- Advertisement -

Маңғаз Махан

195

- Advertisement -

Міне, «Талдыөзектен Қозыбасыға дейін…» атты кітапты оқып шықтым. Авторы – ҚазМУ-дың Журналистика факультетінде бірге оқыған курстасым Маханбетәлі Дүйсебаев. Біз оны «Махан» деп атайтын едік. Осы мақаламда да ол жөнінде сол үйреншікті Махан есімі­мен әңгіме сабақтасам деймін.

Кітапқа оның журналистік жазбалары топтастырылған екен. Оларда жеке-жеке тұлғалардың тағдыр-талайы, еңбек жолдары, шаруашылық-экономика, елді мекендердің өркендеуі жан-жақты қаузалған. Әр жазбасын қағазға түсіруде үлкен жауапкершілікті сезінгендей. Мәселен, «Ақылман абыз аға» деген очеркінде әкесінің баласына «Шырағым, әлденеге күпті болып жүрсің-ау, ондай көлденең сөзге алаңдай берме. Көрінген итке кесек лақтырам деп жүргеніңде ісің өнбейді. Екінші айтарым, өз ақылыңмен жүр. Кісі ақылы кедір-бұдыр. Бірде жаққанымен, бірде жарға жығады. Үшіншіден, ер жігітке тәуекелшіл болған жарасса керек, бірақ тәубеңді ұмытпа» деуінде немесе «Сүрінгенін сүйеп, жығылғанын тұрғызып, қатарға іліккенін қалдырмаған. Мұнысын «мен солай жасап едім» деп және бұлдамайды. Ол кісінің кредосында жақсылық қай уақытта да жасалуға тиіс» деген сөйлемдер кездеседі.
Осы сияқты «Бай жігіт неге жылайды?» деген шағын мақаласында «Рас, отыз жыл дүние қудым. Жетіп-артылады. Сонда да «Осы мен кіммін?!» деген сауал соңғы кездерде кеудемді кеулеп кетеді. Бір тәннің бойында екі жан жүргендей сезінем. Екеуі алысып жатқандай күй кешем. Соны сезінген сайын үгілем… Басы ашық жай – баю қолымнан келетінін дәлелдеп шықтым. Бірақ менің мүмкіндігім осы ғана ма еді?» деген бай жігіттен оқырман – біздер үміт үзбейтін де сияқтымыз. Бұл монологта автор ауылда туып-өскен, адами қасиетті бойына жия білген жігіттің байлық жолында өзін жоғалтып алғанын баяндайды. Жоғалтпай не, егер кейіпкеріміз «Шынын айтсам, тәуекел деп екі иығымды жұлып жеп, іске кірістім. Сөйтіп, жағындым-жалпайдым, кішірейдім-үлкейдім, өтірік-өсек боран болып ұйытқиды, жұлып-жұлқыдым, мақтадым-мақтандым, мазақтап та кеттім» деп тұрса. Дегендей-ақ, барлығы бүгінгі күнделікті тіршілікте кездесетін, ой салатын таныс көріністер. Автор осыны, тоқсаныншы жылдардан үрдіс алған дүниеқоңыздық тірліктің талай адамды тура жолдан тайдырып, опық жегізіп, игі мақсат, ақ армандарын ұмыттырғанын санаға мысқылдап сіңіретіндей.
Мұндай шұрайлы сөйлемдер аталмыш кітаптағы жиырмадан аса мақала-очерктерде, өзге де жазбаларында көптеп кездеседі. Тек айтпағымыз, ақын-жазушы немесе журналист мамандығын игеруде адамдардың ата-әжесінің тәрбиесінен өтудің ықпалы зор болатындай. Олай дейтініміз, Маханның бір естелігінен «…Дүйсебай атам мен Дүртай жеңгемнің бауырында өстім. Олар тұңғыш немересі – менің үстімнен шыбын ұшырмады. Әсіресе апамның мен дегенде мейірімі ешбір өлшемге сыймайтын… Жаз кезінде жылжымалы қондырғылар аулада кино көрсетеді. Төменгі сыныпта оқитын мен де кино көруге барамын. Апам болса көрермендерден алыс жайғасып, мені сыртымнан бақылайды. Қыс айларында ат суаруға кетем, онда да апам құдық басының көк айдын мұзында қайтіп су тартар екен деп, маған анадайдан қарап тұрушы еді» деп жазғанын оқыған едім.
Осынау лирикалық көріністерді жазып отырған Маханның студент кезіндегі сөзінен, жүріс-тұрысынан бекзаттық пен қатып семген, керзіленген ережелерді елемейтін, қариялардың қолында өскен балаларда байқала беретін ерке-бұлаңдықтан ауысқандай көрінетін еркіндікті сезінуші едік. Оның кейде студенттік ортада кеу-кеулесең «Аққұм» әнін нәшіне келтіріп шырқайтын өнері де бар-ды. Бұл жөнінде курстастары күні бүгінде де «Махан жатақханада «Аққұм» әнін жаңғырта салғанда ақ бас Алатау сілкінгендей болатын» деп еске алады. Ондай сәттерде қатарлары қалжыңдап, «Жаса, Махан сері» деп те қалатын. Сондайда ата мен әже тәрбиесі мейірім шуағын төгумен бірге немерелерінің бойы мен ойына бекзаттық пен еркіндікті еккен-ау дейсің. Әлдеқандай көне сөз тіркестерін жаза қалса, оны сол ата мен әжеден «көшіретінін» Маханның өзі де мойындайды. Бірақ ол кісілер немерелерінің жазуы шынайы да кірпияз журналист болуына жол салып кеткендерін білген жоқ. «Ерке болып қайтер дейсің. Асау құлыннан айтулы ат шығады» деумен дүниеден өтті.
Ал Маханның 1976 жылдан басталатын журналистік еңбек жолы тұтастай Жамбыл облысына арналды. Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық телерадио хабарларын тарату комитетінде редактор, «Қаратау кеншісі» газеті редакторының орынбасары, ал 1990-1995 және 2002-2011 жылдары облыстық «Ақ жол» газетінде тілші, жауапты хатшының орынбасары қызметтерін атқарып, құрметті еңбек демалысына шықты.
Жалпы, Махан туралы курстасы әрі досы, өр мінезді, талантты ақын Нарша Қашағанұлының кезіндегі: «Маңғаз Махан, сырлы сұлу «Махан сері» жігіттің сұлтаны дерлік жібі түзу жігіт еді. Екеуміздің кейбір қырларымыз бен сырларымыз үйлескендіктен бе, сол кезде-ақ сәлеміміз түзу болды… Кейінгі өміріміздегі сырластығымыз бен сыйластығымызға әлі сызат түскен жоқ. Бүгінгі Махан баяғы жатақхана коридорында жалғыз өзі ғана жүретін «батыр» емес. Қыздан зият, зиялы, сындырған нандай сыпайы, сырбаз, кісі ағасы» – дегенінен артық жеткізе алмаспын.
Менікі мынау көркімен жеткен көктемде ол бүгін жетпіске келіпті дегенді естіген соң, өткенді ойға оралтқан жайлар ғой. Ал жетпіс – қарттық жас деуші еді… Япыр-ау, еш қарттыққа қимайтын адамдар да болады екен-ау! Ендеше, сен соның бірісің, Маханбетәлі. Кісі ағасы болған жасың құтты болсын! Жетпісте де қаламыңның желі үзілмесін.

Айгүл Асылбекова-Нөкербаева,
журналист

Алматы қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support