- Advertisement -

Үлкен үй

136

- Advertisement -

Болашақты болжау қиын деп жатамыз. Әйтсе де жастардың ұстанған бағыт-бағдарына қарап, елдің келешегін бағамдауға болады. «Он ұрпақтан кейінгілердің не көретінін болжай аласыз ба?» деп сұрақ қойыпты Конфуцийге. Сонда ол:«Ұрпақтан-ұрпаққа, әкеден балаға не қалып жатқанын дәл білсек, оныншы емес, жүзінші ұрпаққа да не қалатынын болжап білу қиын емес», – деп жауап берген екен.

Осыған қарап, қоғамдағы отбасының рөлі қандай екенін шамалай беріңіз. Қазір заманға сай қоғамның өзгеруі отбасының дамуына, ұрпағына лайықты білім және тәрбие беруіне өз әсерін тигізуде. Бұл өз кезегінде отбасылық құндылықтардың құнын төмендеткені де жасырын емес. Ал жоғалтқанымызды кері қайтару үшін не істеуіміз керек? Осы мәселе туралы сөз қозғағанда елдегі ағайын-туыстың ұйытқысы саналатын әулеттің қара шаңырағының мәртебесін қайтару қажет деп ой түйесің. Қайтарғанда бертінде кей атаның балалары үлкен ауылдан іргесін аулақ салғаны болмаса, оның дәрежесі төмендей қойған жоқ. Тек насихаты аз.
Сондай кейінгіге көрсеткен өнегесіне қарай үлкен үй аталған әулеттің бірі – Бегалиевтер отбасы. Бүгінде Шу ауданының қадірлі қариясына айналған, 80 жасқа келген Жарылқасын Бегалиев пен Райкүл апамыздың шаңырағындағы 60 жыл бойы бұзылмаған жарастықты өскелең ұрпаққа үлгі етуге болады. Жарасымды жұп 1958 жылы шаңырақ көтергенде, өмірдің соқтықпалы-соқпақты кезеңдерінен бірге өтуге сөз байласқан екен. Содан бері уәделеріне берік. Қазір екеуі 7 бала тәрбиелеп-өсіріп, солардан 21 немере, 15 шөбере сүйіп отыр.
Жарылқасын Бегалиев Мәскеу технологиялық институтын инженер-технолог мамандығы бойынша бітіріп, Шу аудандық өндірістік комбинаты тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары, тұрмыстық сауда пойызының бастығы қызметтерін атқарды. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап «Алматы темір жолы» ҰК АҚ бастығының орынбасары, Шу аумағының сауда-саттық бойынша бастығының орынбасары, 1999-2004 жылдары «Отан» республикалық қоғамдық бірлестігінің аудандық өкілдігі төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. Ал Райкүл Шу стансасы вокзалында 40 жыл жұмыс істеді.
– Жарылқасын – атадан қалған жалғыз ұл. Жасы үшке енді толғанда әкесі соғысқа аттанып, қайтып оралмапты. Біз отбасын құрып, 4 балалы болғанда Мәскеуге барып оқып келді. Оқығанның келешегі жарқын екенін білгендіктен, жолын кеспедім. Соның арқасында қызмет істеп, кейін балалардың бәрін оқыттық. Жас кезімде үлкендерден бата алу үшін үйге көп қонақ шақыратынмын. Дастарқан жаюлы, ет асулы тұратын. Келіндерімді де осылай тәрбиеледім, – дейді Райкүл апа.
Ал Жарылқасын қария отбасы берік болуы үшін ауызбіршілік қажет екенін айтады. «Балаларымның барлығы мереке сайын қара шаңырақта бас қосады. Қуанышымызға ортақтасып, жетістіктерімізді бөлісеміз. Осының өзі бізді жақындастыра түседі», – деп ой түйіндеді.
Бір қуанатыны үлкен үйдің өнегесін немерелері мен шөберелері бойына сіңіріп өсіп жатыр. Отбасы құндылықтарын сақтаған ұрпақ Отанын да қорғауға дайын.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Шу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support