- Advertisement -

Жуалы – батырлар мекені

398

- Advertisement -

Бүгінгі күні батыр Баукең туған өлкеде Ұлы Отан соғысына қатынасқан жауынгерлердің небәрі төртеуі ғана ортамызда жүр. Олар – Мұсақұл Иманбетов, Тілеуберді Кебекбаев, Шәріпбай Ақжолов және Николай Лебеденский.

Жаудан маңызды нысандарды қорғады

Ел басына күн туған шақта замандастарымен бірге соғысқа аттанған майдангерлер өздерін батыр санамайды. Тек, жауынгерлік міндетімізді орындадық дейді. «Айналайын, балалар-ау, мен қайбір ерлік жасады дейсіңдер. Жасым келді, қатарымнан қалмай майданға аттандым. Соғыстың соңғы жағын көргенім болмаса, қан қасапқа түскенім жоқ. Бар болғаны жауынгерлік тапсырылған міндетімді атқарып, жау шабуылдарына тосқауыл беріп отырдық», – дейді қарт жауынгер Шәріпбай Ақжалов.
Соғыс басталған жылы Шәріпбай енді ғана жеті жылдық мектепті бітірген еді. Ер азаматтардың барлығы жаппай әскерге шақырылып жатқан тұста ол тылда өзі құралпы жастармен бірге аянбай еңбек етті. Ал 1943 жылдың қаңтар айында 18 жасқа толғанда әскер қатарына шақырылды. Сөйтіп Петропавл қаласында 5 ай әскери дайындықтан өтті. Одан әрі жаңа құрылған химиялық әскери бөлімге түсіп, майданға аттанды. Бұл бөлімнің басты мақсаты — жау химиялық қару қолдана қалған жағдайда оны тез тауып, залалсыздандыру болатын. Бірақ жау соғыста бұл қару түрін қолдана алмады. Ал Кеңес әскері құрамындағы химиялық әскери бөлім басқа да түрлі жағдайға дайын тұрды. Олар Ленинград маңындағы орманда дайындық жұмыстарын жүргізді.
Шәріпбай қызмет еткен әскери бөлімге Польша жеріндегі, Висла өзенінен өтетін үлкен, стратегиялық маңызы бар көпірді қорғау тапсырылды. Бұл көпір арқылы майдан шебіне темір жол және автомобиль жолдары өтетін. Ол көпірді жау талай мәрте жарып жіберуге әрекеттенді. Ұшақтарымен бомбыламақ та болды. Көпірді аман алып қалу үшін арнайы әскери бөлім түрлі айла тәсілдер қолданды. Түтін шашкілерін қолданып көпірді жау ұшақтарының назарынан таса етіп отырды. Жерде не болып жатқанын түсінбеген жау ұшақтарын зеңбірекшілер оқ астына алатын. Мұндай тәсілді олар басқа да маңызы бар нысандарды қорғап қалуда қолданды. Әрі негізгі күшпен жау жерінде ентелеп кіре берді.
Соғыс бітті. Жеңіс туы көтерілді. Сөйтіп Шәріпбай соғысты Германияның Дрезден қаласында аяқтады. Алайда жуалылық жауынгердің мұнымен қызметі біткен жоқ. Ол бұдан кейін бес жыл әскер қатарында болып, қызметін Польша жерінде өтеді. Тек 1950 жылы ғана әскер қатарынан босатылды. Әскерден қатаң тәртіпке үйренген сержант бейбіт өмірде де жауынгерге тән қызмет атқарды. Жауынгер қарт 35 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке 1986 жылы шықты. Зейнетке шыққан соң ауылдың қоғамдық өміріне, жастар тәрбиесіне араласты. Ауданға сіңген еңбегі ескеріліп, 2007 жылы Жуалы ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Жары, өмірлік жолдасы Бибігүл Омарбекқызымен үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұл-қызынан 14 немере, 8 шөбере сүйіп отыр.

Батыс пен Шығыс арасында

1923 жылы төменгі Дихан ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген Мұсақұл Иманбетов Шетбұлақ ауылындағы қазақ орта мектебін бітіріп, Оңтүстік Қазақстан облысы Леңгір шахтасында, одан кейін Сазтөбедегі әк-цемент шығаратын зауытта еңбек жолын бастаған. Соғыс басталған тұста қайтадан ауылға оралып, колхозда жұмыс істейді. Арада бір жыл өткен соң, яғни кәмелеттік жасқа толғаннан кейін ол әскери комиссариатқа әскер қатарына алуын өтініп, хат жазады.
– Менің өтінішімді қанағаттандырды. Сөйтіп Өзбекстанның Фергана қаласында кіші командирлер дайындайтын курстан өттім. Сталинград түбінде Корпувка деген стансаға түсіп, бірден соғысқа араласып кеттім, – дейді майдангер.
Сталинградтағы атақты шайқастан кейін ол Орёл, Смоленск, Брянск облыстарында ұрыстарға қатысып, бірнеше рет жаралы болады. Белоруссияның Гомель қаласын азат етіп жатқанда, Мұсақұл мен майдандастары жатқан окопқа снаряд түсіп, үшінші рет жараланады.Үш ай госпитальда емделіп, қайта қатарға тұрып, ары қарай соғысқа кіреді. Харьковта ол өзінің бөлімшесіне қайта қосылады.
Жеңіс күнінен кейін де майдангер 761 бөлімнің автотранспорттық батальоны құрамында майдандастарымен азат етілген қалалар мен ауылдарда қалған неміс әскерлерін қуып, жаудан тазалауға кірісті. Ал 1945 жылдың 5 тамызында 36 танк армиясы құрамында жапон соғысына қатысады.
– Варшавада әскери эшелонмен Белоруссия, Польша, Украина, Ресей, Монғолия, Қытайдың жерінен өтіп, Порт-Артурға, біз оны «Дальний» дейтінбіз, 8 шақырым қалғанда аялдадық. Қытайдан өтіп бара жатқанда 500 жапон әскерлерін тұтқындадық, үш жыл ішінде жапондарды толық Кеңес Одағына қарайтын жерлерден қуып, азат еттік. 1947 жылы 1 мамыр күні соғыс аяқталды деген қуанышты хабарды естідік. Владивостокта мінген эшелон Новосибирск қаласына әкелді де, сонда біз – Қазақстанға басқа пойызға билет алып, елге аттандық, – дейді майдангер.
Сөйтіп, ол елге 1947 жылы 22 мамыр күні оралады. Кеудесінде жарқыраған І-ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері, «Ерлік үшін», «За отвагу», «За боевые заслуги» медалдары. Жұбайы Әсемкүл екеуі 12 ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеп, олардан бүгінде 36 немере, 24 шөбере сүйіп отыр.

Пулеметші Тілеуберді

Қарасаздық ардагер Тілеуберді Кебекбаев 1925 жылы «Қызыл ту» колхозында өмірге келген. 5- сыныпқа дейін Талапты ауылында, әрі қарай Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы «Жаңа дала» колхозында оқиды. Әскер қатарына 1942 жылы желтоқсан айында алынды. Ұрысқа 4-Украина майданында қатардағы жауынгер-пулеметші болып кіріседі. Майданда Керчьте, Азов теңізінің жанында, Польшаның Краков қаласында 32 атқыштар гвардиялық полкында болады. 1944 жылы наурыз айында оң жақ көкірегінен жараланып, бес ай әскери госпитальда емделеді.Туған еліне 1945 жылы қыркүйек айында оралды.
Ардагер майдан жолындағы ерліктері үшін «Отан соғысы» орденімен және бірнеше медальдармен, ал, еңбек жолындағы елеулі еңбегі үшін «Еңбек ардагері», «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Өйткені Тілеуберді сұм соғыста жауды жеңу үшін табандылық танытса, соғыс аяқталған кезде де еңбекпен етене болды. Ол 1945-1948 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында милицияда жұмыс істейді. Ал, 1948 жылдан бастап зейнет демалысына шыққанға дейін 40 жыл бойы Карл Маркс атындағы совхозда жұмысшы, қойшы, жүргізуші болып еңбек етеді.
Құдай қосқан қосағы Мәлтен апа екеуі жеті ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Соғыс және еңбек ардагері Тілеуберді қария бүгінде кенже ұлы Марат пен келіні Ұлжанның қолында. Тілеуберді ата ұл-қыздарынан 35 немере, 26 шөбере сүйіп, шаңырағының, ауылының қадірменді, қазыналы қариясы болып отыр.

Байланысшы Николай

Төртінші жуалылық ардагер – Николай Лебеденский. Ол 1926 жылы Семей облысы, Жаңа-Шүлбі ауданы, Кондратьевка ауылында көп балалы жанұяда өмірге келген. Соғыс оты тұтанғанда Николай небәрі 15 жастағы бозбала еді. «Сол жылдары біздің ауылда 147 адам тұратын. Ал, соғыс басталғанда үлкендердің барлығы дерлік майданға аттанды. Ауылда тек қариялар, әйелдер мен балалар ғана қалды. Ауыр жылдардағы маңызды міндеттер соларға жүктелді. Мен секілді 15 жасар балаларға ерте есеюге тура келді. Өз басым совхозда бригадир болып тағайындалдым және бұл жұмысты 1943 жылға дейін атқардым» – деп қарт жауынгер сонау қиын-қыстау кезеңді еске алды.
Николай Моисеевич 1943 жылы Совет армиясы қатарына шақырту алады. Өзіне дейін оның екі бірдей ағалары Ефим мен Иван майданға аттанып, сонда мәңгі қалып қояды. Бұдан бөлек, соғыста оның 5 немере аға-інілері ажал құшады. Айта кетейік, ардагер өскен ауылдан 114 адам соғысқа аттанса, олардың тек 77-і ғана елге оралған. Сөйтіп Николай достарымен бірге Семей қаласындағы 125 қосалқы атқыштар полкіне қабылданады. Кейінірек, оларды Ташкент облысындағы Шыршық қаласына радио-телефошылардың алты айлық курсына жібереді. Осылайша ол майданға аттанып, соғыс аяқталғанға дейін байланысшы қызметін атқарады. Оның басты міндеті – бүкіл дивизияның ұшқыштарын сенімді байланыспен қамтамасыз ету болған.
Соғыс аяқталған тұста оған Совет әскерінде қызмет ету ұсынылады. Ұсынысты қабыл алған Николай Польшаның Бреслав қаласында әскери қызмет атқарып, 11 жылдан соң елге оралды. Әскери қызметте жүргенде поляк тілін меңгеруі оның соғыстан кейінгі жылдарда әртүрлі салада жемісті еңбек етуге мүмкіндік береді. Өйткені соғыстың залалы тиген қалалар мен жолдарды қайта қалпына келтіру үшін мамандар қажет етеді. Николай көп ойланбастан, жол салуға бар күш-жігерін жұмсайды. 1958 жылы оқуын тәмамдаған соң, оны жолдамамен Жуалы ауданына жібереді. Мұнда да ол табанды еңбек етіп, әртүрлі дейгейдегі қызметтерді атқарады. Тіпті, екі рет аудандық кеңестің депутаты болып сайланады. Жан-жары Надежда Александровна екеуі 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, бүгінде олардан немере, шөбере сүйіп отыр.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support