- Advertisement -

Бұдан былай жер телімдері жаңа талаптармен беріледі

116

- Advertisement -

Мемлекет басшысы биылғы 4 мамырда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойғаны баршаға мәлім. Заң 2016 жылы Парламент депутаттарының, орталық уәкілетті органдардың, қоғам қайраткерлері мен азаматтық қоғам белсенділерінің атсалысуымен арнайы Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысы негізінде әзірленген болатын.
Кеше облыстық әкімдікте Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің салалық орынбасарлары, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармалары мен олардың аудандық бөлімдерінің, мүдделі мекемелер басшыларының, ауылдық округтер әкімдерінің қатысуымен өткен жиын барысында, міне, осы заңнамалық құжаттың негізгі нормалары жан-жақты түсіндірілді.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев ашып, жүргізіп отырды. Мәден Тоқтарбайұлы жиналыстың мән-маңызына, аталған негізгі Заңның 23 бабына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып, оның алдында бұл заң жобасы ел аумағында кеңінен талқыланып, онда республикалық жер комиссиясының ұсыныстары толығымен ескерілгенін атап өтті.
Ал Заңның негізгі нормаларын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің жер қатынастарын және жерге орналастыруды реттеу басқармасының басшысы Жанар Қаржанова егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.
– Жер мәселесі қашан да өзекті. Жалпы жер реформасы қоғамда айрықша қозғау туындатып, қызу талқыланғаны белгілі. Елбасы қол қойған жаңа Заңның ерекшелігі – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру тәртібінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ететіндігінде, – деді ол. – Айта кету керек, бұл Заңда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке сату және шетелдіктерге жалға беру туралы бірде бір норма жоқ. Керісінше, онда ауыл шаруашылығы жерлерін беруге енгізілген мароторийдің шеңберін кеңейту қарастырылып отыр. Бір пайыз болса да шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер берілмейтіні қадап айтылған.
Жанар Қабулсағатқызының айтуынша, Заңға, біріншіден, ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға ғана жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру мақсатында жалға берудің жаңа әрі бөлек тәртібі енгізілген. Атап айтқанда, жалға беру тәртібінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету және жемқорлық сыбайластыққа жол берілмеуі үшін конкурсқа қойылатын жерлер тізбесін бекіту, оны міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен келісу, жер комиссиясының құрамына 50 пайыз көлемінде қоғамдық кеңестер мен ҮЕҰ-дың өкілдерін енгізу қарастырылып отыр.
Екіншіден, ауыл шаруашылығы жерлерінің үлкен көлемде «бір қолға» берілуін болдырмау мақсатында әр облыстың әкімшілік аумақтары шегінде ауыл шаруашылығы жерлерінің шектік мөлшерін белгілеу көзделген. Бір қолға берілген жерлердің мөлшері жергілікті мәслихаттар мен әкімдіктердің бірлескен ұсыныстары негізінде Үкіметпен бекітілетін болады. Бұл шектік мөлшерді айқындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан тиісті есептеу әдістемесі әзірленген.
Үшіншіден, мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптары ешкімге берілмейді, тек жергілікті тұрғындардың жайылым, шабындық ретінде пайдалануына ғана рұқсат етіледі.
Төртіншіден, жергілікті тұрғындардың жеке ауласында ұстайтын малының саны жылдан-жылға өсуіне байланысты аталған Заңда жайылым жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында елді мекендер айналасында жайылым алаңдарын айқындайтын норма көзделген. Осы мақсатта белгіленген жайылымдарды жалға беруге тыйым салынады. Сонымен бірге елді мекендердің маңындағы жайылымдардың көбі жеке және заңды тұлғаларға беріліп кеткендігі ескеріліп, әкімдіктерге ол жерлерді қайтару үшін тұрғындардың жайылымдыққа деген мұқтаждығын мемлекеттік қажеттілікке жатқызу жағы да қарастырылып отыр.
Былайша айтқанда, елдің де, жердің де тағдыры жан-жақты ойластырылған бұл құжат нағыз халықтық сипатқа ие болатынында дау жоқ. Дегенмен заң барда, оны тиісті талаптарына сәйкес мүлтіксіз тиянақтап орындау да бар екені ұмытылмауға тиіс. Бүгінде ауылдықтардың қайсыбірінің жерді иелену актісі ескіргенін, оны қайта рәсімдеуден өткізбесе заңға томпақ келетінін қаперге де алмай жүргендері баршылық. Жекеменшік иелігіндегі жерлердің пайдаланылмай, бос жатқаны да жоқ емес. Жаңа Заң шын мәнінде күшіне енуі үшін мұның бәрін де заңдастыру қажет болады. Жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің бұл ретте көптеген ретсіздіктермен бетпе-бет келуіне де тура келуде, әзірге.
Аталған жиын барысында мүдделі басқармалар басшылары мен бірқатар ауылдық округтер әкімдері өздерін толғантқан сұрақтарына жауап алып, ұсыныстарын жеткізді.
Жанар Қабулсағатқызы бұл ұсыныстардың бәрі де ескерілетінін еске салып, облыс, аудан, ауыл әкімдерімен жаңа Заң талаптары аясында бірлесе жұмыс істеудің арқасында оң нәтижелерге қол жеткізілетіндігіне сенім білдірді.

Баймаханбет Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support