- Advertisement -

Жолаушыны заңсыз таситындарға тосқауыл бола ма?

158

- Advertisement -

Қазіргі таңда облыс орталығында автобус және такси жүргізушілерінің жол бойындағы заңсыз іс-әрекеттері тыйылмай тұр. Жолаушылар олардың куәлігімен, патентімен, басқа да заңға сәйкес құжаттарымен де ісі жоқ. Ал сол жолаушылар Тараздан аудандарға, көршілес қалаларға қатынайтын заңсыз жүрген таксистерге бір-ақ рет берілетін өмірін аманат етеді.
Күні кеше дәл осы салаға жауапты облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың төрағалығымен өткен жиын барысында аталған мәселені шешу жолдары қарастырылды. Басқосуға облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев, оның орынбасары Бақытжан Жәнібеков, облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Уәлихан Сексенбаев және облыс бойынша Көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Темірлан Мукушев, Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Кенжеғали Есембеков, сондай-ақ Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жақсылықов қатысты.
Жиын барысында облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Жәнібеков баяндама жасап, қазіргі күні Тараз қаласы аумағында 8 стихиялық тұрақ бар екенін тілге тиек етті. Б.Жәнібековтің айтуынша, облыс орталығындағы Жансая, Сельпо, Қайқармет пен №2 автопарк аумағында, сонымен қатар «Автобекет Тараз» ЖШС, «Мәди», «Арлан» және «ЕРК-ойл» жанармай құю бекеттерінің маңында тіркелмеген таксистердің «дәурені» жүріп тұр. «Мұндай аймақтарда автобекет немесе жолаушыларға қызмет көрсету пунктерін анықтап, автокөлік құралдарының тоқтауына тыйым салатын жол белгілерін қойып, бейнебақылау камераларын орнату керек», – деді ол.
Ал облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Уәлихан Сексенбаев былтырғы жылы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 597-бабына сәйкес – 781, биыл 1763 автобус иелеріне айыппұл салынғанымен қаланың әр түкпірінде шоғырланып тұратын заңсыз таксистердің саны азаяр емес.
Жиын соңында Еркебұлан Дауылбаев мәселенің түйінін шешудің орнына мұң-мұқтажын жеткізген жауаптыларға жыл басында бекітілген іс-шара жоспарын қайта қарап толықтыру енгізуді, сондай-ақ жуық арада заңсыз такси қызметін көрсетушілерге қарсы 10 күндік акция жұмысын бастауды қатаң тапсырды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support