Таза су тапшылығы қашан шешімін табады?

Таза су тапшылығы  қашан шешімін табады?
ашық дереккөз
Таза су тапшылығы қашан шешімін табады?

Билік пен бұқара барынша жақын болуы керек. Сонда ғана ел ішіндегі проблемалар ашық айтылып, кейбір басшылардың назарына іліне қоймайтын түйткілдер шешімін табады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарта түседі. Жұмыстың тиімділігін арттырып, орындаушылық тәртіпті нығайту мақсатында облыс әкімінің тапсырмасымен барлық елді мекендерде және Тараз қаласының аумақтық округтерінде тұрғындармен кездесу өткізіле бастады. Байзақ ауданындағы құрылғанына небәрі 5 жыл болған Бәйтерек ауылының алты мыңнан астам тұрғыны бар. Кеңес одағы кезінде тап-таза ауызсу тұтынып отырған ел кейін келе, тендердің кесірінен оған зар болып қалған. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша жеткілікті қаражат бөлінсе де, белгісіз себептермен бұл іс аяқсыз қалыпты. Кезекті басқосуда облыс орталығынан келген өкілге бәйтеректіктер осы мәселенің шешімін күтіп жүргендерін айтты. – Қазіргі кезде елді мекендерді, ең бірінші кезекте, таза ауызсумен және «көгілдір отынмен» қамту облыс әкімінің басты назарында. Сондықтан аталған проблема аяқсыз қалмауы тиіс. Жалпы ауылдарды толық ауызсумен қамту бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Келесі жылдың бюджетінен шешімін табады деп ойлаймын, – дейді облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Қайрат Исмаил. Мәселе бірнеше жыл бойы кезегін күтіп келді. Осы жолы да қағаз жүзінде қалып кетпесе екен деген тілектерін жеткізді тұрғындар. «Ауызсуға қатысты сауал жергілікті биліктегі азаматтарға екі жыл бұрын да қойылған. Дәл осындай жауап қайтарылды. Мен 5 баланың анасымын. Көп балалы деп үйімізге су құбыры тартылды. Үкіметтен алған ақшамызды соған төледік. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ», – дейді ауыл тұрғыны Нұржамал Тұрышева. Жұртшылық көкейлерінде жүрген өзге де сұрақтарын қойып, толғаулы дүниелерді инспектордың назарына ұсынды. Ал олардың себеп-салдары анықталып, зерделенетін болды. Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, инспекторлардың тұрғындармен кездесу кестесі газетіміздің өткен санында жарияланды. Онда облыс аумағындағы 159 ауылдық округте жергілікті жұртшылықпен кездесу жоспарланған. Бұған дейін барлығы 10 кездесу Байзақ, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу аудандары мен Тараз қаласында өткен болатын. Облыс әкімі өкілдерінің халықпен жүздесуі жыл бойы жалғасады. Басқосуларда халықтың шешілмей жүрген мәселелерін емін-еркін жеткізулеріне мүмкіндік бар. Ал онда көтерілген барлық жәйттер облыс әкіміне міндетті түрде баяндалып, шешімін табу жолдары қарастырылады.

Бастамаға түсініктеме:

Серік ҚҰРМАНБЕКОВ, облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы: – Бұл кездесулердің мақсаты – өңірдің тыныс-тіршілігімен танысу, даму әлеуетіне байланысты жергілікті билік тарапынан атқарылып отырған іс-шараларға халықтың беріп отырған бағасын білу, жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің неліктен күні бүгінге дейін орындалмай отырғанын анықтап, облыс әкімінің назарына жеткізу болып табылады. Мұндай форматтағы басқосулар жергілікті билік пен халық арасындағы байланысты арттыра түседі деп ойлаймын.

Ұқсас жаңалықтар