- Advertisement -

Бір күнде екі спорт кешені пайдалануға берілді

132

- Advertisement -

Арқа төсіндегі арман қала – Астананың 20 жылдығына орай күні кеше шаһарымызда екі бірдей спорт кешені пайдалануға берілді. Елорданың төл мерекесі қарсаңында ашылып отырған аталған нысандарға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов арнайы барып, жұртшылықтың қуанышына ортақтасты.
Әуелі Қойгелді көшесінің бойында орналасқан облыстық олимпиадалық резервтің арнайы мектебіне атбасын бұрған Ерқанат Нұрбапаұлы құны 494,7 миллион теңгені құрайтын спорт нысанының ашылу салтанатына қатысып, жиналғандарды құттықтады.
– Елбасымыздың ерен еңбегінің арқасында бүгінде сәулетті қалаға айналған Астананың 20 жылдығына орай облысымызда 20 нысан пайдалануға берілмек. Бүгін біз сондай қуанышты сәттердің біріне куә болып отырмыз. Енді мұнда келешекте ел намысын қорғайтын спортшылар тәрбиеленетін болады. Жалпы Жамбыл өңірі саңлақ спортшыларға кенде болған емес. Төрт жылдықтың басты бәсекесінде тараздықтар талай мәрте атой салған. Бүгінгі балғын спортшылар осындай заманауи нысандарда жаттығып, аға, әпкелерінің ерлігін қайталайды деген сенім мол, – деді Е.Манжуов.
Айта кету керек, өткен жылдың наурыз айында басталған ғимараттың құрылысын «Қаратау құрылыс – 2030» ЖШС жүргізген. Заманауи талаптарға сай бой көтерген кешенде спорттың көптеген түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Мәселен, мұнда еркін күрес, дзюдо, грек-рим және бокспен алаңсыз айналысуға болады.
Дәл осы күні облыс орталығындағы Абай даңғылында орналасқан №4 облыстық арнайы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде велосипед базасы ашылды. Шараның ашылу салтанатында сөз алған Ерқанат Нұрбапаұлы спортшыларды жаңа нысанға ие болуларымен құттықтады. «АЕМ» ЖШС құрылысын жүргізген ғимараттың құны 166,5 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі таңда облыс бойынша 109 адам спорттың осы түрімен тұрақты түрде айналысатынын ескерсек, енді олар үшін жаттығу жасауға мол мүмкіндік туып отыр. Себебі аталған базада спортшылар үшін спорт залынан бөлек, асхана мен велосипед жөндейтін шеберханаға дейін бар. Өз кезегінде балғын велосипедшілер сүйікті істерімен шұғылдануға жағдай жасаған жандарға алғыстарын айтуда.
– Мұндай игі істің басы-қасынан табылып жүрген барша адамдарға рахмет айтқым келеді. Астананың туған күнінде біз жаңа базаға қол жеткіздік. Енді бұл жерде тыным таппай жаттығатын боламыз. Бұған дейін біз жертөледе жаттығуға мәжбүр болдық. Онда жағдай жоқтың қасы. Жаттығудан кейін жуыну үшін үйге асығатынбыз. Ал мұнда бәрі бар, – дейді жас спортшы Еркін Алмасбекұлы.

Есен Өтеулиев

Суреттерді түсірген
Юрий КИМ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support