Өңір өркениет көшінен қалмасын десек...

Өңір өркениет көшінен қалмасын десек...
ашық дереккөз
Өңір өркениет көшінен қалмасын десек...

айтары анық, бояуы қанық суретшілер дайындауымыз керек

Бүгінде Еуропа елдерінде бейнелеу өнері аса қарқынды дамыған. Өркениет көшінің алдыңғы қатарынан орын алғандықтан болар, суретшілер еңбегімен көмкерілген жерлер көп. Көркем туындылар жинақталған, іші мен сырты сырға тұнған жер бетіндегі бірден-бір тамаша ландшафтық орта – Еуропа. Бүгінгінің бір ақиқаты – адамзаттың дені сол Батыс Еуропада ғұмыр кешуді мақұл көреді. Олай болмағанда, саяхаттап, көріп қайтуды мақсат тұтады. Әйтеуір сол жақпен байланыста болғысы келеді. Қарт құрлыққа әлемнің әр қиырынан туристер ағылып жатады. Тіпті өндірісі, өнеркәсібі тапшы елдің бюджетінің 80 пайызы туризмнен түседі. Міне, суретшілердің жасаған бұл кереметін түсінген бірқатар елдер бейнелеу өнері мамандарына ризалық танытады. Сондықтан саладағы кенжелеп қалған мәселелерді жеделдетіп шешу жолын әсіресе Қытай елі мықтап қолға алды. Олар тәжірибе алмасу, мамандар дайындау барысында суретшілердің симпозиумын халықаралық деңгейде дәстүрлі түрде өткізіп тұруға ден қойған. Әлемдегі барлық елдерден тәжірибелі суретшілерді жұмысқа тартып, арнайы ашылған жоғары оқу орындарында оқытып, шәкірттер тәрбиелеуде.

Жақында Түркияның Адана қаласында 30-дан аса елден жиналған тоқсан суретшінің қатысуымен өткен «Түркі дүниесі» атты халықаралық симпозиумға бардық. Өнертанушы профессорлар, суретшілер кезінде діни догманың бейнелеу өнерінің дамуына кедергі келтіргенін, сол себепті сала кенжелеп қалғанын мойындап, оны дамыту жолын қолға алғандарын түсіндірді. Ал Қазақстанда бейнелеу өнерінің даму жағдайы біршама дұрыс. Десек те әлі күнге дейін суретшілер даярлайтын бірде-бір өз алдына арнайы жоғары оқу орындарының, көркемсурет академияларының немесе университтерінің болмауы – ойландыратын жайт. Өзекті мәселе, Ресейді айтпағанда, Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан мемлекеттерінде о баста дұрыс шешіліп қойған. Ендеше, Жамбыл жерінде де сала мамандарына сұраныстың қандай екенін және оларды дайындау жайы туралы тереңірек айтпасақ болмайды. Өңіріміздегі Қазақстан Суретшілер одағының облыстық ұйымы өз қызметін 1969 жылдан бері атқаруда. Бүгінде ұйымның 27 мүшесі бар. Олар облысымызда жыл сайын бейнелеу өнерінен өтетін неше түрлі іс-шараларға қатысып, (байқау, көрме сияқты т. б.) қазылық жасап жүр. Сол шаралардан аңғарғанымыз, жас талапкерлерді дайындау ісі аса көңіл көншітпей тұр. Тіпті арнайы оқу орнын бітірген, дипломы бар маманның жасаған еңбектері әуесқой суретшінің деңгейінен аспай жатады. Жастарды кәсіби шығармашылық еңбекке баулудың, оларды бейнелеу өнеріне қызықтырудың жолы қиындап тұрғанын мойындауға тура келеді. Өйткені кәсіби суретшілердің өзі шығармашылық туындылар жасауды қойып, жеңіл конъюктуралық тапсырыс жұмыстармен айналысып, күнкөріс қамынан аса алмай отыр. Тіпті өзге жақтарға кетіп қалып жұмыс істеп жүргендері де аз емес. Көрме залына бас сұғушылардың қатары сирек. Кейбіреулер: «Суретшілер аш жүріп, жоқтықпен күн кешсе ғана жақсы туындылар жасайды» деп мазақтайтынды шығарды. Суретші – шығармашылық ойдың, сезімнің адамы. Оның міндеті – ешкім көрмеген, білмеген жаңа көркем кеңіс-тіктер ашу. Ол – ға-рышта, тереңде, тұң-ғиықта жүрген адам. Тапқан жақұты ел жетістігіне, қоғам игілігіне айналмақ. Сондықтан оны жанұшыра азаптанып жүрген тереңдігінен айырып, «сыртқа шық, материал, қаражат тап, дүние жина» деу – миға қонымсыз. Тараз қаласында бейнелеу өнерінен мамандар дайындайтын үш жоғары оқу орны, екі колледж және бірнеше бейнелеу өнеріне үйрететін көркемөнер мектебі, үйірмелер бар. Біз бұл жерде жоғары оқу орындарындағы «Бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі» мамандығынан бакалавр дәрежесін даярлайтын арнайы кафедралардың шама-шарқын айта кетпекпіз. Бұл маман иелері ТарМУ-да, ТарМПУ-да және ТИГУ-да даярланады. Мамандыққа оқыту стандарты республика бойынша барлық жоғары оқу орындарында бірдей. Болашақ мамандарды дайындаудағы айырмашылық тек маман-ұстаздардың кәсіби, рухани сапасында ғана. Сол себепті маман даярлайтын кафедрада қандай ұстаздар қызмет ететінін біліп, таңдау жасау талап-керлер үшін аса маңызды. Жақсы маман атану өнегелі ұстаздан алған біліміне байланысты болмақ. Облысымыздағы бейнелеу өнерінің дамуы осы оқу орындарының заманауи ұстанымы мен мәдени сапасына байланысты. Осы ретте бейнелеу өнерінің дамуына қомақты үлес қосып, демеушілік жасаған, «Ұлы дала өркениеті» атты конгресс аясында ғалымдармен қоса, 12 елден шақыртылған отыз суретшімен он күндік халықаралық симпозиум өткізген Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін ерекше атап өтуге болады. Бұл – республика көлемінде ғылыми конференциямен бірге өткізілген алғашқы мазмұнды мәдени іс -шара. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген рас. Олай дейтініміз, осы оқу орны – Суретшілер одағы облыстық ұйымымен тығыз байланыста жұмыс жасап отырған жалғыз мекеме. Университет ректоры Ерболат Саурықовтың бейнелеу өнеріне бейжай қарамайтыны қуантады. Сондай-ақ Жүсіпбек Сүлейменов, Серік Тәжібаев, Сәбит Баубеков, Қалдыбек Бөлеев сынды айтулы азаматтарға да ризашылығымыз шексіз. Суретшілер одағымен тікелей байланыс жасап отырған осы университеттің «Бейнелеу өнері және кәсіптік білім» кафедрасының меңгерушісі, Ресей ғылым академиясының акадимигі Сәбит Баубековтің еңбегі мен өмір жолы тіпті өнегеге толы. Ол жетекшілік ететін кафедра базасында болашақ суретші-ұстаздарды кәсіби деңгейде көркем шығармашылыққа баулу жолдарының терең зерделенгені көңілге шаттық сезімін ұялатады. Білікті ұстаздары бар ұжым болашақ суретші-ұстаздарды дуальдық негізде оқытуға ден қоюда. Өңір мәдениетін өркендету жұмыстары соңғы кезде мықтап қолға алына бастағандай. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов тарихы тереңде жатқан Тараз қаласын өзінің статусына сәйкес көріктендіру мәселесін қолға алып отыр. Аймақ басшысы апта сайын өтетін қала құрылысын жүргізу кеңесінің отырысына осы күнге дейін ұмыт қалған суретшілер қауымын тартып, белсенділерін комиссия қатарына қосып, қаланың сәулетін арттыруға қатысты тың ойларымен таныстыруда. Әкім суретшілер ұсынған жобаларға, олардың көркем шығармашылық еңбектерінің сапасы мен маңызына байқау жұмыстарын ұйымдастыруда. Күні бүгінге дейін қалада орнығып қалған, келбеті сын көтермейтін ескерткіштердің жарамды дегендерін сақтап, жарамсыздарын қайта жасау мәселелері қаралуда. Кейбір нысандарда жұмыс басталып та кетті. Облыс әкімінің бастамасына сай қаламызда бейнелеу өнері галереясы, саябақтық мүсіндер, монументті ескерткіштер секілді жаңа нысандар пайда болмақ. Мұндай жарқын істердің қасынан суретшілердің табылуы – заңдылық. Осының бәрі суретшілер әлеуетін көтеру, мамандарды сапалы дайындау мәселелерін алға тартып отырғаны анық.

Айдархан СИХАЕВ, Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы

Ұқсас жаңалықтар