- Advertisement -

Әзербайжан Қазақстан қалаларына жаңа әуе рейстерін ашпақ 

203

- Advertisement -

Шетелдік туристерді Қазақстан несімен қызықтырады?

Көршілес жатқан Әзербайжан елі туристік саладағы серіктестікті нығайта түспек. Жоспарда теңіз саяхатын ұйымдастырып, Қазақстан қалаларына жаңа әуе рейстерін ашу көзделіп отыр.

Қазақстан мен Әзербайжан тұрғындары арасындағы қатынас жанданып келеді. Статистика бойынша былтыр Қазақстаннан бұл елге 36 мың адам барған. Ал осы жылдың 5 айында 13 мың азамат саяхаттап үлгерді. Сондай-ақ Әзербайжаннан елімізге келушілердің де қатары қалың. Дегенмен олардың көбісі іскерлік мақсатта қазақ елінде болып қайтқандар.

Кянан Гулузаде, мемлекеттік туристік агенттіктің өкілі:

— Көбінесе қазақстандықтар елімізге Наурыз мерекесінде, фестиваль және ауқымды спорттық шараларда келіп жатады. Керісінше, Қазақстанға барып жатқан әзербайжандықтар да көп. Біздің бақылауымыз бойынша, олардың басым бөлігі іскерлік бағыттағы сапарлар. Және олар Ақтау, Алматы, Астана қалаларын таңдайды екен. Бүгінгі екіжақты мәдени, экономикалық, саяси серіктестікті ескерсек, бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді.

Сол себепті Әзербайжанның мемелкеттік агенттігі қатынау құралдарының түрлерін арттырып, туристік ағын қатарын қалыңдатпақ ниетте. Оның ішінде теңіз бағытын іске қосып, Ұлы Жібек жолының әлеуетін қолдану жоспарланып отыр. Туристік агенттіктердің мәліметіне сай, әзербайжандықтар көбіне Қазақстанның үлкен қалаларын таңдайды екен.

Музаффар Агакеримов, Әзербайжан туристік қауымдастығы төрағасының кеңесшісі:

— Қазақстанда әдемі нысандар мен қалалар көп. Сондай жерлердің бірі – Алматы. Астана болса ХХІ ғасырдың қаласы. Сондай-ақ Қазақстанда ауқымды халықаралық шаралар көп өтеді. Мысалы, ЭКСПО-2017 туристердің қызығушылығын тудырғаны анық. Яғни Қазақстаннан мәдени және қысқы туризмдерді ұсынамыз.

Жүргізілген қысқаша сауалнамаға сәйкес, әзербайжандықтарды Қазақстанның өзіндік түркі мәдениеті қызықтыратын көрінеді. Және олар мемлекеттің жас қалаларымен қатар ежелгі көрікті жерлерін көргісі келетіндіктерін жеткізді.

Ряван Казимов, Баку қаласының тұрғыны:

— Бала кезімнен Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда болуды армандап келемін. Әзірге ондай мүмкіндік тумады. Маған көбіне қазақ елінің өзіндік мәдениеті, ұлттық киімі және тағамдары қызық. 

Нурана Иманова, Баку қаласының тұрғыны:

— Маған Ақтау қаласының жағажайы ұнап жүр. Сол шаһардың жағалауына барып демалуды жоспарлап жүрмін.

Сарапшылардың пікірінше, екі ел арасындағы туристік бағытты дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Арзан бағада қатынайтын жаңа әуе рейстерін ашу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Қазақстанның көрікті жерлері, ежелгі ескерткіштері, демалыс орындары жайлы ақпарлар санын арттыру қажет. «Сондай-ақ басқа елдерге қарағанда өзара саяхаттың бағасын арзандату туристік байланысты арттырады», – дейді мамандар.

Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

ақпараткөзі;24.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support