- Advertisement -

Мерекелік медальдармен марапаттады

166

- Advertisement -

Еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген ең бір жарқын жетістігі – Астана. Елбасының ерлікке тең бастамасының арқасында бой көтерген ажарлы да арайлы Астанамыз – бүгінде барша қазақстандықтардың мақтанышы, мәртебесі, мерейі. Ендеше, ерке Есілдің бойындағы еңселі елордамыздың мерейтойы елдің қуанышы десек, қателеспейміз. Биыл асқақ Астанамыздың құрылғанына жиырма жыл толып отыр. Әлбетте, осы жылдар ішінде бас қаламыздың өсіп- өркендеп, үлкен жетістікке жетуіне барлық өңір тұрғындарының, оның ішінде жамбылдықтардың да қосқан үлесі мол. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен салтанатты жиында облыс әкімі айтып өтті. Сондай-ақ Асқар Мырзахметов жиналғандарды мерекемен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.
– Қазіргі таңда Астана күні мерекесі тек сол қаланың тұрғындарының ғана емес, жалпы халықтық мерекеге айналғандығы ақиқат. Ол – өңірлердің қарқынды дамуының басты факторы, олардың алға қарай ілгерілеуінің драйвері іспетті. Қазақстандағы барлық оң бастамалар мен өзгерістерге бас қаламыздың бүгінгі келбеті ықпал етіп отыр десек, артық айтпаймыз. Елдің дамуына да серпін беретін осы елордамыз. Бұл туралы «Астана – аймақтар арқауы» атты форумда да жан-жақты айтқан болатынбыз. Өйткені өркендеу мен дамудың қазақстандық жолын қалыптастырған еліміздің даму бағдары – Астананың дамуымен тамырлас, – деді облыс әкімі Асқар Исабекұлы.

Айтулы мереке қарсаңында еліміз бен Астананың дамуына, өңірлердің өркендеуіне атсалысқан азаматтар мен лауазым иелерінің еңбегі ескеріліп, мерекелік медальдармен наградталуда. Сондай марапатқа ие болған бірқатар жамбылдықтарды Асқар Исабекұлы құттықтап, медальдарды салтанатты түрде тапсырды. Атап айтар болсақ, Президент Жарлығымен «Астана – 20 жыл» мерекелік медалімен облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, облыс әкімі аппаратының басшысы Нұржан Календеров, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев және тағы басқалар марапатталды.
Бұдан соң марапатқа ие болған азаматтар сөз алып, Астананың құрылу тарихына, бүгінгі беделіне, Елбасының ерен еңбегіне тоқталып, тағылымды естеліктерін ортаға салды.
Осы күні облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов мерекелік төсбелгіге ие болған мәслихат депутаттарын қабылдап, Елбасы марапатын тапсырды. «Астана – 20 жыл» мерекелік медалін кеудесіне таққан депутаттар қатарында Мұратхан Шүкеев, Алтай Райқұлов, Гүлдара Нұрымова, Абай Нұржанов, Бақтияр Алдашов бар.

Суретті түсірген
Алтынбек Қартабай.

Жанғазы Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support