- Advertisement -

Суға кеткендердің саны көбеймесін десек…

101

- Advertisement -

Жаз басталысымен-ақ жұртшылықтың өзен, көлдерді жағалайтыны белгілі. Жаздың аптап ыстығында мұздай суға түседі, күнге қыздырынады. Бұл мезгіл, әсіресе ойын балалары үшін ең қолайлы сәт десе де болады. Тоғыз ай бойы мектептен «мезі» болған олар ала жаздай судан шықпауға тырысады. Алайда мектеп жасындағы жас өрендердің тыйым салынған жерлерге шомылып, соңы қайғылы жағдайға әкеліп соғып жататыны да жасырын емес.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, үстіміздегі жылдың басынан бері өңірдің су айдындарында 7 адам өлім құшса, оның ішінде 3-еуі бала екен. Бүгінгі таңда өңір тұрғындарының облыс бойынша 117 су шаруашылық нысанын шомылу, демалу және балық аулау үшін пайдаланатыны белгілі. Тараз қаласының маңынан ағып өтетін Талас өзенінің де кез келген жерінде суға түсушілер көп-ақ. Тиісінше қолайлы жағдайлар жасалмағандықтан, мұндай жерлерде шомылуға тыйым салынады. Өкінішке қарай, жасөспірімдердің көпшілігі осындай рұқсат етілмеген әрі арнайы жабдықталмаған аймақтарға түсерде «Сақтықта қорлық жоқ» екенін жадында ұстай бермейді.
Қазіргі таңда өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері облыстық білім басқармасының мамандарымен бірлесе, сондай-ақ ерікті құтқарушылардың көмегімен күн сайын Талас өзенінің бойында болып, арнайы рейдтік тексерулер ұйымдастыруда. Күні кеше ғана өткен рейд барысында мамандар өзен бойында кездескен бозбалаларға негізгі қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, жадынамалар, брошюралар таратты. Аталған департамент қызметкерлерінің айтуынша, шаһарымызда мұндай түсіндірме жұмыстары жиі жүргізілуде және олардың халық үшін маңызы зор.
– Бүгінгі күнге дейін су айдындарында бірқатар қайғылы жағдайлардың орын алуына байланысты тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Мұндай шаралар суға кетудің саны кемітілуіне өз септігін тигізеді деп ойлаймыз. Иә, күннің ыстығында суға шомылып, бір сергіп алған жақсы-ақ. Алайда шомылу маусымында ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруының салдарынан соңы қайғылы жағдайға ұрындыруда. Өңір көлемінде өткізілген іс-шараларға қарамастан, өткен жылы 29 қайғылы оқиға тіркеліп, салдарынан 33 адам қаза болды. Оның ішінде 21-і – балалар. Жалпы, бүгінгі таңда жаз мезгілінде облыс аумағында сауықтыру лагерьлері тұрақты жұмыс істейді. Тараз қаласында «Тараз-Арена» және «Дельфин» бассейндері бар. Бұдан бөлек, «Зербұлақ» демалыс аймағында да қолайлы жағдай жасалған. Сондықтан, шомылу маусымында осындай арнайы жерлерге барған дұрыс. Бұл әрі қолжетімді, әрі қауіпсіз, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас маманы Айгүл Шахабаева.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support