- Advertisement -

Қала көркі көше тәртібінен де көрінеді

164

- Advertisement -

Кеше облыс әкімдігінің баспасөз орталығында журналистермен өткізілген жиында Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов шаһардың шырайын арттыру, түр-келбетін жаңғырту, көшелер бойындағы жол белгілері мен бағдаршамдарды, көлік қозғалысын оңтайландыру бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде тарқата айтып берді.
Жыл басында облыс әкімі А. Мырзахметовтің қала басшылығына көлік қозғалысын оңтайландыру, қоғамдық траспорт құралдарының сапасы мен мәдениеттілікті арттыру, қала сәулеті айшығын жаңғырту бойынша тиісінше тапсырмалар жүктегені белгілі.
–Бүгінде қалада осыған байланысты бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды, – деп атап өтті Ғалымжан Райылұлы. Оның айтуынша, жергілікті қазынадан «Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бағдарламасы аясында 271 миллион 745 мың теңге бөлініп, «СМЭУ – «Автотранссигнал – 2» ЖШС-мен арада жасалған келісімшарт негізінде біраз шаруаның басы қайырылған. Атап айтқанда, Жамбыл даңғылы – Қонаев – Комратов көшелері, Жамбыл даңғылы – Қазыбек би көшесі қиылыстарында бағдаршам нысандары қайта жаңғыртудан өткен. Төле би көшесіндегі, 4 және 5- шағын аудандардағы, Тұрысов – Жансүгіров, Сүлейменов – Қойгелді көшелерінің қиылыстарында жарықдиодты жол белгілері қалпына келтіріліп, 14 дана уақытты артқа қарай санау таймерлері орнатылыпты. Сондай-ақ электр қуатын үнемдеу мақсатында транспорттық 6 бағдаршам жарықдиодты (LED) шамдарға ауыстырылған.
Ал 25 жол белгісі қондырғысын күтімде ұстау жұмыстары жүргізілсе, облыстық ішкі істер департаментінің жол полициясы басқармасының нұсқаулықтарына сәйкес қала көшелеріне 49 дана жарықты шағылыстыру беті бар жол белгілері қойылған. Қала басшысы, сондай-ақ «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында 8 көше қиылысы «ақылды бағдаршаммен», 5 шағын аудан «ақылды жарықтандырылумен» қамтылғанын да атап өтті. Ал «Қауіпсіз Тараз» жобасы бойынша қосымша бейнебақылау қондырғылары орнатылатын болады.
Ғалымжан Райылұлы апта сайын дерлік қала құрылысы кеңесінің отырыстары тұрақты түрде өткізіліп, шаһар шырайын арттыруға байланысты жобалар қаралып, талқыланатынына да тоқталып өтті. Бүгінде кеңес жұмысына қатысуға Астана, Алматы, Шымкент қалаларының танымал сәулетшілері де қызығушылық танытуда екен. Кеңес отырыстарында бүгінгі күнге дейін 41 мәдени нысан жобасы қаралып, талқыланған. Болашақта жүзеге асырылатын қызықты жобалардың эскиздік үлгілері қазірдің өзінде дайын тұр. Жиында «Жеңіс» саябағы аумағында үш кезеңде жүргізілетін жұмыстар да таратыла айтылды.
Қала басшысының айтуынша, қаладағы қоғамдық көліктерді жаңалау жұмыстары да қауырт қолға алынып отыр. Күні кеше ғана № 1 «Тараз автобус паркі» ЖШС -ында 20 автобус жаңартылған. Алдағы уақытта басқа да тасымалдаушы мекемелермен 64 жаңа автобус сатып алу жөнінде келісім жасалуда.
Қалада «қызыл сызық» үстіне салынған кәсіпкерлік нысандары мен бейберекет ілінген сыртқы жарнамаларды алып тастау, реттеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде екен. Осы мақсатта «Ақбұлақ», «Қаратау», «Самал» шағын аудандарында орналасқан базарлардың жұмысын жүйелеу жөніндегі рейдтік тексерулер өз жемісін беруде. Ешқандай рұқсатсыз салынып кеткен көлік жуу орындары мен қымызханалар, сауда дүңгіршектері де бар. Комиссия мұндай 97 кәсіпкерлік нысанын анықтап, бүгінгі күні 59 павильон иесіне ескерту хаттары жолданып, 29 дүңгіршек алынып тасталыпты.
«Әкімдік қызметкерлері өз кәсіптерін дөңгелентіп отырған кәсіпкерлік құрылымдары нысандарының өкілдеріне қолданыстағы заң талаптарын бұзуға жол бермей, өз істерін барлық сәулеттік, санитарлық талаптарға сәйкес жүргізуге шақыруда. Шаһарымызда ендігі жерде біркелкі сәулеттік үлгідегі дүңгіршектер салынатын болады. Қазірдің өзінде қырыққа жуық дүңгіршек орны белгіленіп отыр», – деді бұл орайда қала басшысы.
Басқосу барысында қала әкімі Ғ. Әбдірайымов пен әкімдіктің тиісті бөлімдерінің басшылары журналистер тарапынан қойылған сауалдарға егжей-тегжейлі жауаптар қайтарды.

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support