- Advertisement -

Табиғаты бай өңірімізде тауардың түр-түрі бар

195

- Advertisement -

«Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауына қатысуға өтінім қабылдау басталды

Кәсіпорындар өндіретін өнімдер сапасын арттыру арқылы өңірлік нарықты бәсекеге қабілетті өнімдердің түр-түрімен толықтыруға ықпал ету, халық арасында сапа идеясын кеңінен насихаттау мақсатында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме- байқауына қатысуға жергілікті компаниялар тарапынан қызығушылық жыл сайын арту үстінде.

«Биыл оған қатысуға алғаш рет өтінім беруші кәсіпорындар қарасы мол. Мұның өзі облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандары санының артқанын көрсетеді. Олар 60 мың бірлікке жуықтайды. Сондай-ақ еліміз бойынша айрықша елеулі маңызға ие байқау отандық тауар өндірушілер арасында қызу бәсекелестік орнатып, халықаралық нарыққа лайықты тауарлар шығарылуына ықпал етпек», – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Нағима Молдахметова.
Биылғы байқау әртарапты болады деп күтілуде. Жеңіл және тоқыма өнеркәсібі, азық-түлік, химия саласы өнімдерін, киім-кешек, құрылыс материалдарын өндірушілер де көптеп бой көрсетуде. Бұл – өңіріміздің мал және егін шаруашылығынан бөлек, өнеркәсіп өндірісімен де танылуының белгісі.
Меркі ауданы, Андас батыр ауылдық округінде орналасқан «Меркі балық өңдеу зауыты» ЖШС былтыр ғана ірге көтергендеріне қарамастан, аталмыш байқауға қатысуға ерекше құлшыныс танытып отыр. Серіктестікте қолға алынған жобаның қуаттылығы жылына 1500 тонна балық өңдеп, одан 750 тонна дайын өнім шығаруға есептелінген. Зауытта көксеркенің, табанның жон, балықтың ұрт еттері, фаршы сынды өнімнің түр-түрі әзірленеді. Негізінен экспортқа шығаруға бағытталған, басым көпшілігі Латвия, Литва, Польша, Германия, Дания сынды Еуропа елдеріне жөнелтілетін болады. Агроқұрылым жетекшісі Кенжехан Әлімбаев бүгінде жергілікті жерде тұратын 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын, ал жоба толық қуатында іске қосылғанда мұнда 75 адамға дейін жұмыс істейтінін айтады. «Шикізат бізге Каспий, Арал теңіздері мен Зайсан көлінен жеткізіледі. Бүгінгі күні зауыт балықтың 1 келісін 200-900 теңге аралығында қабылдайды, ал дайын өнімді ішкі нарыққа келісін 400-1500, экспортқа 1500-2500 теңге аралығында өткеруде. Жалпы өнім көлемі шамамен жылына 1 миллиард теңгені құрайтын болады. Әзірге биыл 400 тоннаға дейін дайын өнім өндіруді жоспарлап отырмыз», – дейді ол.

Экспорт жүйесін жолға қою үшін өндіріс орнын Еуропа елдерінің ветеринарлық және санитарлық талаптарына сәйкестендіру, яғни судан ауланған балықтың жағаға шығуынан бастап, өңделіп, экспортқа жөнелтілгенге дейінгі өңдеу үдерістерін қамтитын қауіптілікті талдау және сыни бақылау нүктелері жүйесін (ХАССП) енгізу секілді ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Дегенмен зауыт жүлделі орыннан үмітті.
Жуалы ауданындағы «Шолақбастау» шаруа қожалығы да байқауға алғаш қатысқалы отыр. Шаруашылық құрт пен май өндіру бағытын таңдаған. Айына 600 келі, ал жылына 7 200 тонна құрт әзірлеп, 3 600 тоннаға дейін май шығаруға мүмкіндігі бар. Қожалық жетекшісі М.Бейсеқұлова ұлттық тағамдарымыз байқау барысында көптің көңілінен шығатынына сенімді.
Қасиетті Әулиеата – қойнауы тұнып тұрған кен-қазына. Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-да аталмыш байқауда бақ сынап көрмек. Компания жүзеге асыратын жобаның қуаттылығы 1400 тонна минералдық тыңайтқыш өндіруге есептелінген. Инвестициялық жобаның құны 356,6 миллиард теңгені құрайды. Мұнда қазір 450 адам еңбек етеді. Ал зауыт толыққанды іске қосылғанда 2 000 адамды жұмыспен қамтитын болады. Әлбетте, өңірімізге құйылған инвестиция ең әуелі қарапайым халықтың игілігіне жұмсалатыны белгілі. «ЕуроХим» минералдық тыңайтқыштар шығару бойынша еліміздегі ірі компаниялар арасында бәсекелестік туғызары сөзсіз.
Мәрмәр тастан құрылыс материалдарын дайындайтын Жаңатас қаласында орналасқан «Фирма Минерал» ЖШС-да өңірлік байқау қатысушыларының қатарын толықтыратын болады. Серіктестік қазіргі уақытта «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені аумағында мәрмәр тастар өндірумен айналысуда. Жобаның жылдық қуаттылығы 13 мың тонна мәрмәр өндіріп, өңдеуге жетеді. Компания директоры Игорь Паршин 7 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Отандық тауар өндірушілердің қызмет сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейтін байқау барысында қатысушылар тарапынан ұсынылған өнімдер «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» секілді үш аталым бойынша бағаланатын болады. Өткен жылы көрме-байқауға және жергілікті тауар өндірушілер көрмесіне барлығы 104 кәсіпорын қатысқан. Нәтижесінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша бірінші орынды «Қазфосфат» ЖШС иеленсе, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында «Айвенго», «Үздік азық-түлік» аталымында «Rola-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері үздік деп танылған болатын.
Айта кетейік, биылғы байқауға өтінімдерді қабылдау рәсімі маусым айының 25-іне дейін жалғасады.

Ақбота БАТЫРБЕКОВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support