Жарнама заңсыздығына жол берілмеу керек

Жарнама заңсыздығына жол берілмеу керек
ашық дереккөз
Жарнама заңсыздығына жол берілмеу керек

Тараз – облысымыздың айнасы. Көрікті қаламыздың көркемдігі бәрімізге мақтаныш. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов алғашқы күннен бастап Тараздың сәулетін арттырып, көркейтуге кіріскені белгілі. Қаладағы бірқатар жөнсіздіктермен бірге жабайы сауда орындарының көбейіп кеткені, жарнамалардың ретсіз әрі шектен тыс көп ілінуі шаһар көркінің сұрқын кетіріп тұратыны жасырын емес еді. Асқар Исабекұлы кезекті жиындарда осы мәселелерді шешуді қаланың жауаптыларына тапсырған болатын. Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов бұл мәселені шешуді ұзаққа созған жоқ.

Сейсенбі күні қала әкімшілігінің алдынан үш автобусқа мінген арнайы жұмыс тобы үш бағытқа бөлініп, «Қала келбеті – көрнекі ақпарат» акциясы аясында рейдке шықты. Олардың құрамында қала әкімдігінің бөлім басшылары, құқық қорғау саласының және бұқаралық ақпарттық құралдарының өкілдері болды. Қала әкімінің орынбасары Сайлау Байназаров бастаған жұмысшы топ тексерісті Абай даңғылының бойындағы «Beeline» ұялы операторлық орталығынан бастады. Мұнда терезелерді жарнамалар жауып қалған. Бұл – заңдылыққа қайшы. Сондықтан аталған орталықтың өкіліне ескерту жасалып, заңсыз ілінген баннерлер алынды. Мұндай жөнсіздік әйелдер киімін сатуға арналған «Олжа» дүкенінде де, «Каспийбанк» филиалының терезелерінде де ұшырасты. «Ромашка» тұрмыстық үйіндегі, «Диониский» және «Антика» дүкендеріндегі жағдай да дәл осындай. Үлкен-үлкен баннерлер қалай болса солай, ретсіз ілінген. Заңсыз ілінген жарнамалар қаланың келбетіне нұсқан келтіріп тұр. Қала әкімінің орынбасары С.Байназаров «Антика» дүкенінің өкілі Сергей Веснякқа және басқа да кәсіпкерлерге мәселенің мән-жайын түсіндіріп, талапқа сай болуға шақырды. «Олжа» дүкенінің терезесінде «Пивка» деген көлемді жарнаманың тұруы, «Шинара» кафесі өкілдерінің дөрекі сөйлеуі, жағдайдың талапқа сай болмауы немкеттіліктің асқынып кеткенін байқатты. «Раушан» сұлулық салонында, «Targo» супермаркетінде, «Евростиль» дүкенінде, «Тараз Авио сервис» билет сату орнында да осындай келеңсіз көріністер кездесіп жатты. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Сайлау Байназаров жекеменшік нысан иелерінен жарнаманың салығы және басқа да төлемдердің төленген-төленбегенін сұрап, баршаға ортақ заңның аясында жұмыс істеуді тапсырды. Сондай-ақ жол бойында қаптаған дүңгіршектердің де айналасындағы жарнамадан да көз сүрінеді. – Бізге әуелі шаһардың көріктілігі, әсемдігі керек. Бәрі заң аясында болғаны жөн. Әр кәсіпкер ілінген жарнаманың бір шаршы метріне ай сайын 4 мың теңге салық төлеуі тиіс. Мұны көпшілігі ескермеген. Баннерлердің ілінуі де заңсыз. Біз дүңгіршектер иелерінің шектен тыс кеткеніне көз жеткіздік. Бұл дүңгіршектерге де тексеру жүргізіледі. Заңды құжаттарымен тұрған болса, заманауи қалыпта әсемдеуге нұсқау - кеңес береміз. Заңсыз тұрған дүңгіршектер алынады, – деді қала әкімінің орынбасары С.Байназаров.

* * * Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жақсылықов бастаған жұмысшы топ Қазыбек би, Әйтеке би, Ташкент көшелерін аралап, жарнаманы заңсыз ілгендерге ескерту жасады. Жұмысшы топ Қазыбек би көшесіндегі Орталық гастроном жанындағы жабайы сауда иелерімен де әңгіме жүргізіп, оларға жағдайды түсіндірді. Осылайша, үш бағыт бойынша қалаға тексеріс жүргізіліп, бірқатар заңсыздықтар ретке келтірілді. Енді нысанға қожайын болған кәсіпкерлер де заңның аясында қадам жасайды деген сенімдеміз.

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар