- Advertisement -

Үлгілі еңбек ұжымы – ел дамуының кепілі

140

- Advertisement -

Елбасының 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы–2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында жекешелендірудің екінші толқыны басталғандығы туралы атап көрсетілгені белгілі. Жеке бизнестің дамуына серпін беріп, экономикадағы мемлекеттік үлесті дамушы елдердегі деңгейге дейін төмендетуге бағытталған бұл шара бүгінде өңірімізде қалай жүзеге асырылуда және оның басты артықшылықтары қандай? Облыс аумағындағы жекеменшікке және сенімді басқаруға берілген бірқатар мемлекеттік кәсіпорындар өкілдерімен өткен әңгімелесу барысында осы мәселе туралы облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов тарқатып берді.

– ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 4 сәуірдегі №1141 қаулысымен жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітіліп, мемлекеттік меншіктегі нысандарды жекешелендіру және квазимемлекеттік сектор объектілерін бәсекелес ортаға берудің тізімі жасақталғанын бәріңіз де жақсы білесіздер. Үкімет қабылдаған 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру бойынша кешенді жоспар ең алдымен жеке сектордың дамуына әсер ететін маңызды шарттардың бірі болатын. Екінші шара – стратегиялық маңызы жоқ бейінді активтерді жеке секторға өткізу, сондай-ақ холдингтер мен ұлттық компаниялардағы бейінді емес активтер мен нысандарды сату аяқталуға жақын. Содан кейін мемлекет иелігін тиімді құрылым түрінде жасақтау мақсатында қалған мемлекеттік активтерді қайта құру жүзеге асырылады. Нәтижесінде мемлекет құзырында экономика саласында стратегиялық маңызға ие активтер мен әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар ғана қалады, – деген облыстың бас еңбек инспекторы осыған байланысты өңірдегі жағдайға да тоқталып өтті.
Біздің білгеніміздей, бүгінде аймақта өнім өндіретін 7767 кәсіпорын тіркелген, оның 85 пайызы жекеменшіктің үлесінде. Соңғы бірер жылда жекешелендіру шараларын нақты іс жүзіне асырудың нәтижесінде облысымыздағы кәсіпорындардың 13-і жекешелендіріліп, 11-і сенімгерлік басқаруға беріліпті.
Басқосуда жекеменшікке өткен және сенімді басқаруға берілген мемлекеттік мекемелердің құрылтайшысы болып табылатын облыс әкімдігі қаржы басқармасының бөлім басшысы Әнуарбек Әбдіқапаров жекешелендіру жосығынан өткен кәсіпорындарға қойылатын міндеттемелер мен талаптар тұрғысында айтып берді.
– 2015-2017 жылдар аралығында облыстың денсаулық сақтау саласы бойынша 10 кәсіпорын бәсекелестік ортаға берілді. Олардың үшеуі тендер арқылы жекеменшікке сатылды. Ал жетеуі 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілді. Бұл жекешелендірудің бастапқы кезеңі болып табылады. Осыған байланысты сатып алушы және сенімгерлік басқаруға алушы тарап ретінде айқындалған меншік иелерімен тиісінше шарттар жасалды. Онда атап айтқанда, негізгі қызмет түрін сақтау, сенімді басқаруды жүзеге асыру, нысандарды күрделі және ағымдық жөндеу секілді 20 талап қарастырылған, – деді ол.
Осы тұрғыда Серғали Өмірзақұлы: «Бұл – мемлекетіміз үшін тиімді жүйе. Алайда қоғам мұның мән-маңызын әлі де толық түсінбей жатыр. Тоқсаныншы жылдары кәсіпорындардың жекеменшікке «тұттай жалаңаш» күйінде өткерілгені естен шыға қойған жоқ. Оларды жекеменшіктеріне алған тұлғалардың айналымға салар қаржылары да болмады. Қазір жағдай көп жақсарды. Кәсіпорындар – жекеменшікте, сенімгерлік басқаруда бола ма бәрі де халықтың дүниесі. Ал үлгілі, ынтымағы жарасқан еңбек ұжымы – ел дамуының кепілі. Бұдан әрі қалай өмір сүреміз? Мәселе осында. Бүгінгі таңдағы басты мақсат облыстағы әлеуметтік-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету болуға тиіс», – деп қайсыбір жекеменшік кәсіпорындар басшыларының жұмысшыларды «қазақша қысқартуды» тоқтатып, жұмысын заң талаптары аясында жүргізуі тиістігін атап өтті.
Облыстың бас еңбек инспекторы осындай заңсыздыққа жол берген бірқатар кәсіпорындарды оңалту, жұмысын жүйелеп, заң талаптарына сәйкестендірудің біраз уақыт алғанына нақты мысалдар да келтірді. Азаматтарды жұмысқа жіберу еңбек шартын жасасқаннан кейін ғана жүзеге асырылуы, айлық жалақының ең төменгі мөлшері, күнделікті жұмыстың, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы секілді ең төменгі әлеуметтік стандарттар сақталуы, жұмыскерлердің айлық жалақылары әр айдың бірінші он күндігінен кешіктірілмей төленуі, жұмыскер еңбек жағдайларымен қамтамасыз етілуі тиістігі жөніндегі талаптар ҚР Еңбек кодексінде де нақты көрініс тапқан. Бұл – жекеменшікке және сенімді басқаруға берілген мемлекеттік кәсіпорындар үшін де мүлтіксіз орындалуға жататын міндеттер. Олардың бәрінде мемлекеттік стандарттық жүйе сөзсіз сақталуға тиіс.
С. Айдапкелов жекеменшік нысандардың жұмысын осы тұрғыда үйлестіру қажеттігін қадап айтып, олардың осыған байланысты сауалдары болса басқарманың «Сенім» телефоны арқылы еңбек және еңбекті қорғау, кәсіпорынды оңалту бағыттарында тегін кеңес алуға мүмкіндіктері бар екенін жеткізді.

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support