- Advertisement -

Сана тазармай, сілкініс болмайды

169

- Advertisement -

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында өңірде жүзеге асып жатқан жұмыстардың нәтижесі қандай? Қазірдің өзінде қол жеткізген жетістіктер жоқ емес. Әр ауылдан шыққан белгілі кәсіпкерлер туған жеріне туын тігіп, шамасы келгенше қолдау көрсетіп жатыр. Бүгінгі таңда меценаттардың демеушілігімен жинақталған қаржы 3,1 миллиард теңгені құраған. Осымен шектелсек те бола ма? Әлде рухани сілкінудің басқа да жолдары бар ма? Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында осындай жайттар талқыға түсті.

Әуелі облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орын-басары Дауыл Бейсенқұлов хабарлама жасады. Ондағы деректерге сүйенсек, көңілге қонымды жұмыстар жоқ емес. Биыл 3,6 миллиард теңгеге (оның 3,1 миллиард теңгесі демеушілер есебінен) 78 жоба жүзеге асып, 53 іс-шара өтеді екен. Оның ішінде 34 жоба басқармалар мен оқу орындарының қолдауымен Таразда, 44 жоба аудандарда іске аспақ. Сондай-ақ облыста «Бір сәби – бір ағаш» акциясы жалғасын табады. Өңірімізде жыл сайын орташа есеппен 24-25 мың сәби өмірге келеді. Әр жылы осынша ағаш егілсе, жаман емес, әрине. «100 кітап», «100 жаңа есім» жобалары аясында да бірқатар шаралар өткізу жоспарланған. Астана қаласының 20 жылдығы мерекесі де назардан тыс қалмапты. Бұл орайда жақсы шаруалар баршылық. Алдағы сәуір айында Астанада 17 кітаптың тұсауы кесілетіні мәлім болды.
Осы сәтте облыс әкімі бірқатар ескертпелер айтып, өз ойын білдірді.
– Кәсіпкер азаматтар 3 миллиард теңгеге ауылдарға демеушілік жасап жатса, бұл – жақсы іс. Дегенмен ол кісілер жүргізетін құрылыстарға облыстағы құрылыс саласына қатысты басқармалар тарапынан қадағалау керек. Мәселен, бір кәсіпкер Шу ауданы Көктөбе ауылына 25 миллион теңгеге спорт зал саламын депті. Осы нысанның қаржысы қалай есептелді? Талапқа сай ма? Алдыңғы есептеулер бойынша спорт зал салу үшін 60-70 миллион теңге жұмсалатыны анықталды. Егер 25 миллионға салынған спорт зал талапқа сай болса, басқа нысанды да осындай жолмен салуымыз қажет. Облыста 38 мектепте спорт зал жетіспейді. Одан кейін «Бір сәби – бір ағаш» акциясы қолайлы ма? Бұл атау құлаққа жақсы естілгенімен, сәби өмірге келмесе ағаш екпейміз бе? Оңтүстікте тұрамыз, табиғатымыз тамылжып тұр. Таразды жасыл желекке орап тастауымызға болады ғой. Тал-дарақ егуге 5 мың гектар жер қарастырсақ та артық емес. Менде бір ой бар. Мектептің алғашқы сыныбына барған бала білім ошағының ауласына бір көшет егіп, күтімге алса, ол мектеп бітіргенше мәуелі талға айналар еді, – деді өңір басшысы. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов мектептердің аумағы тар екенін, ол үшін тал егетін арнайы орындар қарастыру қажеттігін айтты.

Кейін жазушы-драматург Елен Әлімжан өз ойын білдіріп, Елбасының бағдарламалық мақаласы екі бағытқа жетелейтінін, ол прагматик (іскер адам) және патриоттық бағыт екенін, осы жиында көбінесе отаншылдық тұрғысынан ой сабақталып отырғанын айтты. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков жастарды туған жерін сүюге тәрбиелейтін арнайы пәндер жоғары оқу орындарында да өткізіліп жатқанын айтып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жастар сарайында» студенттер үшін ай сайын қоғамдық лекция өткізілетінін тілге тиек етті. Ал Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов аудандардан келген жобалар өңірлік сараптама кеңесінде қаралып, 102 жобаның 10-ы ғана қаржыландыру үшін облыс әкімдігіне ұсынылғанын сөз етті. Содан соң «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірлік офисі қолайлы жерге көшірілсе деген ұсынысын жеткізді. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Өлкетану» оқулығы дайындалып жатқанын, алдағы қыркүйекке дейін жазылып бітсе, 5, 6, 7, 8-сыныптарға факультативті пән ретінде оқытылатынын, бұған қажетті қаражат жеткілікті екенін мәлімдеді. Облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова тарихи орындарға мектеп оқушыларын, сырт облыстардың білім алушыларын көп тарту қажеттігін көтеріп, әкімнен осы мақсатқа 17 миллион теңге қаражат бөлдіруге ықпал етуін өтінді.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жиынды қорытындылап, «Рухани жаңғыру» сананың сілкінісі екеніне тоқталып, барлық оқу орындарында, балабақшаларда ұлттық құндылықтарға, жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беру керектігін алға тартты. Бірнеше аудан жастарын жинап, өңір тарихын танытуға бағытталған кеңестер, интерактивті сабақтар өткізу қажеттігін ескертті. Мәселен, Шу ауданына Жуалының, жуалылықтарға Қордайдың тарихын таныту оң нәтиже беретінін сөз етті. Өңір басшысы алдағы уақытта мұндай ауқымды шараға қоғамдық бірлестіктерді, ардагерлер кеңесін қатыстыру қажеттігін, жас ұрпаққа дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді кеңінен дарытып, отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге тиіс екенімізді жиналғандардың назарына салып, мұндай келелі кеңестер алдағы уақытта да өтетінін еске салды.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support