- Advertisement -

Майкөт ақынның есімі неге ескерусіз қалды?

310

- Advertisement -

Шығармашылығы сан қырлы Майкөт Сандыбайұлы (1824-1902) саналы ғұмырында шашасына шаң жұқтырмаған айтыскер, жырау әрі терең білімді болған. Ол бүкіл өмірін Сыр бойы мен Жетісу өңірін мекендеген халқына арнап, елін, жерін өр өлеңімен, сырлы жырымен әлдилеп өтті. ХІХ ғасырда бірінен-бірі озып, дес бермеген, айтыс пен шешендік жанрдың көрігін қыздырған шоқ жұлдыздар – Сүйінбай, Құлмамбет, Құлыншақ, Бақтыбай, Майлықожа, Түбек, Жамбыл ақындар Майкөтті ерекше құрметтеген, дені ұстаз тұтқан. Әттең, Кеңес заманында абыз жыраудың есімі көп аталмады. Әлде солақай саясат па, әлде әу бастан қазақтың сүйегіне сіңген жершілдік пе – белгісіз, тек 1961 жылы жарық көрген «Айтыс» кітабында ғана там-тұмдап орын берілді. Тіпті арғы-бергі тарих жылнамасын қопара талқандап, терең таразылаған Мұхтар Мағауин мен Мардан Байділдаев құрастырған «Қобыз сарынында», «Бес ғасыр жырлайды» көп томдығы (1984-1989) мен «Ай, заман-ай, заман-ай» (1991) кітаптарынан да ұлтарақтай орын бұйырмай, шет қалып қойды.

Майкөт шығарма­шылығы ғылыми негізде жан-жақты зерделенбеген, өзіндік бағасын алмаған. Ежелгі түркі әдебиетіне түрен салған филология ғылымдарының докторы, ғалым Мырзатай Жолдасбеков едәуір зерттегенін білеміз. Одан бөлек, 2004 жылы жазушы Аян Нысаналин мен Серікбек Еркінбекұлының құрастыруымен «Жампоз» атты кітап жарық көрді. Оған Майкөттің үш-төрт шығармасы және бірнеше естелік қолжазбасы енген. Авторлардың жазуынша, Майкөт зар заман ақындарының қатарын көбейтпей, оңаша күн кешкен. Өкінішке қарай, өткен ғасырдың басында көз жұмса да бізге ол туралы жеткен мәлімет тым аз. Сақталған еңбектері ақындық, азаматтық тұлғасын толық ашып бере алмайды. Кенен Әзірбаев қорға өткізген «Жетісудың игі жақсыларымен жүздесуі», Ғылым академиясы қорындағы Ж.Жантөбетов, Қ.Байболұлы мен Ф.Ғабитова нұсқаларындағы «Майкөт пен Құлмамбет» айтысы жыраулық құдіретін байқатқанымен, майкөттануға әлі жеткіліксіз.
Оның жас шағында Шаяндағы Аппақ Ишан медресесінде 10 жыл арабша сауат ашып, парсы, иран тілдерінен дәріс алған. Майлықожа, Шәді төре секілді сайыпқыран жыраулармен сөз сайыстырған. Семсер тілді Майкөт ұдайы қарсыластарын тығырыққа тіреп отырған. Себебі жампоз ақын Шығыс әдебиетінен терең сусындап, елінің, жерінің тарихын жете меңгерген.
«Майкөт – аса ірі, өте шебер ақын. Ол неше алуан эпостарды, дастан-қиссаларды жырлап, шежірелі аңыз-әңгімелерді өз ортасында баян еткен. Жамбыл «Көрұғлы сұлтанды» Екей Сарыбайдың асы өткен соң Әулиеатаға арнайы іздеп барып, осы Майкөттен үйренген. Майкөт «Көрұғлыны» қырық күн жырлайды екен. Жамбыл он бес күн жырлаған. Ал Майкөт «Алпамысты» айтқанда тау суындай сарқырап, арқаланып ұзақ көсілген» дейді ғалым Мырзатай Жолдасбеков.
М.Сандыбайұлының тәулікпен санаспастан алқымы іспей айтатын «Алпамысы» – адамзат асыл мұрасына қосылатын аса қымбат қазына. Маңғыстаулық зерттеуші Серікболсын Қондыбай «Алпамыс» тарихының тамыры тым әріде екенін, тіпті 3000 жылға дейін кететінін нақты дәлелдеді. Осы орайда «Майкөт бұл жырды кімнен үйренген?» деген заңды сауал туады. Жоғарыда ақын жас шағында Аппақ Ишан медресесінде 10 жыл дәріс алып, араб, парсы тілдерін жетік игергенін айттық. Шығыс шайырлары да осы екі тілде шежіре жазба қалдырғанын ескерсек, бозбала Майкөт сонау орта ғасырдан бері қарай өмір сүрген Фараби, Бируни, Низами, Жами, Фирдоуси еңбектерімен толық таныс болғанына шүбә келтіре алмаймыз. Самарқанның әйгілі кітапханасында да болуы бек мүмкін. Өйткені «Көрұғлы» «Алпамыс», «Ер Тарғын» жырлары – кіндігі де, түндігі де бір түркі халқына ортақ. Қазақ әдебиетінің белді өкілі Сәбит Мұқанов пен сұңғыла зерттеуші Есмағамбет Ысмайлов өз еңбектерінде Майкөтті ерекше атап, айтыс мектебін қалыптастырған шоғырдың алдыңғы легіне қояды. Тағы бір ескерер жайт, Майкөт домбыра, сығай аспаптарын айтысқа түскенде, хисса-дастан жырлағанда шебер пайдаланған. Ал айтыс сайысында саз бен әуеннің атқарар қызметін тыңдаушы қауым жақсы біледі.
Бірде қара сөзбен тайқазан қайнатқан Бөлтірік шешен Саудакент өңірінде Шабақты өзені бойын жайлаған тіліктер еліне атбасын бұрады. Қадірлі қонаққа қазан көтеріліп әңгіменің тиегі ағытылады. Тіліктердің әнші-күйшілерін, жыршыларын тыңдайды. Бөлтірік шешенге, әсіресе жас ақын Майкөттің қисса-дастандарды домбыраға қосып жырлауы өте қатты ұнайды. «Алпамыс», «Қобыланды», «Едіге», «Шора», «Ер Тарғын», «Көрұғлы», «Қыз Жібек» туралы дастандардан бөлек, араб, парсы жұртының Жетісу еліне белгісіз қиссаларын әртүрлі мақаммен айтқанда, Бөлтірік шешен риза болады. Содан кейін ол қайда барса да, Майкөтті қасынан тастамай ертіп жүреді. Барған ас-жиында, басқосуда Майкөт:
«Сұраса руымды ысты дейді,
Ойықта хан Жамбыл,
Бөлтірік шешен күшті дейді.
Ыстының бір баласы – тілігіміз.
Тіліктер Жәкел, Шоқай ұстын дейді.
Баласы хан Шоқайдың Төрекелді
Басына бақ, дәулет ере келді.
Жасынан оқу оқып, білім ұстап
Ешкімге түрттірмей тұр төменгі елді», –
деп өзіне қамқорлық жасаған өзге де ағайындарын көтермелеп, қолпаштап жүреді екен.
Майкөт ақынды өзімен замандас, өзінен кейінгі көптеген атағынан ат үркетін, аузы дуалы ақын-жыраулар тәлімгер тұтып, батасын алса, өз кіндігінен шыққан бел баласы Арқабай әкесінің тәрбиесінен алыс кетпеді. Әке бойындағы ақындық, жыраулық қасиет, қисса-дастаншылдық дарыны мен шешендік қарымы баласына да қонады. Ол туралы Қазақ энциклопедиясының 7-томында кеңінен айтылған
Өкініштісі сол, Арқабайдың да мол мұрасы әдеби ортада зерттелмеген, оқырман аудиториясына насихатталмаған. Сыр сандығы толық ашылмай жатқан әкелі-балалы шайырлардың шығармашылығын өскелең ұрпақтың санасына жеткізетін мезгіл келді.
Енді дастаншыл жырау әрі ақын Майкөт бабамыздың кіндік қаны тамып, балалық балдәурен шағын өткізген туған жері, елі төңірегінде ақпарат берейік. Қарт Қаратаудың теріскейінде, қазіргі Тараз қаласынан 170 шақырым қашықтықта орналасқан Саудакент атты елді мекен бар. Сонау ІХ-ХІІІ ғасырларда Ұлы Жібек жолында алыс-беріс саудасы, қолөнері дамыған, гүлденген ірі шаһар болған. Әрлі-берлі ағылған саудагерлер Шабақты өзенінен нәр алып, жолдан титықтаған керуен адамдары аяқ созып, дамылдаған. Мұнда теңге соғатын сарай да болған деген деректер табылуда. Осы жайма-шуақ өмір сүрген нәзира шаһарды Шыңғыс хан әскері тып-типыл етіп кеткен. Қазір орнында үйінді Күлтөбе ғана бар. Майкөт ақын осы Шабақты өзені бойында, Қаратау сілемдеріне сұғына кірген кең алқаптағы Бестоғай деген жерде жарық дүние есігін ашқан.
Ақынның жастық шағы апай-топай аласапыран, қилы кезеңге тап келді. Батыстағы Ақмешіттен, Шығыстағы Жетісуға дейінгі тері талысқандай құйқалы жер Қоқан әмірлігінің уысында болатын. Шабақты, Бүркітті өзендері мен Төменгі Шу, Талас арнасына дейінгі сулы да нулы алқапты жаз жайлауы, қыс қыстауына айналдырған тіліктерге көпті көрген, түйгені мол Қоңырбай датқа басшылық жасап, жөн сілтеп отырған екен. Өз дәуірінде Жетісудан Сыр бойына дейінгі ел-жұртқа белгілі әрі зор беделге ие болған Қоңырбай датқа – Майкөттің әкесі Сандыбайдың туған ағасы. Бірде Қоқан әмірінің Ташкенттегі құшбегісі Қоңырбайды Түркістандағы жиынға шақырып, Бұхар хандығымен соғысуға көмек ретінде 1000 түйе қамымен салық салып, оны бір тәулікте жеткізуге бұйрық береді. «Бұйрық орындалмаса, еліңді шабамын» деп зәбір көрсетеді. Датқа табан астында ауыр кеселге ұшырайды. Сол кезде дуалы сөзімен аты шыға бастаған жас серігі Шоқай биді шақыртып: «Қажетті жерде текені жезде, ешкіні апа деп алдамасаң да, алдарқата аласың. Сақтығың да жетеді. Қатулы да бола аласың. Сондықтан мен саған сендім», – дейді де, хан жарлығынсыз жібек орамалға түйілген мөрді Шоқайдың алдына тастай салады. Сөзін әрі жалғаған Қоңырбай датқа: «Мен енді көпке ұзамаспын. Мына құшбегінің тілік еліне салған мың түйесін осы маңдағы қоңырат жекжаттардан тездетіп жинап берсең, беделің арта түсер еді. Сонда сөзіңе қара түгілі, хан да тоқтайды. Аз ғана тілік еліне ие бол. Айтпақшы, Сандыбай інімнің баласы Майкөтті әуелі Құдайға, содан кейін саған тапсырдым. Балағында биті бар бала, келешегінен зор үміт күтемін. Бір күні мал бағып жүріп ұйықтап қалса, бір ақсақал түсіне еніп «Жыр дариясын сыйладым» деп оятқан көрінеді. Көзін ашса ешкім жоқ. Ақындық та қонатын жерін біледі. Аруақ қой. «Әлаулай» айтатындар әр ауылдан табылады. Сол Майкөт баламды Шаянның медресесіне беріп, әбден оқытып алыңдар. Әрі молда, әрі ақын болса елдің атын шығарады. Айтарым, бұдан мал аямаңдар!» – деп үнсіз қалады. Көп ұзамай о дүниеге сапар шегеді. Сөзге де, іске де шымыр Шоқай Қоқан әмірінің бұйрық-талабын орындап, тілік елін бір ойраннан арашалап қалады. Сондай-ақ Қоңырбай өсиетіне адал болып, Майкөтті Шаяндағы Аппақ Ишан медресесінде 10 жыл оқытады.

ТҮЙІН

Туған жерін іңкәрлікпен жырға қосқан, даңқы бүтін қазақ даласына асқан Майкөт бабамыздың келесі жылы 195 жылдық мерейтойы. Майкөт Сандыбайұлының есімін есте қалдыру – міндетіміз. Өкініштісі сол, осы күнге дейін өзінің туған жері Саудакент аумағындағы елді мекендерде ең болмаса қамшының сабындай көше аты берілмепті. 15-20 жыл бұрын ауылдарда екінің бірінің есімі берілген көшелер қалайша абыз Майкөт Сандыбайұлына жетпегені қайран қалдырады. Тек ұзақ уақыт «Байқадам» совхозында фельдшер болып қызмет істеген ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, баба ұрпағы, марқұм Дүйсенбек Мұсаев дедектеп жүріп, асыл мұраны жинастырып, жариялап, 1994 жылы Тараз қаласынан қысқа ғана көше атауын алып берді.
Енді алдағы уақытта ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, мектеп қабырғаларында майкөттанудан қосымша дәрістер жүргізілсе деген ұсынысымыз бар. Саудакент, Жаңатастан көше аттары беріліп, мәдени нысандар аталса, құба құп. Сондай-ақ мерейтой алдында зәулім бір ескерткіштің бой көтергені баба аруағы алдындағы қарызымыздың өтелгені болар еді.

Егізбек СӘТҰЛЫ,
ұрпағы, зейнеткер

Берік СӘДУАҚАСОВ,
журналист

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support