Әжелер ансамблі шын таланттың жарыққа шығатынына көз жеткізді
- author «Ақ жол»
- 4 желтоқсан, 2025
- 131
Әже – отбасының алтын қазығы, ұлттың ұйытқысы, тәлім мен тәрбиенің қайнар бұлағы, салт-дәстүрдің насихаттаушысы. Шаңырақтың шежіресін шертіп, ағайынтуманың татулығын сақтауға септігін тигізетін, әулеттегі абысын-ажындардың ақылшысы болып, жас келіндерді тәрбиелейтін, немере-шөберелеріне ертегі айтумен бойына тәлімнің тұнығын сіңдіретін әжелер халық мәдениетіне де үлес қосып жүр. Бүгінде өнер әлемінің баға жетпес қазынасына айналған халқымыздың дәстүрлері мен әуезді әндерін жұртшылық назарына нақышымен ұсынған әжелер концертті тарихта аты қалған қазақтың дана аналарының бейнесін сомдап, олар туралы мәліметтерді еске алумен бастады.
«Әжелер салған ән қандай» атты есептік концертте «Әдемі-ау» бишілер тобы, Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің оқушысы Аққу Жеміс ай және аудандық мәдениет үйінің режиссері Эльмира Асылбекова да өнер көрсетті. Ансамбль құрамындағы Роза Серікбаева, Гүлмира Әлімқұлова, Гүлназ Искакова, Ажар Райсова, Айнұр Арипова, Гүлбүбі Кусепова, Гүлбахрам Лақова хормен де, дуэт тіпті трио болып та ән шырқады. Концертке халық әндерімен қатар Ербол Бәтеннің «Аман ба?», Садық Керімбаевтың «Ауылым – алтын бесігім», Әбілахат Еспаевтың «Маржан қыз», Нұрғиса Тілендиевтің «Жүрегім менің», Шәмші Қалдаяқовтың туындыларынан попури, С.Кәрімбаевтың «Ақ тамақ», Назерке Сыздықованың «Абысын-ажындар», Шынберген Сүлейменовтың «Анаңды сүй», Қуаныш Құрманбаевтың «Елге алғыс», Жарылқасын Дәулеттің «Қазақтай ел қайда» әндерін орындалды.
– Әжелер ансамблінің құрамында бүгінгі таңда 8 әже бар. Репертуарында халық әндерінен бастап, қазіргі қазақ композиторларының отыздан астам әуезді туындылары топтасқан. Ақ жаулықты әжелер ел мәдениетінің дамуына үлес қосып, ұлттық өнерді түрлі мәдени шараларда насихаттап келеді. Ауданда ұйымдастырылатын барлық мәдени көпшілік ісшараларға қатысып жүрген әжелеріміз ұлттық өнердің ұлағатты бастауындай, салтдәстүріміздің сарқытындай көрінері анық. Әрқайсысы әртүрлі салада қызмет еткенімен бәрі де жас күнінде әнші болуды армандаған, сол мұраттарына қазір жетіп отырған, өнерлі жандар. Олар шаңырақтарында ұрпақ тәрбиелеп, өз жұмыстарында халыққа қызмет етіп, ансамбльде өнерді дәріптеп, мәдениетті дамытып жүр. Ансамбль жетекшісі Гүлмарал Қырғызбайқызы Жамбыл мәдени-ағарту училищесінен «Хор Вокал, Мәдениет қызметкері» мамандығын алған, Қазақ мәдениетінің қайраткері атағына ие болған, кәсіби маман, – дейді ансамбльдің продюсері Гүлдерайм Сүйерқұлқызы.
Әжелердің талантына сүйсінген аудан тұрғындары оларды отбасылық қуаныштарына да шақырады екен. Бойда дарын мен талап болса, армандар расымен орындалатынын жезтаңдай әжелер тағы бір дәлелдеді.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т. Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз
- 11 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




