- Advertisement -

Бастамалардың игілігін күтуде

118

- Advertisement -

Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі көптеген әлеуметтік мәселелердің шешімін көрсетіп берді. Бүгінде осы бастамалар негізінде ауқымды жоспарлар әзірленіп, нақты шаралар қолға алынуда. Осы жұмыстардың барысын тұрғындарға түсіндіру мақсатында өңірімізге іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаттарынан құралған ақпараттық топ түрлі саланың мамандарымен жүздесіп, жұртшылықтың өтініш-тілектерін тыңдады.

«Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы «Достық» үйінде өткен келелі кездесуде Парламент Мәжілісінің депутаты Шакир Хахазов өңірдегі этномәдени бірлестіктер төрағалары және аналар, ақсақалдар, қоғамдық келісім кеңестері мүшелерінің ой-пікірлерін тыңдап, әлеуметтік бастамалардың тиімділігі туралы әңгімелесті. Жиынды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Маржан Қожаева жүргізіп отырды.
Үндеудегі тұжырымдардың қай-қайсысы да кезегін күткен мәселелерді сараптап, оны шешудің ең тиімді жолын ұсынады. Бұл бағыттар – қазіргі атқарылатын міндеттер мен елдің тұрмыс ахуалының жақсаруының нақты тетіктері. Елбасының әлеуметтік бастамаларының түпкі мәні осында. Мәжілісмен Ш.Хахазов осыған тоқталып, Үндеудің ел игілігі жолындағы тиімділігін түсіндірді.
– Президент Н.Назарбаев қазақстандық әр отбасының баспанаға қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесін алдымен қозғауында үлкен мән бар. Тұрғындарға берілетін несиенің өсімін 7, алдын ала төлемді 20 пайызға дейін азайтып, өтеу мерзімін 25 жылға дейін ұзарту баспанаға қол жеткізудің жолын жеңілдетері анық. Ал 2019 жылдан бастап салыстырмалы түрде төмен жалақы алатын жұмысшылардың табысын көбейту үшін салық жүктемесін он есеге азайтып, 1 пайызға түсіру – әлеуметтік теңдік орнатудың бір жолы. Сондай-ақ Мемлекет басшысы оқу грантының санын арттырып, оның сапасын көтеру қажеттігін ескертіп, шағын және орта бизнеске дем беріп, жаңадан бизнес бастағандарға қолдау көрсету үшін жеңілдетілген шағын несие беру жолдарын қарастыруды тапсырды. Ал бесінші бастама ретінде еліміздің орталық және солтүстік аймақтарына газ тарту керектігін айтты. Мұның бәрі бүгінде қолға алынып, жоспарлы жобалары дайындалуда, – деді Мәжіліс депутаты.
Өз кезегінде жиынға қатысушылар мәжілісменге ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ олар Елбасы бастамаларын қолдап, орындалуын асыға күтетінін айтты.

Жанғазы АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support