Қыстың алғашқы күндерімен бірге өңірімізге қуанышты хабар жетті. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бұйрығымен Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрына «Академиялық театр» атағы берілді. Неткен ғажап жаңалық, қандай қуанышты хабар десеңізші! Асқар Тоқпанов театры өзінің 90 жылдық тарихында қандай жолдардан өтпеді, қандай белесті бағындырмады десеңізші!
Өзбекстан, Қырғызстан, алыс шет мемлекеттерге дейін барып, өнерлерін көрсетті. Театрдың маңызы мен мазмұны еш уақытта аласармай өз биігінде тұрды. Сонау Коммунистік партияның кезінде де жұртшылық театрды жоғары бағалады. Тіпті, сол уақытта облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кісілер, сол кездегі ректорлар мен ірі мекеме, ұйым басшыларының барлығы театрға келіп, қойылым көретін болған. Ол уақытта зал көрерменге лық толып отыратынын айтады ескікөздер.
Еліміз азаттық алған кезде де театрдың орны биіктемесе, төмендеген емес. Жаңа репертуарлармен толығып, қойылымдар да жанданып жаңарып отырды. Біздің өңірдің қазақ драма театрында әйгілі әлем классиктерінің шығармалары қойылды. Театр жұмысының сапалы жалғасуына жерлес жазушы-драматургтер де өз үлесін қосып жатты. Атап айтқанда, Шерхан Мұртаза, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Бақытяр Әбілдаұлы, Елен Әлімжан, Болат Бекжанов, Көсемәлі Сәттібайұлы бастаған қаламгерлер драма жазу бағытында дара көрінді. Қазіргі таңда да облыстық қазақ драма театры жаңа сапалық деңгейге көтерілген. Репертуары жаңарып, жоғары мазмұнға қол жеткізді.
Театрдың өткен тарихында Халық әртістері Шәріпбай Сәкиев, Алтын Ружева және Жорабек Шүленбаев, Мұхамедқали Табанов, Тұрар Ізбасаров, Тұрар Дүйсебаев, Әскер Құлданов, Ерғали Оразымбетов секілді кіл мықтылардың жемісті еңбек еткені белгілі. 1980-2015 жылдар аралығында театрдың тарландарына айналған Спандияр Мұқышев, Қарабай Сатқанбаев, Шәмшәгүл Жаманкеева, Жасұзақ Әйтпенбетов, Алтай Сәтібеков сияқты майталман актерлардың да өнерін ұмытуға болмайды. Бұл өнер ошағында аямай тер төккен барлық өнер саңлақтарының осы академиялық атаққа қосқан үлесі қомақты деп білеміз. Қазіргі таңда театрда Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрсифат Салықова, Қазақстанның Халық әртісі Мәкен Рахымжанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әбиірбек Тінәлі, Жүніс Әлімбеков, Асқарбек Сейілхан, Майра Әлімбетова бастаған таланттар тобы үлкен шеберлікпен еңбек етуде. Театр сахнасында тер төккен Әтіркүл Дүйсекеева, Мәкен Райысханова, Ерсін Қалыбаева, Жұмахан Әбдіқадіров пен Гүлшат Қыпшақованы да құрметпен атаған жөн.
– Бұл академиялық атақтың маңызы мен жөні бөлек. Театрдың ұзақ жыл күткен сыйы. Атақтың берілуі осы уақытқа жазылып тұр екен. Мен театр ұжымын жаңа академиялық атағымен құттықтаймын. Шын қуаныштымыз. Осы жеңісте ұжымдағы әр актердің, әр қызметкердің ерекше еңбегі бар, – дейді театр директоры Ақылдос Тәжиев.
Тарихи маңызы бар жаңалыққа байланысты бірқатар театр саңлақтарымен хабарласып, құттықтадық, қуаныштарын бірге бөлістік.
Тұңғышбай ӘЛ-ТАРАЗИ, Қазақстанның Халық артисі, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы:
– Асқар Тоқпанов театры мұндай атаққа лайық. Себебі тарихы терең, талай режиссерлік асулардан өткен. Асқар Тоқпанов керемет режиссер болды. Ол «Абайды» қойды. Абай рөлін Шәріпбай Сәкиев ойнады. Сол қайылымда мен Әбдірахманның рөлінде кішкентай эпизодқа шықтым. Бұл сахна менің алғашқы шыққан сахнам. Солардың бәрі әлі күнге есімде. Өнер ұжымының актерлік құрамы сапалы. Олар жайлы айтқанда Халық әртісі Шәріпбай Сәкиев, Алтын Ружева, Мұхамедқали Табановты еске аламыз. Оразғали Әбділманов, Гүлжамал Батырғалиева деген апамыз болды. Нұрсифат Салықова, Мақсұт Салықовтар керемет өнер көрсетті. Көрсең көз тоятын. Жорабек Шүленбаев деген ағамыз да осы театрға терін төкті. Театрда актер болып керемет рөлдерді ойнаған, кейіннен театр директоры, ұзақ жыл облыстық мәдениет басқармасының басшысы болған Әлібек Әмзеевті ұмытуға болмайды. Оның еңбегі орасан зор. Орта буыннан Қарабай Сатқанбаев, Үмбет Әлжанов, Спандияр Мұқышев, Алтай Сәтібековтың өнері атауға тұрарлық. Олар осыдан 20 жыл бұрынғы театрды қара өгіздей көтеріп, керемет ойнаған жігіттер еді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жүніс Әлімбеков, Әбиірбек Тінәлі, менің курстасым Асқарбек Сейілхан аса талантты азаматтар. Асқарбек Сейілхан үнемі мәселе көтеріп, жазып академиялық атақ үшін үлкен еңбек сіңірді. Нәзік жанды азаматшалардан Әтіркүл Дүйсекеева, Шәмшәгүл Жаманкеева, Гүлжамал Өскенбаева қандай күрделі рөлдерді керемет ойнады. Халық әртісі Мәкен Рахымжанова, Еңбек сіңірген қайраткер Майра Әлімбетова, театрдың көркемдік жетекшісі Анар Сағымбекова бүгінде өнер ұжымында барын салып еңбек етіп жүр. Театр директорлары Тұрар Дүйсебаев, кеше ғана ортамыздан кеткен Болат Бекжанов керемет үлкен еңбек сіңірді. Қазіргі директор Ақылдос Тәжиев те алғашқы күннен бастап театрды көтеруге барлық күш-жігерін жұмсап жатыр. Академиялық атақ осы Ақылдостың кезінде бұйыруы да бекер емес. Бұл да бір – тарих. Режиссер Қуандық Қасымов театрды еуропалық деңгейге дейін танымал етті. Соның нәтижесінде театр ұжымы халықаралық фестивальдерде жүлделі орындарға ие болды. Театрдың қазіргі жас актерлер құрамы да өте мықты. Олардың біразының жақсы өнерін көріп жүрміз. Бұдан да үлкен биіктерге шығады деген сенімім бар. Облыстағы театрлардың бәрін білемін. Солардың ішінде ең беделдісі, тарихы тереңі – Асқар Тоқпанов театры. Шетелдік қойылым қоюдан да мықты. Шекспир шығармаларын да, қазақтың классикалық шығармаларын да талай қойды. Сондықтан үлкен академиялық атағымен А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры ұжымын құттықтаймын! Өте қуаныштымын. Атақ құтты болсын жерлестер, әріптестер, бауырлар.
Нұрсифат САЛЫҚОВА, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Бұл өте үлкен қуаныш. Ұзақ жылдар бойы күткен жаңалығымыз. Осындай тарихи сәтте театрдың алдыңғы буын аса талантты актерлер, актриссалар еске түседі. Біз жолдасым екеуіміз де осы театрға бүкіл өмірімізді бердік. Көптеген рөлде ойнадық. Театр деп тер төктік. Еңбек ақталды. Сол театр бізді халыққа танымал етті. Асқар Тоқпанов театрының жеткен жетістігі көп. Өнер ұжымында талантты актер, актриссалар қазір де өнер көрсетіп жатыр. Үкімет еңбекті бағалап, академиялық атақ беріп жатқанына қуаныштымын. Жасым сексеннен асқан шақта сол еңбектің жемісін көріп жатырмын. Мемлекеттік сыйлықты алдым. Театр ұжымына, көрермендеріне, жалпы Әулиеата тұрғындарына ризамын. Театр ұжымы әлі де шақырып, құрметін көрсетіп тұрады. Өнер өркендесін, театрдың да жұлдызы жана берсін.
Мәкен РАХЫМЖАНОВА, Қазақстанның Халық артисі:
– Академиялық атаққа қолымыз жетіп тұрған сәт қандай шексіз бақыт! Осы тарихи сәтті көру, куә болу менің де маңдайыма жазылыпты. Театрға 50 жылдан астам уақыт еңбегім сіңді. Шәріпбай Сәкиев, Алтын Ружева, Мұхамедғали Табанов аға-әпкелермен сахнада бірге ойнап, тәжірибе жинадық. Бұл күнде Анар Сағымбекова, Гауһар Сұлтанбек, Жадыра Құлтаева бастаған жас буынмен бірге ойнап, олармен өз тәжірибемді бөлістім. Театр – менің өмірім. Саналы ғұмырымда театрмен тыныстадым. Театр сахнасынан үйрендім, театрға барымды бердім. Еңбегім де ақталды. Сол үшін ұжымға, көрермендерге көп рақмет! Академиялық атақ құтты болсын! Асқар Тоқпанов театрының мәртебесі арта берсін!
Қуандық ҚАСЫМОВ, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері:
– Қазақ театрларының алғашқы қатарында құрылған Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының орны әрқашан ерекше. Өнер ордасының 90 жылдық тарихы аясында осындай жоғары атаққа ие болып, мәртебесі биіктеп жатқанына қуаныштымын. Мен бұл театрда 14 жыл бас режиссер, көркемдік жетекші болып еңбек еттім. Оның алдында актер болдым. Өнер ұжымы көптеген жетістіктерге жетті. Сол жетістік жолында еңбек еттік. Қазіргі театр ұжымына, театр труппасына шеберлік тілеймін. Бұл – қуанышпен бірге үлкен міндет, жоғары жауапкершілік. Қуана отырып іздену керек. Іздене жүріп өнердің шыңына ұмтылуы керек. Қаншама алдыңғы толқын ағалар, әпкелер сара жолды салып кетті. Олардың еңбектері ұмытылмайды. Қазіргі аға, орта, жас буын актер, актриссаларға бар жақсылықты тілеймін. Мұнан да биік дәрежеге ұмтылып, ұлттық қасиеті жоғары ұжымға айнала берсін демекпін. Ол – болашақтың жұмысы. Театрға құрмет көрсеткен Үкімет басшыларына, облыс басшыларына мың алғыс айтамын. Әрқашан Асқар Тоқпанов атындағы драма театр биікке көтеріле берсін. Асқар Тоқпанов атындағы драма театры бар екенін әлем білуі керек. Осындай ең жоғары жетістіктерге алдағы уақытта да қуана берейік.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Әжелер ансамблі шын таланттың жарыққа шығатынына көз жеткізді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




