- Advertisement -

Отбасы құндылықтары бәрінен биік

223

- Advertisement -

Облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында отбасы құндылықтары туралы мәселе кеңінен қаузалды.
Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың төрағалығымен өткен комиссия отырысына өңірімізге арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко мен комиссия мүшесі Бексұлтан Тұтқышев қатысты. Олар өз кезегінде күн тәртібіндегі өзекті мәселенің гендерлік саясаттың бір тармағы екеніне тоқталды. Отбасындағы нәзікжандыларға көрсетілетін зорлық-зомбылықтың салдарын айтып, соның кесірінен жас жеткіншектің психологиясына салмақ түсіп, жаны жараланатынын тілге тиек етті.
– Кеше бір облыс орталығындағы «Дағдарыс» орталығына бардық. Тұрмыстық зомбылыққа тап келген әйелдер мен аналарға пана болатын, оларға кәсіби көмек көрсететін осындай орынның бары қуантады, әрине. Бірақ бір байқағанымыз, бұл ғимарат тарлық ететін секілді. Сондай-ақ «шалғай ауылдағы жәбір көрген жандар осы жерге жете ала ма?» деген сұрақ туындады бізде. Сіздерге осы мәселені ойластыруды ұсынамыз, – деді Елена Тарасенко.
Иә, бұл – ойлантарлық мәселе. Шалғай аудандарға мұндай кәсіби қызмет көрсететін орталықтар тек аналарға ғана емес, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін де қажет. Өз сөзінде осыны баса айтқан Ерқанат Нұрбапаұлы тиісті басқарма басшысына тапсырма берді.
Жиында отбасы құндылықтарын нығайту бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайы сөз болды. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева айтып өтсе, аймақтық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлдара Нұрымова және облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова әйел теңдігі, жайсыз отбасындағы және асыраушысынсыз қалған жеткіншектердің жай-күйін сөз етті. Баяндалған деректердің барлығы бір ғана мәселенің өзектілігін көрсеткендей. Ол – қоғамның біртұтастығы және тыныштығы үшін отбасылық құндылықтардың сақталуы қажет екендігі.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support