөзі бұл.
Қарбыз құрамында адам денсаулығына аса пайдалы В,С,Р дәрумендері бар. Шөлдегенде шөліңді басады. Алайда өнімнің тазалығы мен сапасы алғашқы орында тұрса керек. Кезінде «Бостандықтың қарбызы», «Жуалының картобы», «Үшаралдың қауыны» деген атаулардың жарнамасы жер жарып тұратын. Әрине, ол өнімдер табиғи өсуімен ерекшеленді. Қазір өнім өсірудің сан тарау жолдары бар. «Мен қазір Бостандық, С.Шәкіров ауылдарында қарбыз өсірумен айналысамын. Кейінгі жылдары қыртысы қалың, қара қарбыздарды өсіріп жүрмін. Қарбыздың бұл түрі кеш піседі. Қыркүйек айының соңына таман. Қысқа арнап сақтауға да шыдамды. Қарбыздың бұл түрін өсіруде де зиянға қалған жоқпыз. Қарбыз тұрғындарға қай кезде де керек қой», – дейді қауын-қарбыз өсіруші бағбан Еркін Егембердиев.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support