- Advertisement -

ырысы тасыған сортөбе ауылы

279

- Advertisement -

Қазақта «Бақыт пен ырыс бірлігі мен ынтымағы жарасқан елге тұрақтайды» деген жақсы сөз бар. Осы сөз бейне бір біздің елге, оның ішінде біздің ауылға арнап айтылғандай.

Неге десеңіз, Сортөбе аталатын ауылымыз бүгінде берекесі жарасқан, тірлігі қайнаған мекенге айналған. 24 мыңға жуық тұрғыны бар ауылда қазақтар мен дүнгендер тату-тәтті тіршілік кешуде. Негізі басым бөлігі дүнгендер десек те, қазақтармен қатар бірді-екілі өзге ұлттар да кездеседі. Тату тұратын түрлі ұлт пен ұлысқа мекен болған Сортөбе – қазір аудандағы ырысы асқан мекеннің бірі.
Иә, қазақ шын мәнінде қонақжай, бауырмал халық қой. Қай ел болса да, бейбітшілік пен ашық аспан, бақытты, терезесі тең, керегесі кең мемлекетте өмір сүруді аңсайтыны анық. Өйткені татулық пен келісім, бейбітшілік пен тұрақтылық бар елді бақыт өзі іздеп табады. Қазіргі таңда Қазақстан сондай ел. Кең құшағына жүздеген этнос өкілдерін сыйдырып, ешқайсысын бөліп-жармай, бәріне бірдей оң қабақ танытуда.
Бірлігі мықты елдің ісі берекелі екенін тарих әлдеқашан дәлелдеген. Сортөбенің бүгінгі берекелі де бақуатты өмірінің негізі де сол ынтымақтан тамыр алып отыр десек, артық айтпаймыз. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі ауыл шаруашылығымен, оның ішінде егіншілікпен айналысады. Сол арқылы табысқа кенеліп, тасы өрге домалауда.
«Баптай білгенге жер жомарт» демекші, еңбекқор шаруалар бейнеттерінің зейнетін көріп келеді. Тастақты, сор жердің өзінде жайқалтып бақша дақылдарын егіп, нәпақасын жерден тауып отырғандар көп. Ауылдағы әлеуметтік мәселелер де өз жүйесімен шешілуде. Жарықтандыру, жолдардың жөнделуі, ауызсу, денсаулық сақтау мен білім саласы бір жолға түсіп, кезегін күткен шаруалар ретімен атқарылуда. Қайырымдылық шаралары да назардан тыс қалған емес. Сортөбеліктердің ізгі істерге деген ынтасы бөлек. Әлбетте, мұның бәрі татулықты ту еткен ауыл тұрғындарының тамаша ауызбіршілігінің, жақсы іске жұмыла кететін игі қасиеттерінің арқасы.

Ильяс Буларов,
Сортөбе ауылдық округінің әкімі.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support