Мәдениет саласында серпін бар
Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай бұқаралық ақпарат құралдарының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, басқармада атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Өткен жылы облыс көлемінде халыққа мәдени қызмет көрсетіп отырған 514 мекемеге 13,4 миллиард теңге бөлініп, бюджет қаражаты 100 пайызға игерілген. Ал, биылғы жылға 13,5 миллиард теңге қаралып отыр. Оның ішінде, іс-шараларға бөлінген қаржы 231,5 миллион теңге. Облыстағы мәдениет, архив саласында бүгінгі күні нақты 3 560 қызметкер жұмыс атқарады. Соның ішінде, шығармашылық саласында 1931 қызметкер бар. Бүгінгі күні облыста 200 мәдениет үйлері мен клубтар тұрғындарға мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп келеді. Клуб мекемелерінің 171-і типтік ғимаратта орналасса, 29 клуб ыңғайластырылған ғимаратта жұмыс атқаруда. Бүгінгі таңда облыс көлемінде 888 үйірмеге 11250 адам тартылған. Оның ішінде, балаларға арналған 629 үйірмеге 8373 бала қатысады. Ауылдық клубтарға қосымша 98 штат бірлігі «үйірме жетекшісі» беріліп, 104 маман қабылданған. Нәтижесінде жаңадан 163 үйірме ашылып, 2134 қатысушы қамтылып отыр. Өткен жылы мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде 196 үйірмеге 4-17 жас аралығындағы 8 322 бала қатысқан.
2023 жылы облыс көлемінде кітап қорын толықтыруға жергілікті бюджеттен 114,7 миллион теңге бөлініп, 46554 данаға кітап қоры жаңа кітаптармен толықтырылды. Сонымен қатар, жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарын сатып алып, облыс көлемінде тарату үшін кітаптарды басып шығаруға 50 миллион теңге қаралып, Алматы қаласындағы «Абай» баспасы тарапынан әр қаламгермен жеке-жеке авторлық келісімшарт жасалып, 24 ақын-жазушының шығармаларынан 24000 дана кітап алыныпты. Сонымен қатар, басқарма басшысы облыстық театр, филармония, архив, музей мекемелерінде, шығармашылық орталықта атқарылған нәтижелі жұмыстарға да кеңінен тоқталып өтті.
Мұнан соң журналистер басқарма басшысына сұрақтар қойып, жауап алды. Әуелі облыстық орыс драма театрының киім цехының меңгерушісі Елена Голубинская мерекелерде өткізілетін концертте өзге өкілдері де концерт қойып тұрса, облыстық орыс драма театры бөлек ғимаратқа көшірілсе деген тілегін жеткізді. Бұл мәселелерге жауап берген Ерлан Жүнісбай: «Әр ұлт деп қарастыруға болмас, біз өнерлі кісілердің жолына көлденең тұрмаймыз. Ал, орыс драма театрын жаңа ғимаратқа көшіру мәселесі біраздан бері айтылып жүр. Облыс әкімі бұл мәселені зерделеуді маған тапсырған. Зерделеп жатырмыз. Негізі, екі театрдың қойылымына 150 адамнан аспайды. Ал, қазіргі драма театрдың залы 460 орын. Бір сөзбен айтқанда, осы ғимаратқа екі театр да сыяды. Мемлекеттің қаржысына тағы бір театр салып қойып, оған еш көрермен бармай жатса, одан не пайда бар? Оны да ойлануымыз керек. Мен сондықтан, қазақ және орыс театрының ұжымына шығармашылық жұмыстарын дамытуды тапсырдым. Астана мен Алматыдан театр келсе, көрермен күрт көбейеді. Демек, жақсы қойылымның көрермені де көп. Біздің облыстық театрлар сол деңгейге жетуі керек», – деді.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Иса Тазабековтің «Тараз қаласынан суретшілерге ғимарат берілсе» деген тілегіне басқарма басшысы Тараз қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, суретшілер мен қолөнершілерге ортақ офис қарастыру назарында болатынын айтты.
Облыстық «Аr-Ai» жастар газетінің тілшісі Эльмира Байназарова: «Әлеуметтік желіде мәдениет саласына да біраз сын айтылып жатыр. Мәселен, біздің өңірде «Арт-спортқа» былтыр 1 миллиард 125 миллион теңге бөлінген. Биыл да қыруар ақша қаралып отыр дейді. Осы рас па? Оны сұрап тұрған себебім, 2022 жылы өзім осы жобамен айналысып, қаражат ала алмаған едім. Осы бағытта ізденген адам ретінде сұрап тұрмын. Не айтасыз?», – деді. «Әлеуметтік желіде нақты дәлелге сүйенбей айтылып жатқан ақпарлар бар. Аталған жобаға ондай қаржы бөлінгенімен, қадағалаушылар басқа компаниялар. Жұмсалған қаражаттың бәрі порталда көрсетіліп тұрады. Ал, бір жылдары осы жобаның ақшасы бірнеше ай кешігіп, мәселе туындағаны рас. Ол жылы қаражат кешігіп төленді. Ал, кейінгі екі жылда қаржы жағынан мәселе жоқ. Атқарған жұмысыңның есебі нақты болса болғаны. Қаржысы төленеді», – деді.
Өзге де журналистер «Көне Тараз» кешеніндегі ғимараттарда жылу жоқ екенін, басқармаға қарасты мекемелерде кейбір басшылар ұзақ жылдардан бері неге ауыспай отырғанын мәселе етіп көтерді.
«Көне Тараз» кешенінде басқармаға қарасты төрт мекеме жылусыз отыр. Бұл сұрақ Тараз қаласы әкімдігіне, басқа да мекемелерге қатысты. Ал, басқармаға қарасты мекеме басшылары арасында ұзақ жылдан отырғандары бар. Оны жасырмаймын. Жұмысын жақсы атқарып жатқан мекеме басшылары да бар. Дегенмен, алдағы уақытта кадр мәселесіне бір қатар өзгерістер енгізу, мекеме басшыларына қатысты бірқатар өзгеше шешім қабылдау ойымда бар, – деді басқарма басшысы.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Шалғай ауылда Мәдениет үйі пайдалануға берілді
- 19 желтоқсан, 2024
Ұлттық өнер ұлағаты
- 13 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді