- Advertisement -

Қосымша жиырма үйдің құрылысы басталады

132

- Advertisement -

Парламент Мәжілісінің депутаты Роман Ким өңіріміздегі жұмыс сапарын «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы «Достық» үйінде этномәдени бірлестік басшылары және өкілдерімен кездесуден бастады. Халық қалаулысы өз сөзін Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінен бастады. Ол бастамадағы барша қазақстандықтарға арналған әлеуметтік жеңілдіктер мен игіліктерді тілге тиек етіп, оның мән-маңызына, жүзеге асыру жолдарына тоқталды.

– Елбасының 5 бастамасының бірінші бағыты бойынша жасалатын жұмыстар аймақтағы құрылыс нарығына үлкен серпіліс әкеледі. Кеше біз облыс әкімі Асқар Исабекұлымен кездесіп, мән-жайға қанықтық. Қазір облыс орталығы және аудан әкімдіктерінде 21,0 мыңнан аса азамат пәтер кезегінде тұр. Жеңілдетілген несие тетіктері іске қосылғаннан кейін бұл адамдардың баспаналы болуға деген мүмкіндіктері артады. Үй салу қарқынды жүргізілгенімен, оның бағасының тұрғындарға қолжетімді болуына қатысты үнемі мәселе туындайтын. Өйткені адамдардың ипотека мен несиеге қол жеткізуі қиын болғаны жасырын емес. Ал Елбасы ұсынған «7-20-25» бағдарламасы арқылы жамбылдықтардың да өз арманына қол жеткізуге жол ашылады. Бағдарлама аясында өңірде қосымша 20 үйдің құрылысын бастау жоспарланып отырғанын білдік, – деді Р.Ким.
Халық қалаулысы Елбасы ұсынған бағыттар ішіндегі жалақысы төмен жұмысшы, қызметкерлерге салықтық жеңілдіктер жасауды қарастыруға орай берілген тапсырмасы аймақтардағы өзекті мәселелердің бірі болғанын да жасырмады. Ол өңірлердегі орташа айлық жалақының айырмасы әлеуметтік жағдайдың теңгеріміне әсер ететіндігін, енді Президент ұсынған салық жеңілдігі аз жалақы алатын жұмысшылардың табысын арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.
– Өңірдегі өзін-өзі жұмыспен қамтитын адамдардың қарасы әжептәуір. Айлық табысы орташа көрсеткіштен аспайтын олар үшін де үміт оты тұтанды. Мемлекет басшысының «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасы да өңірдегі бірқатар өзекті мәселенің оң шешілуіне ықпал етпек. Білім гранттарының көбеюі оқуға ынталы жастардың көңілін бір демдесе, студенттердің жатақханамен қамтылуға қатысты мәселесінің шешімін табуы оларды қанаттандырады, – деген мәжілісмен елдегі барлық ұлт өкілдерінің бірлігі мен достығына аса назар аударатынын жеткізді. Жиын соңында көпшілік сауалдарын жолдап, жауаптарын алды.
Роман Ухенұлы осы күні Қазақстан кәрістер қауымдастығының облыстық «Коре» кәрістер қауымдастығы» этномәдени бірлестігі өкілдерімен кездесіп, еркін әңгіме өрбітті. М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ұжымымен де жүздесіп, ондағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының жұмысымен танысты. Депутаттың жұмыс сапары екі күнге жалғасып, өңірдегі өзге де бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

Жанғазы Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support