- Advertisement -

Табиғатты сақтаңыз, аң-құсты атпаңыз

131

- Advertisement -

Мекемеміз қоршаған ортаны, ормандарды, жануарлар дүниесін – аң-құстарды күндіз-түні қаскөйлерден қору, күзету жұмыстарын Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тарапынан берілген жануарлар дүниесі нысандарын пайдалануға шектеу мен тыйым салу туралы нұсқауға сәйкес жүзеге асыру үстінде. Осы тұрғыда биылға облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен облыстық IIД жергілікті полиция қызметінің бірлескен іс-қимыл жоспары жасалып, бекітілген. Осы іс-шара жоспары бойынша рейдтік тексерулер өткізілуде.
Мекеме қызметкерлері күшімен өткен жылы тиісті заң талаптарын бұзушылықтың 291 дерегі анықталып, тіркелген болатын. Оның ішінде 101 жеке азаматтың атына аңшылық ережесін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. «Андасай» және «Үмбет» ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда заңсыз аңшылық жасағаны үшін 4 азаматтың әкімшілік іс-құжаттары жергілікті аудандық сотқа жолданып, соттың шешімімен олардың әрқайсысына 158 830 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ олардың аңшылық қарулары да тәркіленіп, мемлекет кірісіне алынды. Ал биыл жыл басынан бері аң аулау ережесінің қағидаларын бұзған 32 азамат әкімшілік жауапқа тартылып, оларға тиісінше айыппұлдар салынды. Атқарылып жатқан осындай жұмыстарға қарамастан, жабайы аң, құстарды, балықты заңсыз аулаушылардың толастамай отырғаны алаңдатады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті республикалық «Зоология» институтымен және Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығымен бірлесе өткізген жиында еліміздің барлық аумағында көктемгі аң аулау кезінде жабайы құстарды аулауға тыйым салу мәселесі талқыланып, пысықталғаны белгілі. Осы орайда аң аулаудың барлық жануарлар топтары үшін айрықша алаңдаушылық тудыратынын ескере отырып, аталған ғылыми және қоғамдық ұйымдар тарапынан көктемгі ұя салуы кезеңінде құс атуға тыйым салынуына бірауыздан қолдау білдірілді. Көктемгі аңшылыққа тыйым салу жабайы құстар санының өсімін сақтап қалуға да мүмкіндік береді. Соңғы 10-15 жылда еліміз бен көршілес мемлекеттерде жабайы құстардың саны едәуір азайғаны да белгілі болып отыр. Бұл дерек кім-кімді болсын бейжай қалдырмас деген ойдамыз. Қоршаған орта – табиғатымызды шырышы бұзылмаған күйінде сақтап, қорғап, кейінгі ұрпаққа аманаттап кету біздің әрқайсымыздың азаматтық парызымыз емес пе?! Осы жағы әр кезде де есте болса дейміз.

Жәнібек САРЫБЕКОВ,
облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Ормандарды қорғау жедел қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support