- Advertisement -

Жаңғырту арқылы өндіріс әлеуеті артуда

139

- Advertisement -

Заманауи технологиялар дүниеге түбегейлі өзгерістер әкелуде. Әлбетте, уақыт оған жылдам бейімделуді талап етеді. Бәсекеге қабілетті болмасаң, нарықтан ығыстырылып, көш соңында қалып қоюың да ғажап емес. Сондықтан да Елбасы үстіміздегі жылғы Жолдауында алдымызға «Қазақстан индустриясы жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» деген міндет қойды. Бай әрі тағылымды тарихы бар «Орталық Азия қант корпорациясы» ЖШС-ның Меркі филиалы осы талап үдесінен шығу үшін елеулі шараларды қолға алып, жүзеге асыруда. Мұның өзі зауыттың өндірістік қуатын еселеп арттырып, шығынды едәуір азайтуға және өнім сапасын жақсартуға қол жеткізуде. Жаңа жұмыс орындары құрылуда. Келешекте кәсіпорынды озық үлгідегі жабдықтармен толық жаңарту үшін қомақты қаражат қарастырылып отыр.

Зауыт облыс аумағындағы агроқұрылымдардан қант қызылшасын, Куба және Бразилия мемлекеттерінен қант құрағын қабылдап, өңдеп, шекер шығарады. Өндірген өнімін бүкіл еліміз аумағына өткереді. 1934 жылы құрылған оның құрал-жабдықтары әбден ескірген болатын. Соның салдарынан өндіріс шығыны артып, еңбек өнімділігі өспеді. Бұл өз кезегінде өнімнің өзіндік құнына да кері әсерін тигізді. Нарықта сапасы жоғары, бағасы қолжетімді тауарлар ғана өтімді келетіні айтпаса да түсінікті. Кәсіпорында 2015 жылы еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Шырынды тазалайтын цехты жаңғырту» жобасы жүзеге асырылып, 2016 жылы іске қосылды. Бұл мақсатқа 698 миллион теңге жұмсалған еді. Өндірістік желіге жаңа төрт камералық сүзгі, екі компрессор орнатылды. Басқа да жаңа техникалар сатып алынды. 18 жаңа жұмыс орны құрылды.
Мұнда өткен жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында құны 1 миллиард 14 миллион теңгенің өндірісті жаңғырту жобасы жүзеге асырылды. Шырын қайнататын, шекер шығаратын негізгі жабдықтар заманауи үлгідегісіне алмастырылды. Барлық жұмыс үдерісі автоматтандырылып, компьютерлендірілді. Соның нәтижесінде зауыт бұрын жылына 150 мың тонна шикізат өңдесе, қазір оның қуаты 200 мың тоннаға жетті. Қант құрағын өңдеу қуаты тәулігіне 20 пайызға артты. Ең бастысы, өндірілген өнімнің сапасы жақсарды. Өткен жылы олар 113 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, өңдеп, 15600 тонна шекер шығарды. Жалпы, қант құрағымен қосқанда былтыр зауытта 14654 миллион теңгенің өнімі өндіріліпті. Өңделген қызылша қалдығы мүйізді ірі қара малы үшін таптырмас азық. Ол арнайы ұрада сақталып, агроқұрылымдарға өткеріледі. Қазір зауытта тұрақты 530 адам жұмыс істеуде. Олардың айлық орташа жалақысы 78 мың теңге көлемінде.
– Енді жаңарту кезегі инженерлік жүйеге жетті. Қызылша қалдығы – жомды цехтан ұраға жеткізетін құбырларды жаңасымен ауыстыру, қабылдау пунктіндегі шикізатты үйетін алымды техника сатып алу үшін қаражат қарастырылуда. Қабылдау пунктін де кеңейтетін боламыз. Басқа да қажетті құрал-жабдықтар сатып аламыз. Қысқасы, кәсіпорын толық жаңғыртудан өткізілгенде жылына 250 мың тонна шикізат өңдеу әлеуетіне ие болады, – дейді «Орталық Азия қант корпорациясы» ЖШС Меркі филиалының директоры Нұржан Қарғабаев.
Зауыт шетелдерден қант қызылшасы тұқымын сатып әкеліп, оны қаржыдан қысылып отырған егіншілерге күздегі алған өнімі есебінен есеп айырысу үшін несиеге де береді. Осы тұрғыда Нұржан Қуанышбекұлы бірқатар шаруашылықтардың келісімшартты орындамай, өндірген өнімін мал азығы үшін сатып жіберетінін аса қынжылыспен жеткізген. Соның салдарынан олардың зауытқа берешегі 39 миллион теңгені құрап отыр екен. Қазір берешек қарыздарды сот арқылы қайтарып алуға әрекет жасалды.

Ақылжан Мамыт
Меркі ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support